30 Қаңтар, 2017

«Қалжыраған» қазандық, қалтыраған халық

504 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
20161124_131352Семейдегі «35-квартал» жылу қазан­дығының басшысы Виталий Ивановтың айтуынша, оған мыңдаған маңызды нысандар мен тұрғын үйлер қарайды. Әсіресе, онкологиялық аурухана, радиологиялық орталық, №3 перзентхана, балалардың инфекциялық ауруханасы, мектептер, автобус паркі дейсіз бе, жиырмаған жуық маңызды нысанды, жүз мыңдаған пәтерлерді, яғни осылардың барлығын, қатал қыста жылумен қамтып отырған жалғыз ескі қазандық. Жақында аязды күндерде қазандық жұмысшылары ыстық температураны көтеруге мәжбүр болған. Сол кезде «35-квартал» қазан­дығының қондырғылары әбден ескіріп, тозып кеткендіктен істен шығып қала жаздапты. Дереу жұмысшылар өз өмір­лерін қауіпке тіге жүре, жанталаса қолмен бұрап, тозығы жетіп, тарсылдап тұрған техниканы әупіріммен алып қалған. – Мұның күнделікті көрініске айналып тұрғаны өкінішті, – деп бас шайқайды Виталий Иванов, – біз ауыр жұмыстан шаршамаймыз. Әрбір секундта апат орын алып кете ме деп зәреміз ұшып, моральдық түрде, 24 сағат бойы сескеніп, азап шегіп отыратын болдық. Қазандық істен шықса, қаланың тең жартысы мен әлеуметтік нысандар жылусыз қалады. Әскери жағдай секілді. Осы жерден ешқайда шықпаймыз. Сенбі, жексенбі күндері де жұмыс істейміз. Қатты аяз болғандықтан ауысымдағылар, электриктер, бәріміз кезекшілік атқарамыз. Қазір 3 қазандық жұмыс істеп тұр, бір қазандық қосымша қаңтарылып тұр. Бір қазандықты жөндеп, аяқтадық. Соны іске қоссақ, біршама көмек болады. Қазірдің өзінде апатты жағдайда отырғандықтан, біз халыққа толыққанды жылу бере алмай отырмыз. Тұрғындар үйіміз суық, жылу жетпей жатыр десе, олардың шағымы дұрыс. Мектепте балалар сырт киіммен отырады деп жатыр, дұрыс айтады. Себебі, біз жылуды көбейтсек, онда қазандық істен шығып қалуы мүмкін. Біз осылай ілдебайлап тіршілік кешуге мәжбүрміз. Маған қарасты «35-квартал» қазандығындағы проблема сол, ақша бар болса да, мердігер мекеме екі жыл бойы жөндемей қашып кетті. Бұған қаражат дер кезінде бөлінген. Дәл қазір қарастырылған қаржы да, іске қосылатын қондырғы да жоқ. Осыған қарамастан, аязды күндері жыртығымызды жамап қана отырмыз. «35-кварталдағы» қазандық 1971 жылы пайдалануға берілген. Бұл қаладағы ең бірінші қазандық. Тозығы жеткен. Айта кету керек, басқа елдерде мұндай ескі қазандықтар өткен ғасырдың 1987 жылдары өндірістен алынып тасталған. Ал, біз ХХІ ғасырда отырсақ та пайдалануға мәжбүрміз. Облыстық әкімдіктегілер жылу қазандығын жөндеуден өткізу үшін толықтай қаражат бөлінгенін, жауап­сыз мердігердің салғырттығынан қазандықтарды қайтадан жөндеу жұмыстарының кешіктіріліп отырға­нына баса назар аударған. Және осыған орай аймақ басшысы мердігер мекемемен келісімшартты бұзып, тиісті шара қолдануды да тапсырған болатын. Және осыған орай әкімдікте өткен жиында қала әкімі Ермак Сәлімов бұл бағытта нақты атқарылып жатқан жұмыс барысымен таныстырды. Оның айтуынша, «35-квартал», «Зоо­ветинститут» жылу қазандығын жөн­деу­ден өткізіп жатқан мердігермен келісімшартты бұзу үшін заң аясында жұмыстар жүргізіліп жатыр және қыста халық тоңып қалмас үшін нысандардағы жұмыстар да тоқтатылмауда. Бірақ, ісіне салғырт қараған мердігердің сылбыр қимылы салдарынан барлық жөндеу жұмыстары белгіленген қазан айында аяқталмады, әлі де созылып келеді. Қала әкімінің орынбасары Николай Ушаков, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша, аталмыш қазандықтардағы атқарылып жатқан жұмыстарды көру үшін келген «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Әнуарбек