28 Қаңтар, 2017

Оңтүстік Қазақстанда Венгрияның өкілдігі ашылды

451 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
11 Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Венгрияның Сыртқы экономикалық байланыстар және Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Миклош Иштванды және Венгрияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Андраш Баранимен кездесті. Басқосуда тараптар екіжақты өзара тиімді ынтымақтастық мақсатындағы бірлескен жобалардың жүзеге асу барысын талқылады. Бұл туралы облыстың баспасөз қызметі хабарлады. «Тарихқа көз жүгіртсек, екі ұлт та кең далада тіршілік еткен. Сондықтан болар, венгр тілінде түркі сөздері көп кездеседі. Осының өзі біздің халықтардың ежелден тату қарым-қатыныста болғандығын аңғартады. Бұдан былай Отүстік Қазақстан облысы мен Венгрия елінің арасында сауда экономикалық, мәдени, гуманитарлық байланыстар нығая түсетініне сенімдімін», – деді Жансейіт Қансейітұлы. Аграрлық салаға бейім Оңтүстік Қазақстан облысы венгриялық инвесторлардың қызығушылығын тудырып отыр. Аймақ басшысы елшілік өкілдеріне осы артықшылықтар туралы жан-жақты баяндап берді. Кездесуде сөз алған Андраш Барани екі ел арасындағы саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени салада бірлескен жобалардың жүзеге асып жатқанын жеткізді. 12   «Бүгінде венгрлер Қазақстанға виза рәсімдемей-ақ келуіне мүмкіндік бар. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлік саласын дамытуға, іскерлік қарым-қатынасты нығайтуға зор мүмкіндік береді», – деді елші. Келелі кездесуден кейін екі тараптың қатысуымен Венгрияның Шымкент қаласындағы консулдығының ашылу салтанаты өтті. Жаңадан ашылған өкілдік алдағы уақытта екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтып, тауар айналымы ұлғайып, инвестиция тартуға да септігін тигізбек. Венгрияның Қазақстан Республикасындағы құрметті консулы болып «OTAU Group» компаниясының президенті, белгілі меценат Қайрат Молдасейітов тағайындалды. Венгрияның Сыртқы экономикалық байланыстар және Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Миклош Иштван Қайрат Молдасейітовке құрметті консул қызметін атқару патентін салтанатты түрде табыс етті. Сонымен қатар, екі елдің өкілдері құрметті консул декларациясына қол қойды.