Парламент Мәжілісіндегі «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы мен жастардың «Бай-Барыс» интеллектуалдық клубының мүшелері бірігіп «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» Жолдауын жастардың көзқарасымен жаңаша талдаған дөңгелек үстел өткізді.
Мәжіліс депутаты Людмила Хочиева беташар сөз сөйледі. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Әлкей Марғұланұлы дөңгелек үстелге модераторлық жасады. Ол Қазақстан Республикасының халықаралық қоғамдастықтағы орны мен алдағы уақыттағы сыртқы саяси басымдықтарына ерекше тоқталып, оның ұлттық қауіпсіздікке, қоғамның дамуына, ең бастысы, мемлекетімізге әсері хақындағы сұрақтарға жауап ретінде «Сыртқы прагматизм – Қазақстан дипломатиясының негізі» деп аталатын тақырыпта баяндама жасады.
Еуразия ұлттық университетінің студенттері Асхат Атау «Экономикалық даму арқылы сапалы даму жолында», Мүсілім Хасенов «Әлеуметтік модернизация» деген тақырыптарды талдап сөйледі.
«2020 жылға қарай бағытталған ғылыми-технологиялық дамуды сапалы жүргізу үшін Еуропа елдерінде, Жапония, АҚШ, Қытай және Ресейде қызмет тәжірибесінде Форсайт әдістемесі қолданылып келеді. Форсайттың мәні «болашақ жайлы ойлануда» ғана емес, болашақты талқылауда, оның көрінісін қалыптастыру мен қабылданған үлгіге қол жеткізу жолында күш жұмылдыруда. Бұл үдеріске ондаған, жүздеген, мыңдаған адамдар тартылады. Қандай да бір экономика секторының дамуы, немесе қаладағы немесе облыстағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың іс барысы соларға байланысты. Бір артықшылығы – ешқандай сыртқы мәжбүрлеу күшімен емес, табиғи түрде бағдарланатын болады. Форсайт – қазіргі қоғам мүшелерін олардың жауапкершілігі арқылы сыпайы түрде «бірлесіп басқару».
Қазақстан өз экономикасында бәсекеге қабілетті әртараптандыру саясатын ұстануы қазіргі заман талабына сай келеді, алайда елдің мүмкіншілігін ескере отырып, перспективада қайтарымы мол болатын салаларға басты күш жұмсалуы қажет. Әлемдегі ірі экономика сарапшысы Майкл Портер Қазақстанның әлемде бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік беретін 5 басым саланы бөліп шығарды. Олар: мұнай химиясы, металлургия, мәшине жасау, туризм, атом энергетикасы.
Дөңгелек үстелге қатысушы Мәжіліс депутаттары мен клуб мүшелері баяндамашыларға сұрақ қойып, тақырыптарды кеңінен талқылады. Сондай-ақ дөңгелек үстелде жастар саясаты, таза ауыз су мен тұрғын үй мәселелері де сөз болды. «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» Жолдауын талдаған дөңгелек үстелге қатысушылар ұсынымдар қабылдады. Онда «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңды жетілдіру жайы да назардан тыс қалған жоқ. Бұл орайда ұлтты бәсекеге қабілетті ету бағытында тәрбиелейтін үлкен бағдарлама қажет екені де атап көрсетілді.