Таран ауданындағы Борсуков жинақталған мектебінде бүгінде төрт бала оқып жатыр, бір бүлдіршін мектепалды дайындық сыныбына барады. Бар-жоғы бес бала. Жинақталған мектептің меңгерушісі Надежда Щукина түске дейін бірінші сыныптағы екі оқушыны, түстен кейін 3,4 сыныптардағы екі баланы қосып оқытады. Надежда Дмитриевна үшін айналдырған екі балаға сабақ беру баяғыдай 20 баламен жұмыс істеуден қиын. Психологиялық жағынан қиын. Қырық жылдық ұстаздық бай тәжірибесінің арқасында өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, төрт балаға оқу бағдарламасын түсіндіріп келеді.
– Өткен қыркүйек айында мектеп ашылмайды деп отырғанбыз, Лисаковтан, Жітіқарадан және аудан орталығынан үш отбасы көшіп келді де, бала бесеуге жеткен соң бастауыш мектеп сақталып қалды. Кейін бірінші сыныптағы бір қыз баланың ата-анасы ауылдан көшіп кетті де, қайтадан төрт бала ғана қалды. Бірінші сыныпта үш бала болған кезде олар бір-біріне қарап талпынатын, бәсеке пайда болған. Айналдырған екі бала жарыспайды, маған сол жағы қиын, – дейді Надежда Дмитриевна.
Борсуков бастауыш мектебі бірден мұндай күйге түскен жоқ. Осы маңда «Знамя советов» кеңшары болған, соның бес бөлімшесінен қазір үшеуі ғана қалды. Соның бірі Борсуков, мұнда 18 отбасы ғана тұрады. Шаруашылыққа қарайтын бес бөлімшеде негізінен неміс ұлтының өкілдері тұрушы еді, барлығы дерлік ата жұртына қоныс аударды. Тұрғындар қорасындағы малымен күн көреді. Осы елді мекенге он бес шақырым ғана жерде Апанов ауылы бар. Елді мекен темір жолдың, тас жолдың бойында болғандықтан, ондағы өмір де жеңілірек, тірек мектебі бар. Онымен Борсуков бастауыш мектебі үнемі байланыста жұмыс істейді. Дегенмен, аудан орталығынан 86 шақырым, облыс орталығынан 156 шақырым қашықта жатқан Борсуков селосына тас жол болмағандықтан, көктем, күз маусымындағы лайсаңда адамдар аттам жерге шыға алмай қалады. Ауылдың болашағы жоқ екенін барлығы да түсініп отыр, тек аудандық әкімдіктің қолдауы арқасында әупірімдеп тұр. Ал келер оқу жылы Борсуков бастауыш мектебінің болар-болмасы күмән, бұл ауыл тұрғындарының, соған орай бала санының азайып, көбеюіне тікелей байланысты.
Облыс бойынша 95 мектеп мемлекеттік норматив желісіне сәйкес келмейді. Олардың үшеуі бастауыш, 51-і орталау, 41-і орта мектеп. Оған бала санының аздығы басты себеп болып отыр. Қарабалық, Таран, Алтынсарин, Жангелдин, Әулиекөл, Денисов, Қарасу аудандарындағы шағын жинақталған мектептердегі бала саны бесеуге, барлығындағы оқушының саны отызға да жетпейді. Ал облыстағы барлық шағын жинақталған мектептерде 21 503 бала білім алады, бұл облыстағы барлық оқушының 21 пайызы. Пайызға шаққанда аз көрінгенмен де бала саны аз емес.
Жинақталған мектептердің проблемасын бүгінгі ауылдың жағдайынан бөліп қарауға болмайды. Өйткені, облыстағы 529 білім ошағының 360-ы шағын жинақталған мектеп болса, соның 358-і ауылда орналасқан. Мұндай мектептер негізінен ішкі көші-қон тоқтамаған, тұрғындары аз ауылдарда болғандықтан, оған жас мамандар да бара қоймайды. Шағын жинақталған мектептерде негізінен математика, химия, биология пәндерінің мұғалімі жетіспейді. Ал бүгінгі мектеп бағдарламасының қаншалықты күрделі екенін ескерсек, бұл әсіресе, жоғары сыныптар үшін тығырықтан шығар жол да емес секілді. Өткен оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеуден шағын жинақталған мектептер түлектері орташа 78,5 балдан жинады. Бұл облыс мектептерінің орташа көрсеткішінен (83,86) біраз төмен. Ал білім сапасы жинақталған мектептерде 35,5 пайыз көрсеткен, бұл да облыс мектептеріндегі орташа көрсеткіштен едәуір төмен.
