28 Қаңтар, 2017

Батыржан Жүкембаев: Олимпиадаға қатысатын сәтті күтуге шыдамым жетпеді

345 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
batyr Қазақ бокс мектебі бүгінде әлемдегі ең мықтылардың қатарынан саналады. Оған көз жеткізу үшін сауалнама жүргізіп, мамандардан пікір алудың еш қажеті жоқ. Еліміздің боксшылары жетістіктерімен әлемді әлдеқашан мойындатып қойған. Кәсіпқой бокста да қазақтардың саны да көбейіп, нәтижелері де жақсарып келеді. Солардың бірі Канада елінде жаттығып, жекпе-жек өткізіп жүрген кәсіпқой боксшы – Батыржан Жүкембаев. Жамбыл облысының тумасы бүгінге дейін 7 кездесу өткізіп, алтауында қарсыласын мерзімінен бұрын жеңсе, біреуін ұпай саны бойынша ұтты. Осы жексенбі күні Жүкембаев Монреаль қаласында мексикалық Давид Ранхельмен жекпе-жекке шығады. Кездесу алдында Батырмен әңгімелесудің сәті түскен еді. - Батыр, сұрағымызды соңғы өткізген жекпе-жегіңнен бастасақ. Нәтижеге қарасақ, сен үшін қиын болған секілді. Қарсыласың да өте тәжірибелі. Жекпе-жек туралы толық айтып берші? - Соңғы жекпе-жегім өте жоғары деңгейде өтті. 8 раундқа жоспарланған еді, соңына дейін жұдырықтастық. Мануель Марез өте тәжірибелі, шыдамды боксшы екен. Бірінші раундтан соңғы раундқа дейін соққының астына алсам да нокаутқа жібере алмадым. Бірақ 8 раунд бойы жанкүйерлерге өзімнің жақсы қырларымды көрсете алдым деп ойлаймын. Бұл жекпе-жек маған тәжірибе берді. Үлкен кездесулер алдында өзімді бір тексеріп алдым десем де болады. Ұпаймен жеңгенімнің өзі үлкен жеңіс деп есептеймін. Жалпы, мексикалық боксшылар шыдамды келеді. Осыған дейін 5 мексикалық боксшымен жұдырықтасыппын. Барлығы дерлік лайқты қарсылық көрсете алды. - Кәсіпқой бокстағы нокауттарыңды көрген жанкүйерлер әлеуметтік желілерде сені Геннадийдің болашақ ізбасары деп жатыр. Қателеспесем, әуесқой бокста да нокаутер болдың емес пе? - Әуесқойлар арасында нокаутер болдым деп айта алмаймын. Шама-шарқымша жұдырықтастым, жеңуге тырыстым. 2010 жылы ел чемпионатында үшінші орын алып, ұлттық құрама сапына алынғанмын. Бірақ елі іші болмаса, сырттағы халықаралық ірі турнирлерде топ жара алмадым. Рас, кәсіпқой бокста жанкүйерлер танып, әлеуметтік желілерде өздерінің тілектестігін білдіріп жатыр. - Әуесқой бокста қалып, әлем чемпионатына немесе Олимпиада ойындарына қатысуға неге тырыспадың? - Ұлттық құрамада бірінші нөмір немесе екінші нөмір болмаған соң 4 жылда бір келетін Олимпиаданы немесе 2 жыл сайынғы әлем чемпионатын күтіп жүре беру үлкен шыдам керек. «Генерал болуды армандамаған солдат – солдат емес» дейді ғой, сол секілді Олимпиаданы бағындырғысы келмейтін боксшы жоқ. Барлық боксшының арманы – Олимпиада чемпионы болу, еліміздің көк туын көкке көтеру. Бірақ ұлттық құрамада бірінші нөмір болмасаң, бәрі бекер. Маған әуесқой бокста шыдам жетіспеді. Сондықтан кәсіпқой боксқа ауысуға шешім қабылдадым. - Кәсіпқой бокстағы карерьараңды неге АҚШ-та, Еуропада емес, Канада елінде бастадың? Жалпы, басқа шет елдерден ұсыныс түсті ме? - Негізі, әуелгі