Қазақстанда ауыл адамдарының саны 1970 жылы жалпы халықтың 50 пайызы еді. 2006 жылдан бері 47 пайыздың төңірегінде. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ұсынымына сәйкес ауылдық аудандарда тұрғын саны 50 пайыздан кем болмауы тиіс делінген. Ғасыр басына қарай біздің елімізде 22 пайыз халық ауыл шаруашылығы саласында еңбек етті. Сол кезде БҰҰ Даму бағдарламасының мәліметі бойынша, Қазақстанның экономикасы 50 пайыз өсті, оның 9 пайызы ауыл шаруашылығына қатысты болды. Осы мәліметте барлық жұмыссыздардың 23 пайызы ауыл үлесінде екені де көрсетілген. Оған қоса ауылдағы шаруаның табысы қала тұрғындарының табысынан екі есеге жуық аз. Тұрғындарымыздың тамақ өнімдерін тұтыну көрсеткіштері соңғы 5 жыл ішінде орташа 67-69 кг болды. Бұл көрсеткіш АҚШ-та 125 кг, Австрияда – 121, Испанияда – 110, Ресейде – 60,3, Беларусьте – 72, Өзбекстанда – 26 кг. Біздің оқырмандарымызды өзбек елінің көрсеткіші таңғалдыруы мүмкін. Дегенмен, ол елде адамдардың негізгі тұтынатын тамағы тандыр наны, жазда жүзім, қыста мейіз екенін және олар 300 адам қатысқан тойды бір қойдың етімен өткізетінін біледі. Бізде ондай тойға жылқы сойылады, тағы сонша қой немесе сиыр еті жұмсалады. ФАО (Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы) сырттан келетін азық-түлік тауары 16 пайыздан көбеймеуі тиіс дейді. Қазіргі заманғы халықаралық нормалар азық-түлік өнімдерінің импорты 30 пайыздан асуы өте қауіпті деп тұжырымдайды. Қазақстанда азық-түлік өнімділігі АҚШ-тан 3 есе, Еуропадан 2 есе төмен. Табиғаты барлық жағынан ұқсас Канадамен салыстырғанда, бізде өнімділік 4 есе төмен. Мұншалықты айырмашылық болуы аграрлық ғылымның нәтижесіздігі мен саладағы еңбек өнімділігінің төмендігінен деуге болады. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біз өзімізде өндірілетін өнімдердің қажет көлемін ең аз дегенде 70 пайызға жеткізуіміз қажет десек, өнімдер көлемін сол қауіпсіз қалыпта ұстау үшін мәселені өндірген өніміміз 70 пайыздан кем болмауы ғана емес, екі есе өндіруіміз (мәселен, бидай сияқты) қажет. Елбасы елдегі ет өндіруді ұлғайтып 60 мың тонна етті сыртқа сататын болсақ, онда 4 миллион тонна бидай сатқанда алынатын табысқа тең табыс аламыз деген еді. Осылай өндіріп, артығын сатқанда немесе айырбасқа жұмсағанда ғана бізде азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Мұндай жетістікке жету үшін ауыл шаруашылығын мемлекеттік реттеу жұмыстарын күрт жандандыру шаралары ертеректе-ақ басталды. Алдымен Елбасы шешімімен 2003-2005 жылдар ауыл жылдары деп жарияланып, саланы қолдау қауырт арттырылды. 2005 жылы «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. Бұл – өте тамаша заң. Оның бүкіл тұла бойы, әсіресе, 9,11-баптары ауылдағы кәсіпорындар мен шаруаларды қолдаудың нақты бағыттарын көрсетіп берген. Осы заңға сәйкес мемлекеттік реттеу мен қаржылай қолдаудың түр-түрі жасалып келеді. Бұл заңда көрсетілмеген ауыл шаруашылығын қолдауға жұмсалатын шығыстар бюджеттік талқылауларға қабылданбайды. Бізде осындай заңдарды түсініп оқу, нақты кәсіпте тиімді пайдалану ісі нашар. Заңдарды елге жеткізіп насихаттау да мәз емес. Басқаларды айтпағанда, біздің ауыл шаруашылығы экономикасымен айналысатын ғалымдарымыздың, Парламент депутаттарының көбі қазақстандық заңнаманы жетік білмейді, болашақты болжайтын талдаулар жасамайды. Жаңадан құрылған «Ауыл» партиясының ауыл экономикасын көтеруге бағытталу белсенділік коэффициенті нөлге тең. Тәуелсіздіктің алғашқы он жылында қорғалған кандидаттық және докторлық диссертациялардың басым бөлігінде Ресей заңнамасын сілтемелер көп болатын. Бұл әлі де байқалып қалады. Ауыл шаруашылығын қорғамасақ болмайтыны басы ашық мәселе. Жеріміздің кеңдігінен, тасымалдың ұзақтығынан, біраз қиындықтарға тап келіп отырмыз. Оңтүстік Қазақстанда жылыжайларда өндірілген қызанақтың бір килосы Орталық Қазақстандағы жылыжайда өндірілген қызанақтың бір килосынан 3 есе қымбат. Өз өнімімізді көптеп шығара түссек баға міндетті түрде төмендер еді. Өндіруші мен тұтынушы арасындағы делдалдардың көптігі, алыпсатарлардың арсыздығы мен тойымсыздығына тоқтам болар еді. Мырзагелді КЕМЕЛ, экономика ғылымдарының докторы
Президент Үштөбе қаласында орналасқан Кемел Тоқаев атындағы орта мектепке барды
Президент • Бүгін, 13:01
Мемлекет басшысы Қаратал ауданындағы әлеуметтік нысандармен танысты
Президент • Бүгін, 12:41
Биыл Алматы облысында 57 мың жұмыс орны ашылды - Марат Сұлтанғазиев
Аймақтар • Бүгін, 12:14
Мемлекет басшысы: «Жазушылар одағы – руханиятымыздың алтын діңгегі»
Президент • Бүгін, 11:56
Перизат Қайраттың мүлкі тәркіленді
Қоғам • Бүгін, 11:36
Шерзат Болаттың өлімі: тергеу қашан аяқталады
Заң • Бүгін, 11:14