01 Ақпан, 2017

Мемлекет дамуына серпін қосатын аса маңызды шешім

469 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ғылыми кеңесі Елбасының билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуін талқылауға арналған кеңейтілген отырыс өткізді. Отырысқа академияның про­фес­сорлық-оқытушылар құ­ра­­мы, қызметкерлері, магис­трант­тар мен докторанттар қа­тыс­ты. Талқылау барысында жа­ңа­­шылдыққа қатысты сарап­шы­лардың бағасы беріліп, конс­титуциялық реформаларды жүзеге асырудағы Үкіметтің ықпалы мен кәсіби мемлекеттік аппараттың рөлі қарастырылды. Мемлекеттік басқару акаде­мия­сының ректоры Фатима Жа­қыпова жиын барысында сөз сөй­­леп, конституциялық өзгерістер­дің қоғамды демократияландыруға маңызды ықпалын тигізетініне тоқталды. «Сіздерді Үндеуді талқылап, оны іске асыру үшін нақты жұ­мысқа кірісуге шақырамын», – деді академия ректоры. Мемлекеттік билік тармақ­тары арасындағы өкілеттік­тер­ді қайта бөлу мәселелері жөнін­дегі Жұмыс тобының мүшесі, академияның профессоры Зинаи­да Федотова ұсынылып отыр­ған конституциялық реформаның мәні, оны жүзеге асыруға қатысты тәсілдер туралы, сондай-ақ мемле­кеттік басқару жүйесін жаңғыр­туға қажетті жаңа мүмкіндіктер туралы баяндама жасады. – Мемлекет басшысы Прези­денттің, Парламенттің, Үкіметтің және сот-құқық қорғау жүйесінің өкілеттігіне талдау жүргізетін арнайы Жұмыс тобын құрды. Мемлекеттік билік тармақтары өкілеттіктерінің бөлінуі бо­йынша шет мемлекеттердің тәжі­ри­бесі назарға алынды. Нәти­жесінде Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар дайындалды. Ұсы­ныстар Мемлекет басшы­сымен бірге мұқият талқыланды. Бұл конституциялық өзгерістерді енгізудегі мақсат не? Басты мақ­сат елімізде тиімді, орнықты, за­манауи мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру. Мем­ле­кет­тік биліктің әрбір тарма­ғы­ның өкілеттігі нақты айқын­далып, оның құқы мен міндет­тері, жауапкершілігі анық көр­сетілуге тиіс. Сонымен қатар, билік тармақтарының өзара жұмысы кезінде билік тепе-тең­діктері сақталуы керек. 25 жыл ішінде Қазақстан Президент­тік басқару жүйесімен қалып­тасу мен нығаю, гүлдену жолынан өтті. Мықты президенттік би­лік жас мемлекеттің алғашқы қалып­тасу жолында, дағдарыс­­қа қарсы бағдарламаларды жүзе­ге асыруда, өмірдің бар­лық сала­ларын жаңғыртуда өте керек бол­ды. Бүгінде Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқандықтан, мемлекеттілікті одан әрі нығай­тып, демократияландыру үрдісін дамытып, билік тармақтарының өкі­леттіктерін кеңейту әрі жауап­кершілігін арттыру қажет, – деді З.Федотова. Оның айтуынша, консти­ту­циялық реформалардан кейін де сыртқы саясат, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік сынды страте­ги­я­­лық маңызға ие мәселелер Пре­зи­денттің өкілеттігінде қала­ды. Президент биліктің бар­­лық тармақтарының өзара келісім­м­ен жұмыс істеуін, сонымен қатар, билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ететін болады. Президенттің мемлекеттік билік тармақтарын бөлу мәселесі бойынша жариялаған Үндеуі мен күні кеше Қазақстан халқы­на арнаған Жолдауы өзара ты­ғыз байланысты әрі бір-бірін толық­тырады. Қолданбалы зерттеулер институтының директоры, заң ғылымдарының докторы Марат Жұмағұлов осылай деді. – Үшінші жаңғыру кезеңіне аяқ басқан уақытта мемлекет­тік органдардың жауапкершілігін арттыру арқылы оның халықтың қажеттілігіне, сұранысына мо­йын бұруына ықпал жасалуы тиіс деп ойлаймын. Үкімет пен оның жергілікті атқарушы орган­дарының жұмысы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы керек, – деді М.Жұмағұлов. Саяси ғылымдар докторы, профессор Төлеутай Сүлей­менов атап өткендей, конститу­ция­лық өзгерістер негізінде 40-тан астам президенттік өкілеттік­тің Парламент пен Үкіметке берілуі демократиялық қағидалар­­дың жүзеге асуының бір көрі­ні­сі болып табылады. Яғни, Пар­ла­мент пен Үкімет қоғам өмірін­де ай­тар­лық­тай белсенді рөлге ие бола­ды. – Парламент пен Үкімет­тің өкі­леттіктерінің кеңеюін – халық билігінің нышаны деп қабылдауға болады. Уинстон Черчилльдің «Демократия – бас­қарудың нашар формасы, бірақ одан жақсысын әлі еш­кім ойлап тапқан жоқ» деген қанат­ты сөзі бар. Бұл демократия­ны кемсітуі емес, керісін­ше, оның артықшылығына қатыс­­ты айтқан мадағы. Олай бол­са, біздің мемлекетіміз де алда­ғы уақытта демократия­лық бас­қарудың элемент­терін, фор­масын белсенді түр­де қол­данысқа енгізеді деп сене­мін, – деді Т.Сүлейменов. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»