ойым АҚШ-қа бару болатын. Қанша дегенмен кәсіпқой бокстың қызып тұрған нағыз ортасы ғой. Сол жақтың промоутерлерімен сөйлесіп, визамды да реттеп, АҚШ-қа бару ниетінде жүргем. Сол арада Канададағы «Eye of the Tiger Manegement» промоутерлік компаниясынан ұсыныс түстіп, әуесқой бокстағы видеоларымды сұратты. Барлығын жібердім, өздері қарап, саралап, соңында маған ұсыныс жасады. Келісімшарттың барлық пункттері көңілімнен шықты. Көп ойланбастан келісім беріп, промоутер Камиль Стефан ұсынған келісімшартқа қол қойдым. Ешқандай көрілімде, қаралымда, спаррингте болмай, бірден келісімге отырдық. Бар себебі осы. Құдай қаласа кәсіпқой бокста Геннадий Головкин секілді әлем чемпионы болып, барлық белбеуді иеленгім келеді. - Кәсіпқой бокста «777» деген лақап танылып келе жатсың ғой? 777 саны қандай мағына береді? - Әлем халықтарының көпшілігі қашаннан жеті санын кие тұтады. Ата-бабаларымыз да жеті санын қасиеттеген. Мысалы, бала кезімізде анам 7 шелпек пісіріп, көршілерге тарататын. Әкем, жеті атасын білмеген жетесіз деп, жеті атамды жаттатқызды. Мектепте тарих сабағынан XVI ғасырдағы Әз Тәукенің «Жеті жарғысын» оқыдық. Айта берсек мысал көп қой. Осыдан кейін жеті санының касиетін түсіне бастадым. Ұялы телефонымның нөмірін жеті санымен байланыстырдым. Көлік алғанда 7 саны бар нөмір іздедім. Сол секілді, өмірімнің көп тұсы жеті санымен байланысып кетті. Кәсіпқой боксқа ауысар тұста өзім құрметтейтін, сыйлайтын ағаларыммен дастархандас болып қалдым. Әңгіме арасында сол кісілер кәсіпқой бокста үш жеті лақап атымен шықсаң қалай болады деп ұсыныс тастады. 7 санын әуелден қастерлейтін маған бұл ұсыныс таңсық болған жоқ. Бірден келісе кеттім. Сөйтіп, ағаларымның ұсынысы мен өзімнің қалауым арқасында кәсіпқой бокста «777» атымен таныла бастадым. - Канада халқының өмір салты, спортқа деген қызығушылығы қалай? - Канаданың Квебек қаласында тұрып жатқаныма бір жарым жыл боп қалды. Бұл жақта бәрі жақсы. Адамдары да біз секілді қонақжай, бөтенсімей жақсы қабылдады. Сол үшін оларға алғыс айтамын. Біраз жаңа достар таптым. Біздің елде нөмір бірінші спорт бокс болса, канадалықтар үшін – хоккей спорты. Хоккей жақсы дамыған. Спортқа деген көзқарастары да жақсы. Меніңше, Канадада хоккей нөмір бірінші спорт болса, екінші орында кәсіпқой бокс деп есептеймін. Өйткені, біз өткізген жекпе-жектерге жанкүйерлер көп жиналады. Қызығушылық өте жоғары. - Бүгінге дейін кәсіпқой бокста 7 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеттің. Өзіңді толыққанды кәсіпқой боксшы ретінде сезініп үлгердің бе? - Аллаға шүкір,  бүгінге дейін 7 кездесу өткіздім. Өздеріңіз көріп, біліп отырғандай жеті кездесудің алтауын нокаутпен ұттым. Қазірше нәтижем жаман емес. Алдағы уақытта да жеңістеріммен қазақ елін қуантамын деген үміттемін. Соңғы 2-3 жекпе-жектен бастап, өзімді кәсіпқой боксшы ретінде сезініп, кәсіпқой боксқа төселіп келе жатырмын. - Кәсіпқой боксты енді бастаған сен үшін бірден әлем экс-чемпиондары Давид Лемье, Жан Паскальмен бірге