Мемлекеттік нормативке сәйкес келмейтін жинақталған мектептерде оқушының аздығына байланысты түрлі сыныптарды қосып сабақ өткізу бас ауруға айналған. Бұл орайда жақын орналасқан елді мекендердегі тірек мектептерінде тәжірибе жинақталады, ол айналадағы шағын магниттік мектептерге беріледі, ғылыми-әдістемелік, материалдық, кадрлық ресурстарды бірлесіп пайдаланады. Бірақ мұнымен жинақталған мектептердің барлық проблемасы шешімін тапты деген сөз емес. Тірек мектептерінің нормативтік-құқықтық базасы әлі жетілдіруді талап етеді. Олардың магниттік шағын жинақталған мектептерден тым алыста орналасуы, жолдардың нашарлығы қарым-қатынасқа көп кедергі жасайды. Мұғалім де ет пен сүйектен жаралған адам. Осындай шағын мектептерде мұғалімнің басы ауырып, балтыры сыздай қалғанда немесе отбасының шаруасымен шұғыл жол жүретіндей болса, орнын алмастыратын ешкім жоқ.
– Қазір облыстағы жоғары оқу орындары мен колледждер мұғалімдерді бір пәнге ғана дайындайды. Бірнеше пәнді меңгерген мамандарды дайындаса да олар санаулы ғана, шағын жинақталған мектептерді түгел қамти алмайды. Оған керісінше, шағын жинақталған мектептерде сынып, оқушы саны аз болғандықтан, мұғалімдер толық сағатпен жұмыс істемейді, ал пән мұғалімдері жетіспегендіктен бір пәннің мұғалімі басқа пәннен сабақ беруге бейімделеді. Мұның барлығы білім сапасына кері әсер етеді, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Бәтима Дәуімова.
Жасыратыны жоқ, ауылдардағы ерте салынған типтік мектептердің біразы қажетсіз болып қалған, солтүстіктің ұзақ қысында жылумен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттің шамасы келмейді. Сондықтан, шағын жинақталған мектептер бейімделмеген ғимараттарға жайғасады. Сондықтан, мұндай шағын жинақталған мектептерде оқу зертханалары, шеберханалар, қазіргі заманғы жиһаздар, техникалық құралдар, электронды кітапханалар жоқ.
Міне, ауылдардағы 21 мыңнан аса оқушыға білім беріп отырған шағын жинақталған мектептердегі жалпы көрініс осындай. Сонда тығырықтан шығар жол қайсы? Бүкіл ғұмыры ауылда өтіп келе жатқан Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов білім саласына жауаптылар мұндай мектептерді жабуға құлықсыз деген пікір айтты. Ал баланың болашағын, білімін ойласа, мұндай мектептердің барлығын да жабу керек деп біледі.
– Шағын жинақталған мектептердің барлығын да жабу керек. Бұл мектептер алдымен балаға сапалы білім бере алмайды. Өйткені, ондай алыс ауылдарға жақсы мұғалімдер, жас маман бармайды. Балаларды тірек мектеп саналатын орталық мектептерге автобуспен тасу керек. Батыс елдерінде солай ғой. Мысалы, Меңдіғара ауданының Харьков ауылындағы мектепке көрші Каменьск-Уральск, Ақсуат ауылдарынан балаларды автобуспен тасыса болар еді. Ауыл арасы алыс емес, 15-20 минут қана жүреді. Сонда мектеп іріленеді, сыныпта бала көбейеді, мұғалімдердің сағаты толығады. Он шақты бала үшін шағын мектептерге жұмсап отырған бюджеттің ақшасын осындай орталық мектептердің заманауи материалдық-техникалық базасын жақсартуға жұмсаса тиімді болар еді, – дейді Сайран Бәлкенұлы.
Кеңес Одағы кезінде мектеп жанындағы интернаттар жақсы қызмет атқарған еді. Қостанай қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы атақты мектептің интернатында жатып оқыған балалардың арасынан ғалым да, қайраткер де, өнер жұлдыздары да шықты. Облыстағы алыс аудандардың, шопандардың балалары осы интернатта жатып оқитын. Облыста мұнан бөлек тағы басқа әйгілі интернаттар болады. Бала ата-ананың әлпешіне ғана сүйенбей тәртіпке, дербес шешім қабылдай алуға үйренетін.
Облыста барлығы 27 мектеп жанындағы интернат бар. Күніне 2325 баланы мектептерге автобуспен жеткізеді, 780 баланы апта сайын үйлеріне 137 автокөлік тасиды. Оның ішінде 45 бала пәтер жалдайды, ал қалғаны интернатта жатып оқиды. Демек, облыста балаларды таситын көлік те, жатып оқитын интернаттар да жеткіліксіз.
Қолындағы малын бағып, шалғай ауылдарда отырған ата-ана баласының оқуы үшін қалаға, тіпті орталық ауылдарға қоныс аудара алмайды. Баласының әйтеуір мектепке барғанына мәз. Бірақ, шалағай білімді баланың болашағы қандай болмақ?
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы