28 Қаңтар, 2017

ОҚО-да медициналық құрал-жабдықтар шығаратын зауыт іске қосылды

554 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
1 Шымкенттегі «Тассай» индустриялды аймағында медициналық жабдықтардың 17 түрін шығаратын зауыт іске қосылды. «Marai E7 Group» жобасының ашылу салтанатына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, зауыттың жұмыс барысымен танысты. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады. Өңір басшысы облыс экономикасын әртараптандыру және кәсіпкерлікті дамытуда индустриялық аймақтардың маңызды рөл атқарып отырғанына тоқталды. «Аталған аймақтардың бірі – «Тассай» индустриалды аймағы. Жалпы аумағы 89 га құрайтын аймақта бүгінде 24 инвестициялық жоба іске асырылуда. Осы жобалардың бірі –  «Marai E7 Group» ЖШС-ның медициналық мақсаттағы ортопедиялық бұйымдар шығаратын зауыты. Жоба аясында облысқа 393 млн теңге инвестиция тартылып, 50 адам жұмыспен қамтылатын болады», – деді Жансейіт Қансейітұлы. Оңтүстіккореялық технологиямен жабдықталған кәсіпорында жылына 500 мың бинт пен 274 мың ортопедиялық бұйым әзірленетін болады. Зауыт өнімі түрлі сынық-жарақатта қолданылып, салмағының жеңілділігі, эластикалық иілгіштігі, рентген өткізгіштігімен және жылдам қатаюымен ерекшеленеді. ТМД елдері бойынша аналогы жоқ кәсіпорын Қазақстан нарығын толық қамтамасыз етуге қауқарлы. Айта кетейік, «Marai E7 Group» зауытының дайын өніміне сұраныс өте жоғары. Қазіргі таңда өндіріс орны Түркия, Өзбекстан және Қызғызстан елдеріне өнімдерін экспорттау мақсатында жұмыс істеп жатыр. Аталған кәсіпорын «СҚ-Фармация» ЖШС-мен 10 жылға ұзақ мерзімді келісімге қол қойып, бірлесе жұмыс істеуге уағдаласып отыр.