Жамбыл облысы әкімдігінде облыс әкімі К.Көкірекбаевтың қатысуымен жергілікті полиция жұмысын жандандыру мәселелері жөніндегі кезектен тыс VIII сессиясы өтті. Сессия жұмысында Жамбыл облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Б.Бейсеевтің «2016 жылдың 12 айлық қорытындысымен профилактикалық жұмыстарды ұйымдастырып жүргізудегі» жұмыс есебі тыңдалды.
Құқық қорғау саласын модернизациялауға байланысты Елбасы маңызды бағыттардың бірі екенін атап, өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап жергілікті полиция қызметін құрғаны белгілі. Өз сөзінде Б.Халилұлы Жамбыл облысының жергілікті полиция қызметі өткен жылдың 12 айында облыс аумағында қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды алдын алуда кешенді шаралар қабылдап жатқанын жеткізді. 12 айлық есеп мерзімінде облыс аумағында тіркелген қылмыстар саны 8,8 пайызға төмендеген. Сондай-ақ, көшелерде орын алған қылмыстар тек Тараз қаласы аумағында 4,3 пайызға, Сарысу ауданы аумағында 24,4 пайызға өскен. Жалпы алғанда Б.Бейсеев көшелерде жасалған қылмыстар саны 6,5 пайызға дейін төмендегенін айтты. Содан кейін Б.Халилұлы қоғамдық қауіпсіздік, жол қауіпсіздігі мәселелеріне де тоқталды. Сонымен қатар, жергілікті полиция қызметі азаматтардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қылмыстарды болдырмауда атқарылып жатқан шаралардан бөлек, негізгі төрт бағытта жұмыстардың атқарылуын қатаң бақылауға алған. Бірінші – мал ұрлығы профилактикасы, екінші – жалпы бөтеннің мүлкін ұрлау деректерін алдын алу профилактикасы, үшінші – әкімшілік аумақтарда деструктивті діни ағымдарды ұстанушыларға жүйелі түрде бақылау жүргізу және төртінші – 2016 жылдың 22 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президентімен «кейбір заңнамаларға енгізілген толықтырулар мен өзгерістер туралы» жалпы халыққа түсіндіру.
Ал Меркі ауданының әкімі М.Өмірбеков ауданда жасөқспірімдер арасындағы құқықбұзушылықты азайту, оларға жол бермеу мақсатында барлық орта мектептер бейнебақылаулармен толық қамтамасыз етілгенін, алайда ауданда 2016 жылдың 12 айында жалпы қылмыстық құқық бұзушылық 2015 жылмен салыстырғанда 0,2 пайызға жоғарылап отырғанын айтты. Бұдан кейін облыстық мәслихаттың депутаты Д.Есімбеков білім беру ошақтарының жанынан «Фаст-фуд» дүңгіршектерін орналастыруға шектеу қою керектігін жайлы ойын айтса, облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері, облыстық мәслихаттың депутаты А.Нұржанов құқықбұзушылықтың алдын алу және оны болдырмау туралы пікірін білдірді.
Хамит Есаман, «Егемен Қазақстан»
ТАРАЗ