Жыл өткен сайын балалардың психологиясы да өзгеруде. Бүгінгі оқушылардың жандары өте нәзік. Өздерінің ойлау қабілеттеріне әлеуметтік желі, интернет, ұялы телефон арқылы тежеу жасап жүргендерін сезбейді. Оқушылардың басым бөлігі кітапхана көрмей мектептерді аяқтап жатады. Бұл оқушылардың кітап оқуға мүлдем зауықсыз екенін аңғартады. Себебін ақпараттық озық технологиялардың дамуына сілтейміз.
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» толық оқыған оқушылар жоқтың қасы. Олардың ой-өрістері компьютермен немесе интернетпен ұшқырланады деп айта алмаймын. Біз кітаптың ішіне еніп, кейіпкерлермен бірге қуанып, бірге мұңайып, көркем әдебиет оқу арқылы жетілдік. Әлі есімде, Сәбит Дөнентаевтың «Көркемтай» атты әңгімесін оқығаннан кейін Көркемәлінің кейпі көз алдыма елестеп, жексұрын Ысқақ балалық жүрегімді қан жылатқаны.
Кітап – үлкен әлем, адамды тәрбиелейді, тіл үйретеді, ой өрісін дамытады. «Көп жасағаннан емес, көп оқығаннан ақыл сұра» деген дана халық. Барлық білім, барлық ғажап – кітапта. Сондықтан көп оқу керек. «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» дегендей, білім нәрі кітап оқуда екенін бүгінгі оқушыларға жете түсіндіру үшін түрлі тәсіл, ізденістер керек.
Тағы бір қынжылатынымыз оқырмандардың көпшілігі – орыс тілділер. Кітап дүкендері мен дүңгіршіктерде самсаған басқа тілдердегі кітаптар тұр.
Әр отбасы балалардың кітапқа деген сүйіспеншілігін оятуы тиіс. Қалаберді балабақшада жалғастырсақ. Әрине, балаларға арналған әдебиеттер баршылық. Қазақ тілінен бай көркем, тіл жоқ. Сол тіліміздің майын ағызып тұрып жазған шығырмалар оқылмаса, яғни жазылған дүние оқылмай жатса онда ол шығармалардың жетім қалғаны. Бала кезімізден батырлар жырына қанық болдық. Бүгінгі бөбектердің сезімдері қайдағы бір қарауға тұрмайтын тұрпайы «Шрек», «Микки Маус», «Гарри Поттер», «Мысық пен тышқан» іспетті батыстық мультфильмдермен оянуда.
Әрине, Абай, Шәкәрім, Мұқағали, Оралхан оқулары ұйымдастырылады. Бұл да оқушыларды кітапқа құмарландырудың жолы десе болады. Мектептер арасында жас абайтанушы, бейімбеттанушы сияқты шаралар ұйымдастырылса, тұлғатануға негіз болары анық.
«Кітап атаулы досы бола бастаған шақтан былай ғана, әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады», деген Мұхтар Әуезовтің сөзімен келіспейтін жан бола қоймас. Шынымен де, кітап арқылы адамзат ақыл-ойының інжу-маржанын бойына жинайды да, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді. Кітап – барлық білімдердің басын бір жерге тоғыстырып, кез келген сәтте көмекке келетін ерен күш. Адамзат тарихында көне дәуірлерден сақталып келе жатқан тастағы таңбалардан бастап, көптеген жазу, сызулар арқылы бізге жеткен ақыл-ой, ғылым-білім қазыналары кітап арқылы игілігімізге асуда.
Бұлақтың дарияға бет алғанындай, «Әліппеден» бастау алатын білім кілті ұстаған адамның сенімді серігіне, айнымас досына айналары сөзсіз. Кітаптардың құдыретті күшін жеке адамдар ғана емес, өркениетті мемлекеттер де жоғары бағалаған, аса маңызды саясат деп қараған. Соғыстан әбден күйреген, екі атом бомбасының қасіретін шеккен, жерінде ешқандай шикізат жоқ жапондар жастар бойындағы рухты көтеруді қолға алған. Олар «Жастар он-он бес жылдан кейін елдің арқа сүйер кадрлары болады» деп есептеген. Бұл үшін білім беруді жетілдірген, кітапханалар желісін кеңейткен екен.
Кеңес өкіметі тұсында көп данамен таралған «Қазақстан пионері», «Ұлан» газетін әр отбасы алып оқитын. «Балдырған» мен «Ақжелкен» журналдарына да жеткіншектер жарысып жазылушы еді. Кейінгі уақытта бұл басылымдардың тиражы айтарлықтай азайып кетті. Қазіргі таңда балаларға рухани азық болатындай, оларды тәрбиелейтін құралға айналар жаңа кітаптар қажет. Балдырғандардың санасына патриоттық тәрбиенің нәрін себетін, жаңа ғасыр ұландарының психологиясын, болмысын ашатын, олардың шынайы тыныс-тіршілігін көрсететін, өмірлік қажетіне жарайтын, ойынан шығатын қызықты дүниелердің саны артса жөн болары анық.
Бүгінде балалар тақырыбында қалам тербеп жүрген ақын-жазушылар жетерлік. Бірақ көпшілігі балдырғандардың психологиясын жетік біле бермейді. Ең алдымен, кез келген туынды кішкентайлардың ұғымына сәйкес болуы қажет. Сәби тілі былдырлап шыққаннан ақ сүтін емізген анасының әлди әуеніне құлақ түреді. Әжесі мен атасының жарыса айтқан ертегілерін қызыға тыңдайды. Жалмауыз кемпірдің жауыздығын естігенде жәудіреген жанарларына үрей ұялайды. Батырлық пен тапқырлық туралы айтылатын жерлерінде жаны жадырап, рақаттанып отырады. Осы құштарлықты әдемі безендірілген суретті кітапшалар ұштай түседі. Кітап таңдай алудың өзі үлкен өнер. Нашар кітаптарды оқу ештеңе оқымағаннан да зиянды.
Кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсеріңді өмірлік қажетіңе жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғышарттардың бірі.
Ендеше, өскелең ұрпаққа тым болмағанда айына бір кітаптан оқытсақ...
Марат САЙДАЛИН,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Ақмола облысы бойынша педагогтардың біліктілігін арттыру институтының қызметкері
Ақмола облысы