Тәңірім қазаққа берерін тауыспасын. Бір Димаш Аспанасты елінің миллиардын аузына қаратып, халқының мерейін тасытып жатса, Қостанайдың Рудный қаласынан тағы бір Димаш ән әлеміне қанат қақты. 21 жастағы жігіт «Евразия» 1» арнасынан көрсетілетін «Голос Казахстана» жобасына қатысып, жеңімпаз атанып, 7 миллион теңгенің сертификатына ие болды. Онда ол Майкл Джексонның, Робертино Лореттидің, Владимир Пресняковтың репертуарынан әндер орындап, көрерменін де, қатал сыншы қазылар алқасын да риза етті. Оның алдында «Х-фактор» жобасына да қатысқан болатын. Онда тәжірибесі жетісіңкіремесе де, Димаш Дәулетовтің ерекше дауысы үшін қазылар алқасының пікірі екіге жарылған болатын. Жобаның аяғына дейін жете алмағаны әнге ынтызар жігіттің рухын жасытқан жоқ, қайта арманын асқақтата түскен секілді болды.
Негізі, Димаштың есімі – Дінмұхамед. Өзбекстанда жүріп аңсары атамекен болған қандастардың шаңырағында ұл туғанда Қазақстанды көп жыл басқарған, қазақтың біртуар ұлы Дінмұхамед Қонаев атасының есімін беріп, азан шақырған ғой. Дінмұхамед атасы секілді бұл ұл да Димаш атанды. Ол 9-сыныпқа көшкенде ата-анасы Рудный қаласына көшіп келді. Өзбекстанның Науаи облысынан келген ағайындар шетінен кенші. Димаш Дәулетов те мектепті бітіре сала кеншілер қаласындағы Құрылыс және көлік-техникалық колледжіне түсті, экскаваторды шыр көбелек айналдыратын, бүге-шігесіне дейін жөндейтін маман болып шықты. Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің Автокөлік басқармасының техника жөндеу цехында слесарь болып екі жыл істеді. Ұлдың қолы жұмыста болғанмен, көкірегін ән кернейтін.
Өзбекстаннан атажұртқа қоныс аударған ағайынның жастарында үлкеннің алдынан өтпейтін, үлкен тұрып, кіші сөйлемейтін ибалық, қазақ, орыс, өзбек тілдерінде сайрап тұрса да, «мен» деп көкірегін ұрмайтын ұяңдық көзге ұрып тұрады. Сол мінез, сол діл Дәулетовтің өскен отбасына да тән еді.
– Әнді үйде айтып жүремін, бірақ оны көпшілік біле бермейтін. Колледжге түсерде ұстаздар «қандай өнерің бар?» деп сұрады. Мен оқуға түсуге көмек бола берсін деп, ойланып отырдым да «ән айтамын» дедім. Содан оқып жүргенде ұстазым Айгүл Аманжолқызы мені болмай сахнаға шығарды. Барлығы содан басталды, – дейді Д.Дәулетов.
Кеншілік жұмысты ол ұнатпай қалған жоқ, табысы да жаман емес еді. Алайда, ән мен кен бір Димашқа ауыр соғатынын сезді. Сонан соң Астанаға барып, музыкалық білім алғысы келді. Қазір бас қаладағы Қазақ ұлттық өнер университетінің эстрадалық вокал факультетінің дайындық курсына түсті. «Голос Казахстана» тележобасында қазылар алқасы Дәулетовтің дауысына ерекше баға берді. Ер адамдарда сирек кездесетін дауыс деп таныды.
– Менің дауысымды Робертино Лореттидің дауысына ұқсатады. Менің арманым – Робертиноға ұқсау емес, музыкалық білім алып, өз дауысымды табу, – дейді Димаш Дәулетов. Ол өнер жолының қиындығы да кеніштің бейнетінен кем емес екенін біледі. Бірақ өнер оны таңдағандай.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