Ішкі істер министрлігінде осы орган қызметінің мәселесі жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Оның жұмысына кеңес мүшелері, Ішкі істер министрлігінің басшылығы мен салалық қызмет жетекшілері қатысты.
Аталған Қоғамдық кеңестің отырысында консультативтік-кеңестік органның өткен жылғы атқарған жұмыс нәтижелері және 2017 жылдарға арналған жоспары талқыланды. Бұл орайда Кеңестің төрағасы, профессор Марат Қоғамов бұдан былай тұрақты екі комиссияның белсенді жұмыс істейтінін хабарлады. Кеңестің жанынан құрылған бұл комиссиялар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің жобасын қарастыратын заң шығарушылық пен полиция жұмысының айқындылығын қамтамасыз ететін мәселелерді және азаматтардың өтініштерін қарауды жүзеге асырады.
Бұл бағытта аталған Қоғамдық кеңес өткен жылы сегіз отырыс пен үш қоғамдық тыңдау өткізді, онда нормативтік құжаттамаларды әзірлеу бойынша өзекті мәселелер қарастырылды. Кеңес 140 заң жобасын, Үкіметтің қаулысын, ІІМ-нің келісімдері мен бұйрықтарын, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты басқа да нормативтік-құқықтық актілердің қамтамасыз етілуін, сондай-ақ, 40 азаматтың өтінішін қарап, нәтижесін саралады. Оның қорытындысы бойынша, министрліктің қызметтеріне тиісті ұсынымдар берілді, олардың басым бөлігі іске асырылды, қалғандарының орындалуы бақылауға алынды.
М.Қоғамовтың айтуына қарағанда, Қоғамдық кеңес мүшелері Парламентке, мемлекеттік органдар мен өңірлерде өтетін ғылыми-практикалық конференцияға, дөңгелек үстел жұмыстарына, қоғамдық кездесулерге, көшпелі отырыстарға қатысқан көрінеді.
Жиын барысында Ішкі істер министрі Қ.Қасымов сөз алып, Кеңестің төрағасы мен мүшелеріне алғыс білдіріп, оның қоғамдық маңызды мәселелер аясында және ішкі істер органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша белсенді атқарылған жұмысты атап өтті.
Сонымен қатар, отырыс барысында ІІМ-нің комитет және департамент басшыларының Қоғамдық кеңестің тұрақты комиссиясының ұсынымдарын іске асыру және ішкі істер органдары қызметінің әртүрлі бағыттары бойынша есебі тыңдалды.
Сөйтіп, талқылау барысында Кеңестің биылға арналған жұмыс жоспарында айқындалғандай, қоғамдық тыңдауларды өткізу үшін жұмыс топтарын бекіту мәселесі қаралды. Осы орайда «Азаматтар және полиция: сенімге негізделген өзара іс-қимыл», «Жиналыс, митингтер, демонстрациялар мен шерулер», «Қазақстан полициясына – 25 жыл: қалыптасуы, дамуы, озық тәжірибесі, тиімділік проблемалары» тағы басқа да тақырыптарға мән беру көзделді.
Отырыстың қорытындысы бойынша, Қоғамдық кеңес мүшелеріне, сондай-ақ, министрліктің қызмет басшыларына осында қаралған мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар берілді.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»