26 Қаңтар, 2017

Жұмыс тобының алғашқы отырысы

361 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру бойынша жаңартылған құрамдағы Арнайы мониторинг тобының алғашқы отырысы өтті. Айта кетейік, аталған топтың жаңартылған құрамына Мәжіліс депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың, Бас прокуратура, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен БАҚ өкілдері және әлеуметтік желіні белсенді қолдану арқылы қоғам арасында кеңінен танымал болған азаматтар қабылданған болатын. Кеңестің күн тәртібінде еліміздің 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру жөніндегі 2015-2017 жылдағы іс-шаралар жоспарының орындалуы жайы талқыланды. «Қазақстанның азаматтық альянсы» ЗТБ президенті әрі Арнайы мониторинг тобының жетекшісі Н.Ерімбетов сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын мемлекеттік органдармен орындау процесі жыл соңына қарай аяқталатынын атап өтті. «Бүгінге дейін атқарылған 40 іс-шараның орындалу мо­ни­торингімен танысып шыққан тәуелсіз сарапшылар Агенттіктің іш­кі бағалауына келісім білдіріп, оның объективтілігінің мойын­далатынын мақұлдағаны жөн секілді. Өйткені, жақын күндері жұмыс тобының сыртқы баға­лау қорытындылары Премьер-Министрдің Кеңсесіне бағыт­талады деп жоспарланған», – деді Н.Ерімбетов. Сонымен қатар, жиында онжылдыққа арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының тармақтарын бағалау бойынша ұсынылған позицияларды Ұлттық экономика министрлігі департаменті директорының орынбасары В.Бусс та оң бағалады. Сөйтіп, топ мүшелері талқылаудан кейін өткен жылы жоспарланған 41 іс-шараның біреуінен өзгесі толық орындалды деген пікірге тоқтады. Ал жиынды қорытындылаған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары А.Шпекбаев егер іс-шаралардың дәреже-деңгейі орындалған, орындалмаған немесе жартылай орындалған болып белгіленсе, мемлекеттік органдар 2017 жылы мониторинг тобына өз есептерін ұсынатынын айтты. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»