Алматыдағы Орталық музейде XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиада аясында «Қазақстан спортының тарихы» атты көрме келушілерге есік ашты.
Көрменің ашылу салтанатына Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Хван Май Ундеевич, самбодан халықаралық дәрежедегі төреші Михаил Шепетюк сынды спорт ардагерлері, танымал жас спортшылар мен Қазақ спорт және туризм академиясының өкілдері қатысты.
Мемлекеттік орталық мұражай директорының бірінші орынбасары Бейбітқали Қақабаев өз сөзінде аталған көрменің Алматы қаласындағы орта мектептер үшін Қазақстан спортының тарихымен таныстыруға бағытталған танымдық бағдарлама екенін жеткізді.
Мұражайдың қор бөлімінде сақталған спорттық топтамалар мен құжаттар негізінде Қазақстандағы спорт түрлерінің, оның ішінде ұлттық спорттың даму тарихы баяндалады. Екі бөлімнен тұратын «Қазақстан спортының тарихы» атты көрмеде құжаттар, фотосуреттер, заттық экспонаттар, арнайы спорт киімдері, эмблемалар, кәдесый бұйымдары, спорттық ақпараттар хронологиялық түрде рет-ретімен қойылған.
1943 жылы өткен Орталық Азия және Қазақстан республикаларының спартакиадасына арнап жасалған мұқабасы ағаш алып альбом, Қажымұқан балуан киген тымақ тәрізді бірегей экспонаттармен қатар, Азия ойындарына қатысқан қазақстандық спортшылар киген формалар да келушілер назарына ұсынылыпты.
Кеңес Одағы тұсында түрлі спорттық дәрежелерге қол жеткізіп, ел мақтанышына айналған жерлестеріміз Ғұсман Қосанов, Евгений Яровенко, Әлжан Жармұхамедов, Нелли Ким, Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков, Аманжол Бұғыбаев, Қабден Байдосов, Анатолий Храпатый, Хван Май Ундеевич, Қазбек Уәлиев, Серік Қонақбаев сынды әйгілі спортшылардан бастап, күні кеше Сидней, Афина, Бейжің, Лондон қалаларында өткен олимпия ойындарында ел намысын қолдан бермей, көк байрағымызды желбіреткен отандастарымыздың толайым табыстары мен марапаттарын көрмеден көріп қайтқан кез келген жастың спортқа деген қызығушылығы арта түспесе, кемімесі анық.
Ұлттық және халықаралық спорттың дамуына зор үлес қосқан спортшыларды, сонымен қатар, еліміздің спорт саласында қол жеткізген табыстарын өскелең ұрпаққа таныстыруды мақсат еткен бұл көрме екі айға созылмақ.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