Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Сауд Арабиясы Корольдігінің - Шейхы, «АL Ramez Group» компаниясының президенті Абдулла Заид әл-Мелеихимен кездесті. Жиын барысында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда екі жақтың өкілеттігі мен міндеттерін талқылаумен конструктивті диалог өткізілді. Бұл туралы ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әңгіме барысында тараптар Оңтүстік Қазақстан мен Сауд Арабиясының өзара қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеру қажеттігін атап өтті.
«Біз экономиканы әртараптандыруға бағытталған реформаларды іске асырудамыз. Оңтүстік Қазақстан облысы - республикадағы өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының барлық салалары дамыған өңір. Кәсіпкерлікті қолдау үшін бизнеске барынша жеңілдіктер қарастырып, инвестиция тарту үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Бизнес үшін әкімшілік кедергілер мейлінше азайтылды. Қазір бізде 3 арнайы экономикалық аймақ құрылып, онда либералды салық режімі қолданыла отырып жұмыс жүргізілуде», - деді аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев.
Өз кезегінде Шейх- Абдулла Заид әл-Мелеихи Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы іскерлік байланыстардың келешегі зор екеніне назар аударды. Оның айтуынша, мұнда жұмыс істеуге, сауда-саттық жасауға жақсы жағдай жасалған. Әсіресе, Қазақстанның саяси тұрақтылығы, ішкі татулығы инвесторлар үшін еркін жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, саудиялық ірі компания басшысы Оңтүстік Қазақстанның бүгінгі тыныс-тіршілігімен толықтай танысып, Түлкібас ауданынан жылына 30 мың тонна ет беретін құс фабрикасының құрылысын биылғы наурыз айында бастайтындарын жеткізді.
Жалпы құны 85 млн еуроны құрайтын жоба екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Алғашқысына 61 млн еуро жоспарланса, екінші кезең үшін 24 млн еуро қарастырылыпты. Жобаны жүзеге асыру барысында балапан асырау орындары, аналық және балапан өсіру орындары салынды. Бұдан бөлек инкубатор, бройлерлік корпус, сою цехі және жем-шөп зауыты бой көтерді.