Бас прокурор Жақып Асановтың төрағалығымен Бас прокуратура алқасының отырысы өтті. Өткен жылғы жұмыстардың қорытындысы екшеліп, алдағы жылдың жоспарын нақтылаған кеңесте тұрғындардың құқықтық сенімін ақтау жөнінде және басқа да жұмыстың тәсілдерін түбегейлі өзгерту қажеттілігі сөз болды.
Бас прокурордың айтқанындай, биыл прокуратура органдары үш негізгі міндетке – маман мәселесіне, жаңа технологияларға және қылмыстық процеске баса көңіл бөлетін болады.
Өткен жылдың маусым айында «Прокуратураға – үздік мамандар» жобасының тұсауы кесілген болатын. Содан бері жоба бойынша 2000 кандидаттың ішінен, ең үздік 128 маман жұмысқа іріктелді. «Бұлар – біздің алғашқы қарлығаштарымыз. Біздің ашықтығымызға сенген олардың көздерінде оты бар жастар және көңілімізден шықты. Әрине, ең алдымен олардың өмірге деген көзқарасын, әлеуметтік белсенділігін, білімге деген құштарлығын, отансүйгіштік, басқа да қасиеттерін бағаладық. Енді жаңа HR технологияларды енгізу қажет. Олардың жұмысқа деген қызығушылығын арттырып, жігер беріп, жақсы маман боларына сеніммен қараймыз», деді Бас прокурор өз сөзінде.
Сонымен қатар, отырыста қоғамның ең қиын әрі өзекті мәселесінің бірі – қылмыстық ахуалды жетілдіру жайы айтылды. Бас прокурор қылмыстық процесс мемлекеттік органдардың менмендігіне емес, қарапайым халықтың мүддесіне сай реттелуі керектігін баса айтты. Бұл мәселе бойынша Бас прокуратураның бастамасымен құрылған «Қосшыдағы дискуссия» атты форум барысында арнайы шақырылған ғалымдар мен осы сала мамандары жұмыс істеуде. Құзырлы органдағы қылмыстық процесті жеңілдету және жеделдету үшін электронды форматқа ауысуды қамтамасыз ету көзделуде.
«Қылмыскерді ұстадық. Кінәсін мойындады. Куәгерлер бар. Соған қарамастан ол 15 күн тергеледі, одан соң 3 күн прокурор істі зерттейді, сотқа тағы 20 күн қажет. Осының бәріне 40 күн уақыт кетеді екен. Ал осы аралықта жәбірленуші, күдікті, куәгер бәрі де қаншама есік тоздырады. Қайта-қайта тергеу, дәлізде сағаттап күту – осының бәрі адамдардың жүйкесін жұқартады», – деді Бас прокурор Ж.Асанов.
Оның айтуынша, өндірісті электронды форматқа көшіру – прокуратураның ашықтығын білдіріп, құжаттарды беру мен алу мерзімін қысқартады, пошталық шығындар мен қағаз тасуды азайтады. Ал аталған іске қатысы бар мамандар болса, қылмыстық істердің электронды түрде жүргізілуі мен тергелуін онлайн режімде бақылай алады.
Сондай-ақ, Ж.Асанов прокуратура органдарындағы жұмыс тәсілдерінің өзгеруі, жаңа заманға сай менеджмент жүйесін енгізу арқылы халықтың көңілін күпті етіп жүрген мәселелерді шешуді де атап өтті. Осы мақсатқа жету үшін прокурорлар қажетсіз жұмыстардан құтылып жатыр. Сонымен қатар, басымдығы бар жобалар портфелі құрылады деп жоспарлануда. Олар қоғамдағы өзекті мәселелердің оң шешілуіне септігін тигізбек.
«Неден бас тарттық, неден құтылуымыз керек» деп сөз бастаған Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель прокуратураның барлық саласында артық құжат айналымдары мен статистикалық есептен құтылғандарын жеткізді. Алқа отырысында әр сала бойынша маңызды жобалардың барысы туралы Бас прокурордың орынбасарлары Андрей Кравченко мен Марат Ахметжанов та сөз сөйледі. Ал Бас прокурордың орынбасары Ерлік Кененбаев болса, қылмыстық жағдайдағы азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғалуы жайында баяндап берді.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»