01 Ақпан, 2017

Алина РАЙКОВА: Асқаралы мақсат алтын межеге жеткізеді!

349 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Райкова-1Қай деңгейдегі жарыста болсын, ел құрамасы­ның қоржынына алғашқы алтын жүлдені сал­ған спортшы көптің есінде ерекше қалады. Өйт­кені, оның сүйінші хабары да ерекше ғой. Және, әрине, алтынның аты – алтын. Тәуел­сіз Қазақстанда өтіп жатқан Универ­сиа­да­ның алғашқы алтын жүлдесіне отандық спорт­шы­лардан алғаш болып биатлоншы Алина Райкова ие болды. Сайыс соңынан өткен баспасөз мәслихатында жеңімпаз жерле­сіміз­бен аз-кем сұхбаттасудың сәті түсіп еді. Алина, жеңісіңіз құтты болсын! Өзіңіз алдын ала сенімді ме едіңіз? – Рахмет. Сенімді болған жоқпын. Биыл сырқаттануыма, тағы бір себептерге байланысты Универсиадаға әзірлігім айтарлықтай емес еді. Сондықтан менің бұл жолғы негізгі мақсатым топ жарып, бірінші келу емес, өз бойымдағы осалдықты жеңу еді. Бүгін сол көздегеніме жет­кеніме қуаныштымын! – Жарыс кезінде қиыншылықтар болды ма? – Жарыс барысында 15 км жолды дұрыс жүріп өту, дәл көздеп ату оңайға соққан жоқ. Физикалық тұрғыдан төзімім таусылып, қолымды бір сілтегім келген сәт те болды. Бірақ, санам, нәтижені ойлаған көңілім олай жасатпады, ақыл шіркін эмоцияға бой алдырған жоқ!.. Басты міндетім өз-өзімді жеңу еді. Алдыңа мақсат қоя білсең, армандай білсең және соған ұмтыла білсең, бәрі де мүмкін екен. Яғни, асқаралы мақсат алтын межеге жеткізеді! – Сіздердің жарысқа ауа райының, жер жағдайының әсері болды ма? – Бізге жүріп өту жүктелген трасса әлемдік биатлонда ең қиын саналатын жолдардың бірі. Оның үстіне, осы күні күн райы да тым қолайсыз болды. Қар жауып, жел де біресе оңнан, біресе солдан соғып, әр адымды қиындатып жіберді. Кідіріссіз жүгіріп отыру үшін аса абай болу қажет еді. Ал жарыс мәреге таяғанда айналаны тұман басты. Әйтеуір не керек, жарыс үлкен қиындықпен өтті. Оның таулы, қыратты жерде өткенін ескерсеңіз, қалай қалжырағанымызды өзіңіз бағамдай беріңіз. – Бұл сіздің спорттағы ең үлкен жеңісіңіз бе? Өзіңіздің биатлондағы мықты және осал тұстарыңызды атай аласыз ба? – Жоқ. Мен 2015 жылы өткен қысқы Универ­сиадада да алтын жүлдегер болдым. 2014 жылы Қазақстан құрамасының сапында Сочи Олим­пиадасына қатыстым. Биатлонда мен көздеп атуға шебермін дей аламын. Осал жағым дегенде, шаңғымен жүгіру жағын әлі де шыңдауым керек. Содан кейін өз-өзімді қайрап, өзіме деген сенімімді арттыра түсуім қажет деп ойлаймын. – Құрамадағы әріптесіңіз Галина Виш­невская туралы пікіріңіз? – Галина Вишневская салғаннан топ жарып, көш бастағанмен, қапыда құлап қалып, соның өзінде мәре сызығын екінші болып қиды. Ол әлі талай биіктерден көрінеріне күмәнім жоқ. Әңгімеңізге рахмет! Болатбек ҚАУЫСОВ