31 Қаңтар, 2017

2016 жылы "Ақтөбемұнайгаз" АҚ 4 млн тонна мұнай өндірді

403 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
"СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ бас директоры Ван Цзюньжэнь облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиналыста кәсіпорын қызметінің негізгі қорытындыларымен таныстырды, сонымен бірге 2016 жылы компания алдында көптеген қиындықтар туындағанын да атап көрсетті, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі. «Мұнай бағасы барынша төмендеді, ескі кен орындары бойынша өнім өндірудің табиғи таусылуы байқалды. Облыс әкімдігі мен мемлекеттік органдардың жан-жақты қолдауы нәтижесінде біз қиындықтарға қарсы тұрып, өнім өндіру бойынша барлық көрсеткіштерді артығымен орындауға қол жеткіздік», - деді ол. "2016 жылы 4 млн 121 мың тонна мұнай, 5 миллиард 759 мың текше метр газ өндірілді. Қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарына өткізілетін шикізаттың жалпы көлемінің 50 пайызы берілді, ішкі нарыққа 470 мың тоннадан астам сұйытылған газ шығарылды. Тұтастай алғанда газ өткізу көлемі 5 миллиард құрады, осылайша біз компанияның тарихында рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік", - деп хабарлады Ван Цзюньжэнь. Бас директор сондай-ақ АҚ өздеріне қабылдаған барлық міндеттемелерін орындағанын атап көрсетті: ішкі нарыққа 30 миллиард теңгенің мұнайын, сұйытылған газын және табиғи газын өткізіп, салыққа 83,5 миллиард теңге аударылған. Жұмысшыларды тегін тамақтандыруға 769 миллион теңге бөлініп, бір жұмысшыға берілетін әлеуметтік пакет 231 мың теңге құраған.