31 Қаңтар, 2017

Үкімет Ұлттық қор қаражатын үнемдеуді қолға алады

402 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Үкімет Ұлттық қор қаражатын үнемдеуге неге көшкенін түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, 2016 жылдың соңында Ұлттық қорды басқарудың жаңа тұжырымдамасы шықты. Онда екі негізгі міндет айқындалған. Біріншісі, трансфертті доллармен есептеуді доғару. «Бұрын трансферт доллармен есепетелетін, бұл өз кезегінде валюта бағамының өзгеруі кезінде көп кедергі келтірді. Енді ол тек теңгемен есепетеледі», - деп түсіндірді ол. Екіншіден, трансферттердің көлемін азайту көзделген. Биылғы 2,8 трлн. теңгеден, 2020 жылы 2 трлн теңгеге дейін төмендетіледі. Алдағы үшжылдық бюджетте ол: 2018 жылы - 2,6 трлн. теңге, 2019 - 2,3 трлн. және 2020 - 2 трлн. теңге көлемінде көрініс табады. «Осы орайда заңды сұрақ туындайды: жетіспей тұрған қаражат қайдан алынады. Бюджетті толықтырудың басты көзі -қосымша экономикалық белсенділік болуы шарт. Оны біз көп көлемді мемлекеттік бағдарламалар мен салық базасын кеңейту негізінде жүзеге асырамыз. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында атап өткен міндеттердің бірі - жеңілдіктерді оңтайландыру. Тиімді емес және қоғам үшін өзінің пайдасын жоғалтқан жеңілдіктер жойылады. Сонымен қатар салықтық әкімшілендіруді жақсарту жоспарланған. Ұлттық қордан алынатын трансферттерді қысқарту мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерді орындауына еш кедергі келтірмейтінін көріп отырмыз», - дейді министр. Оның сөзіне қарағанда, салықтық базаны кәсіпкерліктің белсенділігін арттырудың негізінде қол жеткізу жоспарланған. «Біз қаражатты салық көлемін арттырудан емес, экономикалық белсенділіктің арқасында көп түсіреміз», - деді Сүлейменов. Еске сала кетейік, Н.Назарбаев өзінің жолдауында Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалануды тапсырған болатын.