Жоғарғы сотта «Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы судьяларының VII съезінде қойған міндеттерін іске асыру» тақырыбында сот төрелігін жүзеге асырудың өткен жылғы қорытындыларына арналған кеңейтілген кеңес өтті.
Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Т.Донақов, Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы А.Смолин, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл А.Шәкіров, Жоғарғы соттың судьялары, облыстық соттардың төрағалары мен әкімшілері, Судьялар одағы мен Жоғарғы сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшылығы қатысқан жиында Жоғарғы сот Төрағасы Қайрат Мәми баяндама жасап, өткен жылда елімізде сот жүйесін дамытудың жаңа кезеңі басталғанын, соның шеңберінде құқық үстемдігі саласындағы институционалдық реформаларды практикалық тұрғыдан іске асыру қамтамасыз етілгенін атап өтті. Ал жыл қорытындысын шығарып, алдағы кезеңге бағытталған бірқатар міндеттерді баян еткен Төрағаның айтуынша, азаматтық істерді соттарда қараудың жалпы мерзімі екі есе қысқарып, азаматтық істердің 82 пайыздан астамы алғашқы сот отырысында-ақ аяқталғанын жеткізді.
«Осылайша, істерді бұйрық арқылы қарау – 43 пайызға, дауды шешудің баламалы жолдарын қолдану – 68 пайызға, медиация тәсілімен 3 есеге артты. Сөйтіп, жалпы істің 59,2 пайызы тараптарды сотқа шақырмай-ақ, жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қаралуда. Ал прокурордың қатысуымен қаралған істердің саны шамамен төрт есеге азайды», – деді Қ.Мәми.
Сондай-ақ, сотқа келіп түскен өтініштер мен істердің жалпы саны артып, 2015 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 1 млн 160 мыңнан асқаны белгілі болды. Соның ішінде 810 мыңға жуық іс пен өтініш азаматтық сот ісін жүргізу тәртібінде қаралса, соңғы 5 жылда соттар қараған азаматтық істердің саны төрт есе немесе 200 мың іске артқан. Осыған байланысты Қайрат Мәми судьялардың VII съезінде берген Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде дауларды соттан тыс шешу тетіктерін дамыту арқылы сот жүктемесін азайту бойынша шараларды әзірлеу қажеттігін алға тартты.
Сонымен қатар, өз баяндамасында Қ.Мәми электронды сот төрелігін одан әрі жетілдіру қажеттілігіне ерекше назар аударды. Сөйтіп, алдағы бес жылға арналған Сот жүйесін ақпараттандыру стратегиясын әзірлеу міндеті қойылды. Аталған құжат шеңберінде сот органдарының Ахуалдық орталығы құрылып, сот отырысының электронды залының моделі енгізіліп, сот ісін жүргізу толығымен электронды нұсқаға көшірілетін болды.
Айта кетейік, шара аясында азаматтық, қылмыстық, әкімшілік істер және инвестициялық даулар бойынша сот төрелігін жүзеге асырудың 2016 жылғы қорытындысы туралы Жоғарғы соттың алқа төрағалары Еліс Әбдіқадыров, Абай Рахметулин мен Айгүл Қыдырбаева баяндама жасады. Сондай-ақ, бірқатар облыс төрағалары да сөз сөйлеп, аймақтардағы сот ісінің жағдайын егжей-тегжейлі хабардар етті.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»