04 Сәуір, 2011

Сырт көз сыншы

544 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Елімізде өтіп жатқан президенттік сайлау барысын бақылап жүрген шетелдік байқаушылар кеше Астана қаласындағы көптеген сайлау учаскелерін аралап, олардың жұмысымен жақын танысты. Сондай сәттердің бірінде біз Еуропапарламентінің депутаты, ЕП-ның Орталық Азия жөніндегі делегация­сының және «Бірлескен еуропалық солшылдар» партиясының мүшесі Милослав Рансдорфты сөзге тартқан едік.­­ – Рансдорф мырза, сіз үшін еліміздегі сайлау қалай өтуде? – Сайлауға дайындық, ұйымдастыру және сайлау үдерісі мате­риалдық ба­за­сының жа­са­луы жоғары деңгейде. Ең бастысы, тұрғындар үшін барлық жерде ақпа­раттық қамтамасыз ету мәселесі шешімін тапқан. Мұның өзі Қазақ­стан­ның де­мократиялық дамуында серпін бар ек­ен­дігін көрсетеді. Көптеген тұр­ғын­­дар­дың келіп дауыс беріп жатуы халық тарапынан сайлауға деген нем­құрай­лық­тың жоқтығын білдірсе керек. Ме­нің ойымша, ел тұрғындарының ба­сым бөлігі келіп өз дауыстарын беретін сияқты. Мені осы жағы қуантып отыр. – Өзгелермен, мысалы, сол өзі­ңіздің еліңіз Чехиямен салыс­тыр­ған­да Қа­зақ­станда өтіп жатқан президенттік сайлауда нендей өзгеше­лік­терді байқадыңыз? – Демократия мәселесі үнемі дамы­тып отыруды қажет ететін процесс. Сон­дықтан оны да ескерген жөн. Ең бастысы, құқықтық мемлекет орнатып, тұрғындар­дың жағдайын барынша жасау және өмір сүру стандарттарын ең­гізу алдыңғы ор­ын­ға шығуы тиіс. Қа­зақстанды алар бол­сақ, сайлау тәжі­рибесінде мұндай про­грес­тің бар екендігін байқаймыз. Чехияда президентті парламент сай­лайтындықтан, мұндағы жағдай сәл өз­гешелеу. Қазіргі таңда қоғамда тікелей сайлау өткізу қажет деген де пікірлер ай­тылып қалып жүр. Өйткені әр түрлі саяси партиялар өзара келісіп, президент сай­лауына ықпал етуде. Олай болса халықтың өзі тікелей сайлау арқылы таңдау жасаса деген пайымдаулар да жоқ емес. Біздегі бастысы депутаттарды сайлау болса, оның өзін қаржы мәселесі шешіп жатыр. Қа­зақстанда сол қаржы көз­дерін пайдала­нуға, яғни сайлау қор­ла­рында қаржының белгілі бір мөл­шер­ден артық болмауына шектеу қоюдың өзі құптарлық. – Президенттікке үміткерлер тура­лы не айтар едіңіз? – Н.Назарбаев туралы айтар болсам, халық ауыртпалық әкелген өтпелі ке­зең­дерді басты үміткермен бірге өткізді. Сондықтан да үйренісіп қалды, екінші жағынан, ол өзінің нақты елді да­мы­ту­дың сайлауалды тұжырымдамасын ұсы­на білді. Міне, осының барлығын екшейтін болсақ, өзге кандидаттарға қа­рағанда, Н.Назарбаев әлдеқайда ұтым­ды жағ­дай­да екендігін көреміз. Әр қа­зақ­стан­дық­тың басына шаққанда 50 АҚШ долла­ры­нан келген ішкі жалпы өнімді 9 мыңнан асырған адам, әрине, көпшіліктің қол­дауына ие болары түсінікті де. *** Лорд Джон Андерсон Уэйверли, Ұлыбритания Корольдігі Парламентіндегі лордтар палатасының мүшесі. – Қазақстанның Франция, Италия және Испаниямен әріптестік туралы келісімі бар. Қазіргі кезде Германиямен де осындай құжатқа қол қою мәселесі қарастырылуда. Ұлыбритания қазір өзінің жоғарыдағы еуропалық әріптестеріне қарағанда Қазақстанмен байланысты дамытуда артта қалып бара жатыр деп ойламайсыз ба? – Стратегиялық әріптестік туралы келісім екі жаққа да маңызды. Оны біз жақсы түсінеміз және білеміз. Әрине, мен Қазақстан мен Ұлыбритания ара­сындағы қарым-қатынасты жоғары бағалаймын. Бірақ стратегиялық әріптестік туралы құжаттың орны бөлек. Қазір Қазақстанда Англияның мұнай компа­ниялары жақсы жұмыс істеуде. Осы екі ел арасындағы байланысты біз одан әрі дамытқымыз келеді. Сол үшін Ұлыбритания премьер-министрінің Қазақстанға іссапармен келуін құптаймын және оның тезірек болғанын қалаймын. – Орталық Азия және Қазақстан бойынша сарапшы ретінде Президент сайлауы туралы не айтар едіңіз? Оның өзіңіз байқаушы болған 1999 жылғы сайлаудан айырмашылығы бар ма? – Қазақстан тәуелсіздік алған кезден бері саяси және экономикалық рефор­маларды табысты жүргізуде. 