30 Қаңтар, 2017

Әділдікті кімнен күтеміз?..

393 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
«Егемен Қазақстанның» әр санын бір бетін қалдырмай оқу – қашаннан бергі әдетім. Елең еткізер материалдар жиі шы­ғады. Елу жылдан артық жаздырып алып оқып жүрген бұл басылым еліміздің түкпір-түкпірінде болып жатқан жаңалықтарды оқырмандарына жан-жақты әрі уақытында жеткізіп тұрады. Газеттің арнайы «Қоғам» бетінде «Жанайқай» айдарымен берілген Қайрат Әбілдиновтің «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» деген материалын оқып, қолыма еріксіз қалам алдым. Арыстай азаматтың қаныпезерлер қолы­нан қаза тапқаны жанға батады. Мате­риалды оқып отырып біраз ойға қалдым. Осы біз «демократия», «зайырлы» деген ұғымдарды дұрыс түсініп жүрміз бе өзі?! Ата Заңымыздың 1-бабының 1-тар­мағын­да «Қазақстан Республикасы өзін демо­­кратиялық, зайырлы, құқықтық және әлеу­меттік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адам­­ның өмірі, құқықтары мен бостан­дық­­тары» деп жазылған. Адам ең қымбат қазы­на бол­са, оның құқықтары неге қол­даны­лып жүр­ген заңдар бойынша қорғал­май­ды? Қырық­қа да жетпеген қылшылда­ған аза­матты Аслан Сарбаев дегеннің өзі­мен тағы екі жігітті ертіп барып ұру себебі неде? Айтпаса да түсі­нікті. Қасақана жасал­ған қылмыс. Заңға тағы да үңілейікші. Ата Заңы­мыз­дың 15-бабының 1-тармағында «Әр­кім­нің өмір сүруге құқығы бар» деп жазылған. 2-тармағында «Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ» делінген. Жанболат марқұм Асланды танымаса, есікті ашар ма еді? Әрине, жоқ. Ішке таны­ған соң ғана кіргізген.Үш бала тәр­бие­леп отырған Жанболаттың жазығы не? Бала­­лары Арай мен Жалғасты жоғары оқу орын­дарында оқытып, екі жұмысты қатар істегені сол ұрпақтарының қамы еді ғой. Кенжесі Олжас үшінші сыныпта ғана оқи­тын көрінеді. «Адам ақылымен сымбатты, ұрпағымен қымбатты», – дейді дана халқымыз.Ұрпа­ғымыз басты құндылық болғандықтан, Жанболат балаларым білімді болып өсіп, тәуелсіз еліміздің гүлденуіне үлес қоссын деп жүрді-ау. Кім еріккеннен екі жұмыс істейді? Қазіргідей ақшаның заманында бір жалақымен өмір сүру қиын. Басыңа тартсаң аяғыңа, аяғыңа тартсаң басыңа жетпейді. Білім алудың өзі ақшаға келіп тіреледі. Арманда кеткен Жанболаттың Олжасы бұғанасы бекіместен осындай қайғы мен әділетсіздікке тап болып жатса, оның қоғамға деген ой-пікірі қандай болып қалыптасады екен?.. «Осы қылмыстық істі үш тергеуші жүргізген» деп жазады Қайрат Әбілдинов. Әлгілердің бұл қылмысқа баруына не себеп болғанын, қалай әрекет еткенін толық анықтау сол шіркіндердің бірінің де ойына келмеген бе? Ұйымдасып жасаған қылмыстың жазасы ауыр болуы тиіс. Бұл жерде іс Қылмыстық кодекстің 192-бабы 3-тармағының 1-тармақшасы бойынша қозғалып, тергеу амалдары да соған сәйкес жүргізілген. Аталған Кодексте «192-бап. Қарақшылық. Қарақшылық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатындағы шабуылға ұшыраған адамның өміріне немесе денсау­лығына қауіпті күш қолданумен немесе тіке­лей осындай күш қолдану қатерін төндірумен ұласқан шабуыл» делінген. Осы баптың жаңағы айтқан 3-тармағы бойынша дәлелденген қылмыс үшін тағайындалатын жаза – мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Сонда бұл қалай? Қылмыс жасағандар үшеу емес пе? Бұл нағыз ұйымдасып жасал­ған қылмыс қой! Мен зейнет демалысына шыққанға дейін жиырма екі жыл бойы құқық қорғау бөлімі мен жергілікті әкімдікте қызмет еттім. Алдымнан талай оқиға өтті. Заңды да, заңсыз да жағдайлардың талайын көрдім. Содан түйгенім: қандай қылмыс болғанда да тиісті заң баптарын әрдайым дұрыс, бұрмаламай қолдану керек. Оның артында адам тағдыры тұрады, терең ойлану керек! Айтайын дегенім, Аслан Сарбаев ертіп келген астаналықтар жай шай ішуге келгендей болып отыр. Болған қылмыс аяқ астынан туындаған жанжалдың да салдары емес. Олар алдын ала уағдаласып, қасақана қылмыс жасауға бекініп келген. Алдымен кәсіпорынды тонауды көздеп, қылмыстарын жасыру үшін Жанболатты өлімші етіп сабауын сот-сараптама қорытындысы да дәлелдеп отыр. Осы арада тағы да заңға жүгініп көрелік. Қазақстан Республикасы