30 Қаңтар, 2017

Квебек мешітіндегі атыста бес адам қаза тапты

324 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Канаданың Квебек қаласындағы мешітте 29 қаңтар күні кешке құлшылыққа келгендерге қарулы адамдар оқ атып, бес кісі қаза тапты, деп хабарлайды BBC. Қанды оқиғаға куә болғандардың бірінің агенттікке айтуына қарағанда, қарулы үш адам Квебек ислам мәдени орталығында 40 шақты адамға оқ жаудырған. Полиция орталық аумағын қоршауға алған, журналистерге оқиға туралы комментарий беруден бас тартады. Жергілікті билік басшысы Мохамед Янгуи шабуылды "тағылық әрекет" деп атады. 2016 жылы маусымда әлдекімдер орталық алдына шошқаның кесілген басын тастап кеткен еді. Мохамед Янгуи шабуыл жасалған кезде өзі орталықта болмағанын, бірақ ондағы адамдар қоңырау шалғанын айтты. Ол шабуылдан қанша адам жараланғанын білмейтінін, жаралыларды қаладағы бірнеше ауруханаға алып кеткенін хабарлады. Квебекте соңғы жылдары мұсылмандардың бет-әлпетін жауып тұратын киімі - ниқабқа тыйым салуға байланысты саяси дебатқа байланысты исламофобия күшейе бастаған. 2013 жылы полиция Квебектің Сагеней аймағындағы мешітке әлдекімдер белгісіз жануардың қанын шашып жағып кеткен соң тергеу жүргізген. 2015 жылы қарашада Парижде шабуыл болған күннің ертеңінде Онтариода белгісіз адамдар мешітке от қойып кеткен.