Алматыда өтіп жатқан XXVIII қысқы Универсиада спорт сайыстарына арналған дүбірлі дода ғана емес, қазақтың ұлттық дәстүрін, мәдениетін шетелдіктерге жан-жақты таныстыратын үлкен мүмкіндік. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристер домбыраның қоңыр үніне құлақ түріп, күй құдіретіне қол соғатын болады.
Шетелдік қонақтарға ұлттық өнерді, төл мәдениетімізді насихаттау мақсатында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы бірқатар мәдени іс-шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Яғни 31 қаңтар күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрінің «Универсиада-2017» – Шыңға бастайтын жол!» атты концерті өтеді. Көркемдік жетекшісі және бас дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қанат Ахметов, дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Александр Беляков.
Ал 3 ақпан күні көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Б.Демеуов болып табылатын Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының «Универсиада-2017 әнұрандары» атты концерті өтеді.
Осылайша, шетелдіктер әсем Алматының көрікті жерлерін аралап, қазақ халқының қонақжайлылығына куә болып, ұлттық өнердің ұлылығына тәнті болады деген сенімдеміз.
«Егемен-ақпарат»