Конституция­сы­ның 83-бабы 1-тармағында: «Прокура­тура мемлекет атынан Республика­ның аумағында заңдардың, Қазақстан Респуб­лика­сының Президенті жарлықтары­ның және өзге де нормативтік құқықтық акті­­­лердің дәлме-дәл әрі біркелкі қол­да­нылуын, жедел-іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және орындаушылық іс жүргізудің заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданады, сондай-ақ, Республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын, жедел іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және орындаушылық іс жүргізудің заңды­лы­ғын жоғары қадағалауды жүзеге асыра­ды, заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолдана­ды, сон­дай-ақ, Республика Конституциясы мен заң­дарына қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық біл­ді­реді. Прокуратура сотта мемлекет мүд­д­есін біл­діреді, сондай-ақ заңмен белгі­лен­ген жағ­дайда, тәртіпте және шекте қылмыс­тық қуғын­дауды жүзеге асырады», – делінген. Ата Заңымызда осылай жазылса, қыл­­мыстық іс неге тиісті бап бойынша қозғал­маған? Тергеу амалдарын жүргізген тер­геушілер істі неге 192-баптың 4-тар­мағына сәйкес жүргізбеген? Бұл 4-тармақта: «Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттер, егер оларды қылмыстық топ жасаса, мүлкi тәркiленiп, он жылдан он бес жылға дейiн­гi мерзiмге бас бостандығынан айы­ру­ға жаза­ланады», – делінген. Үкім атал­ған бап­­тың осы тармағы бойынша шыға­рыл­ғанда, ешқандай күмән да, дау да тумас еді. Сондықтан, әрине, мерт болған азаматтың ағасы Жеңіс Кенжеұлының апелляциялық шағым беруге құқы бар. Он алты рет өткен сот отырыстарының нәтижесі осындай болғанына таңым бар! Адам өмірі ойыншық болып бара ма деп жабырқадым. Мақалада айтылғандай, сот қылмыскер­лерден марқұмның ағасына, жары мен балаларына жәбірленуші ретінде материал­дық-моральдық шығынды өндіру туралы шешім қабылдапты. Бірақ олар әлі күнге өндірілмеген. Шешім шыққаннан бері айлар емес, бір жылдан асып кеткен. Бұл не?! Сот шешімінде де қадір қалмағаны ма?! Қылмыстық іс Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық сотында қаралған екен. Мойындарына қан жүктеген қаныпезерлер 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыры­лып, жазаларын жалпы тәртіптегі түзеу орындарында өтейтін болыпты. Әрине, бұл да жаза, бірақ, ұйымдасып жасалған қылмыс ашылмай қалды. Алдын ала тергеу амалдары тиісті деңгейде жүргізілмеген. Сот соны көріп отырып, істі неге қайта тер­геуге жібермеген? Бұл заңға қайшы емес. Сонда оларға не бөгет болды? Әрине, заң бо­йынша бәріміз де сот шешіміне бағынуымыз керек. Ата Заңымыздың 77-бабының 1-тар­мағында: «Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады», 2-тармағында: «Сот төре­лігін іске асыру жөніндегі соттың қыз­метіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді және ол заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады. Нақты істер бойынша судьялар есеп бермейді», – деп тайға таңба басқандай етіп жазылған. Бәрі де заңмен қорғалып отыр. Ал жәбір көрген, арыстай азаматынан айырылған Жанар мен балаларының, марқұмның ағасы Жеңістің жанайқайына кім құлақ түреді?! Қазыбек би бабамыздың есімімен ата­ла­тын аудандық сот қызметкерлерінің құла­ғына алтын сырға. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген сөз бар еді ғой халқымызда!.. Айдың-күннің аманында асқар таудай әкесінен айырылған шиеттей балалардың көз жасын қалай тыюға болады?! Артында аңырап жары Жанар қалды.Тәңірімнің көзі оң болса, балалары да жетер, Жанар келін бауыр еті балаларын ешкімге жаутаңдатпас. «Орнында бар оңалар» деген. Ағасы Жеңіс те Жанболаттан қалған тұяқтарға қамқор болар деген сенімдеміз. «Өлген артынан өлмек жоқ», мықты болыңдар, айналайындар! Әділдік әлі де орнар деп үміттенеміз.  Амангелді ЕСТАЙ, зейнеткер Ақмола облысы
Соңғы жаңалықтар

Астықты өңірдің сенімі

Референдум 2024 • Бүгін, 09:50

130 отбасы баспаналы болды

Аймақтар • Бүгін, 09:45

Аға буынның өнегесі

Референдум 2024 • Бүгін, 09:43

Аға ұрпақ – асыл қазына

Қоғам • Бүгін, 09:40

Ұйымшылдықпен өткен күн

Референдум 2024 • Бүгін, 09:38