Мұхтархановқа жағдайды былай түсіндірді: – Тіпті өткен жылы осы «Зооветинститут» және «35-квартал» қазандықтары бойынша құны 800 млн теңге болатын инвестициялық жоба тоқтатылған. Себебі, мердігер мекеме бөлінген қаржының жартысын да іске жаратпаған. Алматылық мердігер мекеме тек облыс басшылығы мен «Нұр Отан» партиясының үнемі қатаң ескертулерінің арқасында ғана жұмысты жартылай тәмамдаған. Яғни «35-квартал» қазандығында электр­қалқан қондырғысы мен жаңа насостар тобын ғана орнатқан. Соңғы жылдары қазандық тұр­ғын­дарды толықтай жылумен қамта­масыз ете алмай отыр. Осыған орай, былтырдан бастап «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланған болатын. Алайда, қолға алынған 2 ірі жоба сол күйі аяқталмай қалған. 1,5-3 млн теңгеге сатып алынған қондырғылардың бір бөлшегі қазандықта шаң басып, сол күйі тұрғанын бізге Виталий Иванов өзі көрсетіп, өкіне бас шайқады. Осының барлығы биыл күзде іске қосылуы тиіс еді. Бірақ олай болмады, қазандық кезекті жылу маусымында ескі қондырғылармен жұмыс істеп тұр, ал бұл жағдай енді жылу маусымының аяғына дейін созылмақ. Себебі, мердігер мекеме үстінен іс қозғалған. Ол іс аяқталуы тиіс. Сосын тендер қайта өтеді, ал жылу қазандығын жөндеу тек жаз айында белгілі болады. Осылайша онсыз да екі маусымға созылған іс енді тағы бір маусымға қалатын болып тұр. Осындай жағдай «Зооветинститут» қазандығында да орын алып отыр. Мемлекеттік бағдарлама аясында мұнда екі жаңа қазандық, сорғы насос және жылу алмастырушы қондырғылардың жұмыс істеуі керек болатын. Өкінішке қарай, ешқандай өзгеріс жоқ. Жұмыс істегендеріне 20 жылдай болған ең­бек адамдарының арқасында ғана тозығы жеткен қондырғылар толассыз жұмыс істеп тұр. Бірақ, бұлар әбден тозғандықтан, қысқа шыдауына ешкім де кепілдік бере алмайды, қыс қатал, апат айтып келмейді. Сондықтан да жылу беру толыққанды емес, қазандық істен шығып қалмас үшін қысым төмен. Осы себепті 9 қабатты, көп пәтерлі үйлер жылуды толығымен ала алмай отыр. – 30-35 градус аязда біз қажетті жы­луды өндіре алмаймыз. Қазандық сағатына 19,5 гигакалория жылу беруі тиіс. Бұл көрсеткіш қазір бізде небәрі 16 гигакалория. Демек 3,5 гигакалория тапшы. Биыл 1-қабатта сүзгілер мен желілік сорғыларды айырбастау қажет болатын. Алайда, бұл жұмыстар жүргізілген жоқ. Осыған орай, қысым да төмен. Тұрғындардың жылуға ақысын төлей отырып мардымды жылу ала алмауларының себебі осы, – дейді «Зооветинститут» қазандығының басшысы Александр Кусков. «35-квартал» мен осы «Зоо­вет­институт» қазандықтарында бөлінген қаражатты игермей, шөп басын сын­дырмай кетіп қалған мердігер мекеме алматылық бір компания болса керек. Келісімшарт бойынша, заңды тұлға жоспарланған жұмыстарды 15 қазанда аяқтауы тиіс болатын. Алайда, мердігер жүктелген міндеттердің небәрі 30 пайызын ғана орындаған. Мердігер деп аталғанмен, олардың жал­дайтындары бәрібір біздің жұмыс­шылар, дейді «35-қазандық» басшысы Виталий Ива­нов, тіпті соларға жала­қысын да дұрыс төлемей, кетіп қалады. «Теплокоммунэнерго» мекемесі мамандарының айтуынша, мердігердің үстінен сотқа шағым жасалған. Қазір сот процесі жүріп жатыр. Екі қазандық бойынша бөлінген 800 млн теңгенің қаншасы игерілді, қаншасы игерілмеді – сонда анықталмақ. Қос қазандық қазір, міне, қыс орта­сында апатты жағдайда жұмыс істеп тұр. Тек осындағы жұмысшылардың кәсібилігінің арқасында барлығы қыста жылы отыр. Олар қолдан келгендерін жасап, қазандықты мүмкіндігінше жөндеуден өткізіпті. «Биылша шыдайды» деп сендірді жұмысшылар бізді. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА, журналист СЕМЕЙ