30 Қаңтар, 2017

Әділдікті кімнен күтеміз?

452 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
«Егемен Қазақстанның» әр санын бір бетін қалдырмай оқу – қашаннан бергі әдетім. Елең еткізер материалдар жиі шығады. Елу жылдан артық жаздырып алып оқып жүрген бұл басылым еліміздің түкпір-түкпірінде болып жатқан жаңалықтарды оқырмандарына жан-жақты әрі уақытында жеткізіп тұрады. Газеттің арнайы «Қоғам» бетінде «Жанайқай» айдарымен берілген Қайрат Әбілдиновтің «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» деген материалын оқып, қолыма еріксізден қалам алдым. Арыстай азаматтың қаныпезерлер қолынан қаза тапқаны жанға батады. Материалды оқып отырып біраз ойға қалдым. Осы біз «демократия», «зайырлы» деген ұғымдарды дұрыс түсініп жүрміз бе өзі?! Ата Заңымыздың 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. Адам ең қымбат қазына болса, оның құқықтары неге қолданылып жүрген заңдар бойынша қорғалмайды? Қырыққа да жетпеген қылшылдаған азаматты Аслан Сарбаев дегеннің өзімен тағы екі жігітті ертіп барып ұру себебі  неде? Айтпаса да түсінікті. Қасақана жасалған қылмыс. Заңға тағы да үңілейікші. Ата Заңымыздың 15-бабы 1- тармағында «Әркімнің өмір сүруге құқығы бар» деп жазылған. 2-тармағында «Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ» делінген. Жанболат марқұм Асланды танымаса, есікті ашар ма еді? Әрине, жоқ. Ішке таныған соң ғана кіргізген. Үш бала тәрбиелеп отырған Жанболаттың жазығы не? Балалары Арай мен Жалғасты жоғары оқу орындарында оқытып, екі жұмысты қатар істегені сол ұрпақтарының қамы еді ғой. Кенжесі Олжас үшінші сыныпта ғана оқитын көрінеді. «Адам ақылымен сымбатты, ұрпағымен қымбатты», – дейді дана халқымыз. Ұрпағымыз басты құндылық болғандықтан, Жанболат балаларым білімді болып өсіп, тәуелсіз еліміздің гүлденуіне үлес қоссын деп жүрді-ау. Кім еріккеннен екі жұмыс істейді? Қазіргідей ақшаның заманында бір жалақымен өмір сүру қиын. Басыңа тартсаң аяғыңа, аяғыңа тартсаң басыңа жетпейді. Білім алудың өзі ақшаға келіп тіреледі. Арманда кеткен Жанболаттың Олжасы бұғанасы бекіместен осындай қайғы мен әділетсіздікке тап болып жатса, оның қоғамға деген ой-пікірі қандай болып қалыптасады екен?.. «Осы қылмыстық істі үш тергеуші жүргізген» деп жазады Қайрат Әбілдинов. Әлгілердің бұл қылмысқа баруына не себеп болғанын, қалай әрекет еткенін толық анықтау сол шіркіндердің бірінің де ойына келмеген бе? Ұйымдасып жасаған қылмыстың жазасы ауыр болуы тиіс. Бұл жерде іс Қылмыстық кодекстің 192-бабы 3-тармағының 1-тармақшасы бойынша қозғалып, тергеу амалдары да соған сәйкес жүргізілген. Аталған Кодексте «192-бап. Қарақшылық. Қарақшылық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатындағы шабуылға ұшыраған адамның өміріне немесе денсаулығына қауіпті күш қолданумен немесе тікелей осындай күш қолдану қатерін төндірумен ұласқан шабуыл» делінген. Осы баптың жаңағы айтқан 3-тармағы бойынша дәлелденген қылмыс үшін тағайындалатын жаза – мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Сонда бұл қалай? Қылмыс жасағандар үшеу емес пе? Бұл нағыз ұйымдасып жасалған қылмыс қой! Мен зейнет демалысына шыққанға дейін жиырма екі жыл бойы құқық қорғау бөлімі мен жергілікті әкімдікте қызмет еттім. Алдымнан талай оқиға өтті. Заңды да, заңсыз да жағдайлардың талайын көрдім. Содан түйгенім: қандай қылмыс болғанда да тиісті заң баптарын әрдайым дұрыс, бұрмаламай қолдану керек. Оның артында адам тағдыры тұрады, терең ойлану керек! Айтайын дегенім, Аслан Сарбаев ертіп келген астаналықтар жай шай ішуге келгендей болып отыр. Болған қылмыс аяқ астынан туындаған жанжалдың да салдары емес. Олар алдын ала уағдаласып, қасақана қылмыс жасауға бекініп келген. Алдымен кәсіпорынды тонауды көздеп, қылмыстарын жасыру үшін Жанболатты өлімші етіп сабауын сот-сараптама қорытындысы да дәлелдеп отыр. Осы арада тағы да