31 Қаңтар, 2017

Климат өзгерісі курс ретінде оқытылады

370 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Биылғы оқу жылының алғашқы жарты жылдығында еліміздегі жетекші екі оқу орны – Алматы энергетика және байланыс университеті (АЭжБУ) мен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде (ТарМУ)  «Климат өзгерісі» және «жасыл экономика» атты жаңа курс енгізілген болатын. Аталмыш қанатқақты курс нәтижелерін қорытындылау және жалпы оқу бағдарламасына енгізу мақсатында Қазақстан жоғары оқу орындарының пән өкілдері арасында арнайы талқылау өтті.  «Тұрақты дамуға ықпал ету орталығы» қоғамдық қоры ұйымдастырып отырған «Жоғары оқу орындарына «Климат өзгерісі және «жасыл экономика» курстарын енгізу» деп аталатын дөңгелек үстел USAID KSSMR шеңберінде әзірленген қазақ­стандық бағдарламаны негіз етіп алған. Студенттер бойында адамзаттың эко­но­микалық тұрғыдағы іс-әрекеті мен климат өзгерісі арасындағы тығыз бай­ланыс және «жасыл экономиканы» енгізудің қажеттілігі туралы ұғымдарды қалыптастыруды, тұрақты дамумен, мик­ро және макродеңгейдегі сапалы эко­номикалық өсіммен қамтамасыз ету аясында шешім қабылдай білу дағдыларын дамытуды мақсат тұтатын аталмыш курс­тың оқу-әдістемелік кешеніне оқу материалдары, дәрістер, практикалық жаттығулар,  жағдайға қатысты тапсырмалар мен ЖОО-дағы оқыту барысын ын­та­ландыруға ықпал ететін тестер кірмек. Келешекте  аталмыш курсты енгі­зуге ынталы болып отырған әл-Фара­би атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атын­дағы ЕҰУ, Алматы Технологиялық универ­ситеті, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротех­ни­калық университеті, Е.Букетов атындағы ҚарМУ, С.Торайғыров атындағы ПМУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, «Халық шаруашылығы» университеті сияқты бірқатар мемлекеттік оқу орындарының дөңгелек үстелге арнайы келген өкілдері қанат­қақты курс нәтижелерімен танысу мақ­сатында АЭжБУ және ТарМУ оқыту­шыларының баяндамаларын тың­дады. Сондай-ақ, климаттың өзгеруіне бейім­делу ша­раларының өзектілігі мен ма­­­ңыз­дылығына қатысты оқытушылар мен сту­денттер арасында пікір алмасылады. «Табиғи ресурстар тапшылығы туын­­дағанда, энергетикалық тұрғыдан сыртқы көздерге тәуелді болып қала­тынымыз анық. Оны болдырмас үшін бүгіннен қамданып, экономиканы тұрақтандыруға тиіспіз. Әлбетте, ол үшін «жасыл экономикаға» көшуіміз керек. Яғни, электр қуатын, жылу қуатын жаңғырмалы қуат көздерінен алудың артықшылықтары көп. Біріншіден, олар  таусылып қалмайды, екіншіден, экологиялық тұрғыдан әлдеқайда таза болмақ», дейді «Жасыл экономика» кур­сын әзірлеген ғалымдардың бірі, АЭжБУ жылуэнергетикалық қондырғылар кафе­драсының меңгерушісі Андрей Кибарин. Қазақстандық ғалымдар негізін салып, қолға ала бастаған жаңа оқу курсы сту­денттердің қоршаған ортаға жанашыр­лық­пен қарай білуіне әрі олардың да жоба­лық процестерге қатысуына мүмкіндік бермек. Жалпы, әлемнің кез келген елі үшін бас­ты мәселеге айналып келе жатқан кли­мат өзгерісі әсіресе, Қазақстан үшін айрықша маңызға ие болуы тиіс екенін атап өткен оқытушы-ғалымдар «Жасыл экономика» курсы тек қоршаған орта мен ауа райына оң әсерін тигізіп қана қоймай, экономикалық тұрғыдан үлкен қаржы түсіре алатын пайдасы мол сала және климат өзгерісімен күрестегі басты құралдың біріне де айнала алатындығына назар аударды. Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