31 Қаңтар, 2017

Кейбір салалардағы сатып алу әдістерін қайта қарастыру керек - Президент

354 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Еліміздегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадамдар жасалды. Алайда, басты назар көбіне сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күресуге аударылып отыр. Бұл туралы бүгін жарияланған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына арнаған Жолдауында айтылған. «Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет»,  - деді Елбасы. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты екенін айтты. «Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуға тиіс», - деді Қазақстан Президенті. Сонымен қатар Елбасы Жолдауда сатып алу саласын жетілдіруге баса назар аударған. «Үкіметке мемлекеттік сатып алу жүйесін орталықтандырылған қызмет қағидаты бойынша енгізуді тапсырамын. Квазимемлекеттік секторда, табиғи монополия және жер қойнауын пайдалану салаларында да сатып алу шараларын өткізу әдістерін түбегейлі қайта қарастыру керек», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.