Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті тағы бір қуаныш үстінде. Еліміздегі беделді білім ордасы «Президент және уақыт» республикалық қоғамдық-саяси газетінің «Уақыт Таңдауы – Выбор Времени» агенттігімен бірлескен жобасы аясында «Жылдың үздік жоғары оқу орны» байқауының жеңімпазы атанды. Бұл шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орайластырып ұйымдастырылған болатын. Осыған байланысты Көкшетауда марапаттау салтанаты өткізілді.
Мәртебелі марапатты газеттің бас редакторы, педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Марат Тоқашбаев университет ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаровқа табыс етті. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов университеттің оқытушылық-профессорлық құрамын, студенттерді құттықтап, білім нарығындағы жаңа жетістіктерге жетуіне тілектестігін білдірді.
Солтүстік өңірдегі белді университет алғашқылар қатарында үш деңгейлі оқыту жүйесін енгізіп, игі ізденістерімен көзге түсуде. Оқу орны әлемдегі 50 озық ғылыми орталықтармен әріптестік байланыс орнатқан. 2009-2016 жылдар аралығында «Темпус ІV» 6 жобасын және жоғары білім әлеуетін арттыруға бағытталған «Эразмус плюс KAZ» 4 жобасын ұтып алды. Заманауи зертхана да табысты жұмыс істеуде. Университет оқытушылары – 300-ден астам патенттің авторы. «Болашақ» бағдарламасы бойынша 15 түлек АҚШ пен Ұлыбританияның таңдаулы оқу орындарының магистратурасында, 30 студент академиялық мобильдік жүйемен шетелдік және қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алуда.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы