28 Қаңтар, 2017

Қостанайда жоғары оқу орындары Елбасы үндеуін талқылады

353 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
IMG_6894  Облыс өңіріндегі оқу орындары 25 қаңтардағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына үндеуін талқылауды бастады. Соның бірі Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының профессорлық ұжымы мен студенттері Қазақстан Республикасы Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі үндеуіне орай дөңгелек үстел мәжілісін өткізді. Оған облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Кенеш Әлімжанов қатысып, ол Елбасының Қазақстан халқына үндеуінде айтылған мәселелер еліміздегі демократиялық үрдістер дамуының айғағы екенін айтты. Бұл Президент өкілеттіктерінің Үкімет пен Парламентке бөлінуі азаматтық қоғамның да белсенділігін қажет етеді, ал одан жастар тыс қалмауы керектігін тілге тиек етті. «Дөңгелек үстел» мәжілісінде институт проректоры Тілеген Ахметов, саясаттану ғылымдарының кандидаты Светлана Назарова, философия ғылымдарының кандидаты Айгүл Амантаева, студент Анастасия Пушкарева тағы басқалар шығып сөйлеп, Елбасы үндеуінде айтылған мәселелердің дер уақытында жүргізілгелі отырған реформа екенін айтты. IMG_6895 «Конституцияға, соған орай еліміз заңнамаларына өзгерістер енгізетін уақыт пісіп жетті. Негізінен, билік тармақтарына берілетін өкілеттіктер әлеуметтік-экономикалық сипатта. Олар Үкіметке, биліктің жергілікті атқару органдарына беріледі. Бұл өкілеттіктер тек қолға билік ұстату емес, ең алдымен жауапкершілік деген сөз. Ал саяси сипаттағы өкілеттіктер Парламентке беріледі. Бұл деген менің ойымша сайлаудағы бәсекені, сайлаушылар белсенділігін арттырады. Азаматтардың саяси белсенділігін жоғарылатады, заң шығарушы Парламент жауапкершілігін де нығайта түседі. Уақыт талап етіп отырған осы мәселелерді Президент өз Үндеуінде айтып берді. Мұны біз қолдаймыз», – деді қоғамдық пәндер кафедрасының доценті, саясаттану ғылымдарының кандидаты Светлана Назарова. Нәзира Жәрімбетова, «Егемен Қазақстан»