***
Таңертең жұмысқа шығып бара жатсам екіге енді аяқ басқан балам етегіме жабысып жылайды, қалғысы келмейді. Дәл осы кезде дәл осындай кезім есіме түседі. Әкем сыртқа шығып бара жатса, мені де ала кетсе екен деп соңынан жүгіруші едім. Сүріне-қабына табалдырықтан аттай бергенімде бір қуатты қол екі қолтығымнан ала артқа қарай көтере жөнелетін. Екі аяғымды тыпырлатып шыңғырып-шыңғырып жіберуші едім. «Шіркін-ай, ерте кетсе ғой...» деген арман өксікпен ғана тарқайтын. Енді қазір есікке келіп етегіме жабысып тұрған баламды бір қуатты қол қолтығынан көтеріп арғы бөлмеге апара жатқандағы шыңғырып жылаған дауысынан алыстап бара жатып, тура сол баяғыдағы өзімді көргендей болам...***
5 жасар қызым күнде жатардан жарты сағат бұрын «Әке, өз орныма ертең жатам, бүгін сіздің қасыңызға жатайыншы» деп қыңқылдайды. Мен де осындай кезімде әпкем, ағам, інім бар (арамыз бір-бір жас еді) бәріміз әкеміздің қасына жатуға таласатынбыз. «Кеше сен жаттың, бүгін менің кезегім!». Әкем: «Ал көзімді жұмып сан санаймын, қайсысы бұрын өз орнына барып жата қалар екен?» дейді. Бір-екеуіміз барып жата қаламыз. Әкем басын көтеріп қарап алып, мақтайды. Дегенмен... орнына барып жатпай қасында қалып қойған бір-екеу бар ғой, «әне, анау кетпепті...» деп ернімізді үшкірейтіп қайта келіп қатарға қосыламыз. Ең соңында «аяқ жағыңызға, аяғыңызға жастық боп жатайыншы» деп жалынатынбыз...***
Бала күнімде тісім көп ауырды. Түн ішінде зар қақсатады. Әкем тұзбен шайғызып, анау-мынау ем-дом жасайды. Аздап басылғандай болады. Кейде қасыма әкеліп білте шамды жағып қойып өзі де отырады. Солқылдатып тұрған тісім кішкене саябыр тапқандай болады сол кезде. Ал менен бұрын өзі ұйықтай бастаса, тісім қақсап бара жатқандай сезілетін. Оны деңіз, жалпы тіс ауру күндіз басылып түнде қозады ғой, ал менің тісім күндіз әкем үйде болса ғана ауырмай жүреді де, бір жаққа кетуге ыңғайланса сыздап қақсай бастайды, кәдімгі шын қақсай бастайтыны анық есімде. Көз де боталай бастайды ол кезде... Қызық, уайым ба, ем-дом жасайтыны ес бола ма екен, бірдеңе деп анық түсіндіру қиын. Енді биыл бірінші сыныпқа барған ұлым дәл өзім болды. Тісі қақсайды. Мен маңында болсам, сәл де болса басылып қалады. Мен сыртқа шығуға ыңғайлансам тісі қайта зырлап қоя беретін секілді, ыңқылдап тұрып ауыра бастайды. Жәудіреп, көзі боталап...***
Айға жуық бір сапарда жүріп балаларды қатты сағынғаным бар-ды. Сол кезде ойладым, «Е-е-е, әке-шешеміз бізді осылай сағынады екен ғой» деп. Орта мектепті ауданнан оқып, ары қарай күтіп алар еш туыс жоқ шекара аттап кеткен бізді қанша түндер уайымдады екен? Жастық желік, тіршілік ағысы, жұмыс бабы, одан қалды өз отбасы күйбеңімізбен болып ата-анамызды жиі ойлауға, сөйлесуге, баруға уақыт таппай жатамыз ғой. Сыртқа әбден бой үйретіп алған өз басым ол кісілерді өте қатты сағынбағаныммен, олардың мені қатты сағынатынын сол кезде толық түйсіндім. Сол үшін де о кісілерге жиі хабарласып тұру керек деп ойладым, сол кісілердің мәңгі сарқылмас, ерекше сағыныштары үшін... Ұларбек Нұрғалымұлы, «Егемен Қазақстан» Сурет: moldir-bulak.kz-тен алынды