заңға жүгініп көрелік. Қазақстан Республикасы Конституциясының 83-бабы 1-тармағында: «Прокуратура мемлекет атынан Республиканың аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасының Президенті жарлықтарының және өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын, жедел-іздестіру қызметінің,  анықтау мен тергеудің,  әкімшілік және орындаушылық іс жүргізудің заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады,  заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданады,  сондай-ақ Республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын, жедел іздестіру қызметінің,анықтау мен тергеудің,әкімшілік және орындаушылық іс жүргізудің заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады,заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданады,сондай-ақ Республика Конституцисы мен заңдарына қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық білдіреді. Прокуратура сотта мемлекет мүддесін білдіреді, сондай-ақ заңмен белгіленген жағдайда, тәртіпте және шекте қылмыстық қуғындауды жүзеге асырады», – делінген. Ата Заңымызда осылай жазылса, қылмыстық іс неге тиісті бап бойынша қозғалмаған? Тергеу амалдарын  жүргізген тергеушілер істі  неге 192-баптың 4-тармағына сәйкес жүргізбеген? Бұл 4-тармақта: «Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттер, егер оларды қылмыстық топ жасаса, мүлкi тәркiленiп, он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады», – делінген. Үкім аталған баптың осы тармағы бойынша шығарылғанда, ешқандай күмән да, дау да тумас еді.  Сондықтан, әрине, мерт болған азаматтың ағасы Жеңіс Кенжеұлының апелляциялық шағым беруге құқы бар. Он алты рет өткен сот отырыстарының нәтижесі осындай болғанына таңым бар! Адам өмірі ойыншық болып бара ма деп жабырқадым. Мақалада айтылғандай, сот қылмыскерлерден марқұмның ағасына, жары мен балаларына жәбірленуші ретінде материалдық-моральдық шығынды өндіру туралы шешім қабылдапты. Бірақ олар әлі күнге өндірілмеген. Шешім шыққаннан бері айлар емес, бір жылдан асып кеткен. Бұл не?! Сот шешімінде де қадір қалмағаны ма?! Қылмыстық іс Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық сотында қаралған екен. Мойындарына қан жүктеген қаныпезерлер 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, жазаларын жалпы тәртіптегі түзеу орындарында өтейтін болыпты. Әрине, бұл да жаза, бірақ, ұйымдасып жасалған қылмыс ашылмай қалды. Алдын ала тергеу амалдары тиісті деңгейде жүргізілмеген. Сот соны көріп отырып, істі неге қайта тергеуге жібермеген? Бұл заңға қайшы емес. Сонда оларға не бөгет болды? Әрине, заң бойынша бәріміз де сот шешіміне бағынуымыз керек. Ата Заңымыздың 77-бабының 1-тармағында: «Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады», 2-тармағында: «Сот төрелігін іске асыру жөніндегі соттың қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді және ол заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады. Нақты істер бойынша судьялар есеп бермейді», – деп тайға таңба басқандай етіп жазылған. Бәрі де заңмен қорғалып отыр. Ал жәбір көрген, арыстай азаматынан айырылған Жанар мен балаларының, марқұмның ағасы Жеңістің жанайқайына кім құлақ түреді?! Қазыбек би бабамыздың есімімен аталатын аудандық сот қызметкерлерінің құлағына алтын сырға. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген сөз бар еді ғой халқымызда!.. Айдың, күннің аманында асқар таудай әкесінен айрылған шиеттей балалардың көз жасын қалай тыюға болады?! Артында аңырап жары Жанар қалды.Тәңірімнің көзі оң болса, балалары да жетер, Жанар келін бауыр еті балаларын ешкімге жаутаңдатпас. «Орнында бар оңалар» деген. Ағасы Жеңіс те Жанболаттан қалған тұяқтарға қамқор болар деген сенімдеміз. «Өлген артынан өлмек жоқ», мықты болыңдар, айналайындар! Әділдік әлі де орнар деп үміттенеміз. Амангелді ЕСТАЙ, зейнеткер Ақмола облысы