20 жыл дегеніміз – бұл тарихи кезең. Сіздер көптеген заңдарды қайта қарап, олардың халықаралық талаптарға сай болуы үшін көп жұмыс істедіңіздер. Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші ел ретінде білемін. Бұған дәлел келтіріп айтудың өзі артық. 2012 жылы 1 қаңтарда Орталық Азия бойынша есеп жариялайтын боламыз. Сонда осы жағын ескереміз, әрине. – Ұлыбританияның Қазақстанмен және Орталық Азияның басқа елдерімен болашақтағы қарым-қатынасын қалай бағалайсыз? Перспективасы қандай? – Қарым-қатынас барлық салада болу керек. Бізді жақындастыратын көптеген салалар бар. Бұл саяси реформалар, экономикадағы, мәдени саладағы байла­ныс­тар. Бізді жақындастыратын сондай-ақ достық және ынтымақтастық. Ең бастылары осы. – Сайлау учаскесінде не байқадыңыздар? – Өзім аралаған сайлау учаскелерінің бәрі жақсы ұйымдастырылыпты. Сайлаушылар тарапынан өтініш, арыздар бола ма деп ойлап едік. Олардың бірі де болған жоқ. – Сайлауға қандай баға бересіз? – Жақсы баға беремін. Сайлау ашық және әділ түрде өтті деп ойлаймын.   *** Елімізде өткен кезектен тыс Президент сай­ла­уына әлемнің әр шал­ғайы­нан көп­­теген байқаушылар келді. Соның бірі ретінде Лат­вия­ның Еуропарламент­те­гі де­пу­таты, «Біріккен еу­ро­па­лық солшылдар» пар­тиясы­ның мүшесі Альфред РУБИКС елордадағы сайлау учас­келерін аралап шықты. Сондай жұмыс барысында бізге халық­ара­лық байқау­шы­­­мен кездесу­дің сәті тү­сіп, оған бірнеше сұрақ қойдық. – Сіздің Қазақстанға келуіңіз бірінші рет пе? – Мен Қазақстанға осымен үшінші рет келіп отырмын. Алғаш рет сонау Кеңес өкіметі кезінде келіп едім. Содан соңғы рет былтыр мамыр айында болдым. Астана мен үшін ең көрікті қалалардың бірі болып табылады. Қаржылық тапшылық кезінде және айналдырған он жылдың ішінде осындай сәулетті қала тұрғызып, онда 600 мыңнан астам адамның жүрек қалауымен жұмыс істеуіне жан-жақты жағдай туғызу үлкен жетістік. – Дұрыс екен. Ал енді шетелдік байқаушы ретінде не айтар едіңіз? – Мен бұл жолы халықаралық байқаушы ретінде келген соң кезектен тыс Президент сайлауы барысын қадағалап жүрмін. Таңертеңнен бері көптеген сайлау учаскелерін аралап шықтым. Шынымды айтайын, дауыс беріп жатқан адамдардың іс-әрекетіне қарап отырып байқағаным, кәдімгі бір мейрамды тойлап жатқандай олардың көңіл-күйлері өте жоғары. Көптеген сайлау учаскелерінде көркемөнер­паз­дар үйірмелері жұмыс істеуде, олардың қойған концерттерін тамашаладық. Бұл сайлаудың, жалпы басқа сайлаулардан айырмашылығы деп, оның өте жоғары деңгейде ұйымдастырылуын айтар едім. Тағы бір байқағаным, халық сайлауға ағылып келіп жатыр. Бұл мемлекеттің демократиялық бағытын, адамдардың дұрыс таңдау жасауға ұмтылысын байқатады. Қай сайлау учаскесіне бармайын, барлығын­да сайлаушылар бар, біреуінде көп, бірінде аз дегендей, бірде-бір бос тұрған учаскені көргенім жоқ. Ертеңгісін, мәселен, сайлау учаскелерінде адамдар көп болды. Демек, сайлаушылар белсенділігі өте жоғары. – Кемшіліктер байқалды ма? Заң бұзушылықтар бар ма? – Жоқ, қаладағы әзірге мен аралаған сайлау учаскелерінің бірде-бірінде, анау айт­қандай заң бұзушылықтарды байқағаным жоқ. Бірде-бір риза емес сайлау­шы­ны көргенім жоқ. Әрине, кейбір сайлаушылар өздерін тізімнен таба алмай жат­ты, бірақ оны шешудің тетіктері де алдын ала ойластырылған екен, мәселе бірден шешімін тауып ол адамдар дауыс беруге мүмкіндік алды. Сайлау ко­мис­сиялары қалтқысыз жұмыс істеуде. Олар келген адамдарды өте жылы қа­был­дайды екен. Егер біреуге түсініксіз жағдай туындап жатса, оған сол мезетте қолма-қол бәрін түсіндіріп береді. Осының бәрі адамның көңіліне жылылық ұялатады. Жалпы, менің айтарым, Латвияның Еуропарламенттегі депутаты ретінде ондағы сай­лау­ларды жақсы білетіндіктен және Кеңес өкіметі кезінде де талай мәрте сайлау­лар­ға қатысқандықтан сіздің елде өтіп жатқан кезектен тыс Президент сайлауына өте жоғары баға беремін.