Қазіргі таңда елімізде қоршаған ортаны қорғауға, жасыл экономиканың дамуына, жаһандық ілгерілеу мен дамыған отыз елдің қатарына кіруге талпынып, түрлі шаралар қолға алынуда. Оңтүстік өңіріміздің көпшілігі табиғи газбен жабдықталған. Бұл да экологияны ластау мәселесін тежеудің бір амалы. Сол сияқты, қаладағы көліктердің де басым көпшілігі газ қондырғысына ауысқан. Оның нарықтық бағасының жанармай бағасынан арзандығы да тұрғындар қалтасына тиімді.
Енді көкейге түйер бір мәселе, көліктеріне газ қондырғысын орнатқан тұрғындар оның қауіптілігі мен жауапкершілігін жоғары сезінуі керек. «Әрбір тұтынушы өз құқын біліп, сатушы алдында талап ете алса, қолайсыз жағдайлар мен келеңсіз жайттардың алдын алар еді. Мәселен, сіз газ құю стансасына көлігіңізге газ құю үшін барсаңыз, өнімнің сәйкестігін растайтын және өлшем құралдарының салыстыру-тексеруден өткендігі туралы сертификаттарын талап ете аласыз. Өлшем құралының салыстыру-тексеруден өткендігі туралы сертификат сол құралдың дәлме-дәл өлшем нәтижесін беретіндігін растайды. Мұндай құжатсыз құрал өлшем нәтижелеріне кепіл бола алмайды. Бұл «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» заңмен реттелген. Заң талаптарына сәйкес, мемлекеттік метрологиялық бақылауға жататын кез келген өлшем құралы сериямен шығарылады немесе елімізге партиялармен әкелініп, қолдануға арналған өлшем құралдары пайдалануға берілу алдында сынақтан өткізіліп, бекiтiледі. Өлшем құралының бекiтiлген және метрологиялық аттестаттаудан өткендері өлшем бiрлiгін қамтамасыз етудiң мемлекеттiк жүйесі тiзiмiне енедi», дейді Техникалық реттеу және метрология комитеті Астана қаласы бойынша департаментінің бас маманы Нұрболат Бекболатұлы. Оның айтуынша, бекіту мақсатында сынақтан немесе метрологиялық аттестаттаудан өтпеген өлшем құралдарын айналысқа шығаруға, пайдалануға беруге, қолдануға, өткізуге және жарнамалауға тыйым салынған. Өндiрiстен немесе жөндеуден шығарылған, пайдалану және импортпен әкелу кезiнде бекiтiлген, метрологиялық аттестаттаудан және өлшем бiрлiгін қамтамасыз етудiң мемлекеттiк жүйесi тiзiмiне тіркелген өлшем құралдары салыстырылып, тексерiледi екен. Осы заң талаптарын бұзған жеке және заңды тұлғаларға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс аясында жауапкершілік қаралғанын естен шығармаған жөн.
Сөз орайында айта кетсек, жақында Астана қаласы тұрғынының шағымы негізінде «Аль-Барс Газ» ЖШС көліктерге газ құю стансасына жоспардан тыс тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде, қызмет көрсету орталығы салыстыру-тексеруден өтпеген және еліміздің өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк жүйесi тiзiмiне енбеген газ құю қондырғысын қолданатыны анықталды. Бұл қондырғы жұмыс істеген сәттен бастап жүргізілген сауда операцияларында халыққа сатылған газ көлемінің дәл есеппен жіберілмегенін білдіреді. Яғни, тұтынушының зардап шегуіне әкелетін ахуал. Шара соңында кәсіпорынға әкімшілік айыппұл салынып, жарамсыз деп танылған өлшем құралын қолданыстан алып тастауға нұсқаулық берілді. Және қоғам алдындағы жауапкершіліктері түсіндірілді.
«Кез келген тұтынушы қандай салада болмасын, мемлекеттік метрологиялық қызметте қолданылатын өлшем құралының заңсыз қолданысын байқаса, сауда операцияларын жасау кезiнде иеліктен шығарылатын тауарлар санын, салмағын, көлемін, шығысын немесе басқа шамаларын анықтаудың дұрыстығына күмәнді болса, өлшеп оралған тауарлардың қаптамасында көрсетілген санға сәйкес келмеу фактісі анықталған жағдайда Техникалық реттеу және метрология комитетінің жергілікті департаментіне хат жолдауға құқылы», дейді құзырлы мекеме өкілі.
Расында, арамызда өз құқын білмейтіндер көп-ақ. Біз құнттай бермейтін дүниелер ірілі-ұсақты заң бұзушылық әрекеттерге себеп болып жататынын түсінген дұрыс. Кейде, осындай болмашы ұқыпсыздығымыздан зардап шегіп, залалын тартатынымыз да жасырын емес. Сәл сергектік танытып, әр ісімізге жауапкершілікпен қарасақ, игі болар еді.
Асхат Райқұл,
«Егемен Қазақстан»