жаттығу үлкен тәжірибе шығар? - Оныңыз рас. Қазір Жан Паскальмен бір жаттықтырушының қоластында жаттығамын. Жаттығу барысында Жан Паскаль тәжірибелерімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін беріп тұрады. Әлемдік деңгейдегі боксшылармен бір жерде жаттыққаның өзі адамға сенім ұялатады және алға қарай ұмтылуға құлшыныс пайда болады. - Жалпы, кәсіпқой боксшылар қалай жаттығады екен? 1 күндік жаттығуың қалай өтеді? - Әуесқой бокс пен кәсіпқой бокс жаттығуларының айырмашылығы баршылық. Кәсіпқой боксшылар әдеттегідей күніне 2 мезгіл жаттығады. Дүйсенбі-жұма күндері екі мезгіл, сенбі күні бір мезгіл жаттығамыз. Жексенбі – демалыс күні. Әр жаттығуымыз 3-4 сағатқа созылады. Бір ерекшелігі, екі жаттығуды екі бөлек бапкер өткізеді. Таңертең физикалық жаттығуға көңіл бөлеміз, кешкі жаттығуда жеке бапкерім Стефан Ларушпен бірге «лапа» ұрамыз, қап соғамыз, спарринг-жаттығу жасаймыз. - Қарсыластарды қалай таңдайсыңдар? Сенің ойыңмен, пікіріңмен менеджерің санаса ма? - Менеджерім Анна Рева Қазақстанда туған.  Бір-бірімізді түсінісіп жұмыс істеп жатырмыз. Жекпе-жек алдында қарсыластарды таңдауда менің үлесім қанша пайыз екенін айта алмаймын, дегенмен әр қарсыласты таңдайтынның алдында Анна маған олардың дәрежесін, деңгейін айтып, менің пікірімді сұрап тұрады. Рейтингтік жекпе-жектердегі қарсыластарымды таңдауға көп араласа бермеймін. Болашақта белбеулер үшін өткізетін жекпе-жекте қарсыластарды таңдауға өзімде араласып, ойымды айтатын боламын. - Әлемдік boxrec.com сайтында өз салмағың бойынша (63,5 келі) қазақ боксшылары арасында бірінші, әлем боксшылары арасында 153 орында тұрсың. Құрлықтық белбеулерге (wba, naba, wbo-nabo, intercontinental ) шығуға қаншалықты мүмкіндік бар? - Құдай қаласа соңғы 1-2 жекпе-жектен соң қай тұжырым бойынша белбеулерге шығатыным белгілі болады. Соңғы 2 жекпе-жектің нәтижесіне қарап, нақты бір шешімге келеміз. Асығыстық жасаудың қажеті жоқ. Жақында ғана бұл туралы промоутеріммен сөйлесіп, ақылдасқан болатынбыз. Белбеу үшін жекпе-жек өткізетін күнің ауылы да алыс емес. - 29 қаңтарда өтетін жекпе-жекке дайындық қалай жүріп жатыр? Қарсыласыңды толық зерттеп үлгердің бе? - Жаттығу ойдағыдай жүріп жатыр. Физикалық жаттығудан бөлек, күн сайын спарринг-жаттығу өткіземіз. Бапкеріміз екеуміз қарсыласымның видеосын көріп, талқылап, жоспарымызды құрып үстіндеміз.   Батырдың бұл жолғы қарсыласы мексикалық боксшы Давид Ранхель 1993 жылы туған. Кәсіпқой бокстағы дебют кездесуін 2012 жылдың 11 тамызында өткізіп, техникалық нокаутпен ұтқан. Соңғы кездесуін 2016 жылдың 16 шілдесінде өткізіп, ұпай саны бойынша жеңіске жетті. Бүгінге дейін Давид Ранхель жалпы 16 мәрте рингке шығып, 12 рет жеңіске жеткен, 4 рет жеңілген. 8 қарсыласын нокаутпен ұтса, 2 қарсыласынан өзі нокаутпен ұтылған. BoxRec сайтының рейтмнгі бойынша 310 орында тұр. Батыр Жүкембаев пен Давид Ранхельдің жекпе-жегі Монреаль қаласындағы Bell Centre аренасында өтеді. Залдың сыйымдылығы – 21 273.   Сұхбаттасқан Әли Битөре