Универсиада астанасы Алматының өзінде өтетін Алау эстафетасына қатысушылардың бірі – белгілі қаламгер, спорт журналистикасының көрнекті өкілі Несіп Жүнісбаев. Межелі күн таяған тұста ағамызға жолығып, аз-кем әңгімеге тартқан едік.
– Несіп аға, алаугер болыпсыз, құтты болсын!
– Айтсын. Алау эстафетасына қатысатын 29 адам Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің қабылдауында болдық. Арамызда Олимпиада чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров, Ермұхан Ыбрайымов, Ольга Шишигина, Дмитрий Баландин, Республикалық спорт колледжінің директоры Амалбек Тшанов, ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, өнер адамдарынан Сәкен Майғазиев, Қайрат Нұртас секілді елімізге белгілі тұлғалар бар. Мені алаугерлер қатарына шақыруы спорт журналистикасына деген құрмет деп білемін. Мұның алдындағы қысқы Азиадада да алау алып жүгірген болатынмын. Еңбегімізді бағалағаны шығар...
– Сіз қай аралықта жүгіресіз?
– Сейфуллин көшесі бойымен төмен қарай Қазыбек би көшесінен Төле би көшесіне дейін 200 метр жүгірдім. Мен 200 метр жүгірген кезде бір дарынды баланың жүрегінде спортқа деген махаббат отын жаға алсам, бір мақсатқа жеттім деп есептер едім. Қазақстан бойынша әрбір алаугер бір баланың спортқа деген ықыласын тудырса, яғни 800 баланың жүрегінде от жақса, тамаша емес пе?!
– Универсиада туралы ойыңыз қандай?
– Өткен ғасырдың 70-ші жылдарындағы Сейдахмет Бердіқұлов, Сұлтанғали Қаратаев, Жақсылық Темірбеков ағаларымыздың заманында біз мұндайды армандаған да жоқпыз. Қазақстанда осындай спорт ғимараттары салынады, Азиада, Универсиада өтеді деген үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген. Бұл деген еліміз өркениет көшіне ілесті деген сөз. Соған қуану керек. Кейбір керауыз БАҚ көп ақша кетеді, осының не керегі бар деп сарыуайымға салынады. Мен айтар едім: иә көп ақша кетеді, бірақ бұл біздің спортымыздың дамуына дүмпу, қозғалыс болмай ма? Қаншама спорт нысандары салынды, солардың бәрі келешекте ел игілігі үшін жұмыс істейді ғой. Алатауымыз, «Медеуіміз», «Шымбұлағымыз» бар, соларды әлемге әйгілей бергеннен ұтылмаймыз. Анда-санда, жиырма жылда бір үлкен спорт жарысын өткізбегенде оларды не істейміз?
– Сіздіңше осы Универсиадада Қазақстан құрамасының мүмкіндіктері қандай?
– Әрине, Қазақстан топ жара қоймас, Италия, Норвегия, Ресей және басқа да қысқы спорты мықты елдер бар. Біз үштіктің, бестіктің ішіне іліксек те үлкен олжа. Қазақ елінің намысын қашанғы Смирновтар мен Ковальчуктар қорғайды? Енді кезек өзіміздің қыз-жігіттерге келді. Кешегі Сочиде жүлдеге бір табан жақын болған, бүгінде талай додаларда топ жарып жүрген шорт-трекшілер Айдар Бекжанов, Нұрберген Жұмағазиев, Абзал Әжғалиев, Аслан Даумов, фристайлшы, әлем чемпионаты мен Әлем кубогының күміс жүлдегері Жанбота Алдабергенова сияқты дарынды спортшыларымыз бар! Соларды көрсетуіміз керек, шашбауын көтеруіміз керек. Журналистерге айтарым: Универсиаданың көлеңкесін емес, күнгейін көрсету қажет. Егемен елімізді дәріптей білуіміз керек.
– Қазір өзіңіз қайда қызмет істейсіз?
– Мен қазір «Қазспорт» телеарнасында келісімшарт бойынша сарапшы-редакторлық қызметтемін, тележурналистердің тілі мен стилінің дұрыс болуын қадағалаймын, мүмкіндігінше ақыл-кеңесімді берем. Тіл дұрыс болуы керек, қазақтың көркем тілі спортта да үстемдік құруы үшін еңбек етіп жатқан жайым бар.
– Әңгімеңізге рахмет! Қазақ елінің спорттағы абыройы арта берсін!
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА