Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалдары мен құрылымдық бөлімшелерінің басшыларымен кеңейтілген отырыс өткізді. Бұл басқосу Елбасының Қазақстан халқына Жолдауына арналды.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Елбасы жаңа стратегиясының басты басымдығы сапалы жаңа экономикалық өсімнің негізінде ұлттың зияткерлік дамуы екеніне тоқталды. Аталған фактор жаңғырудың бес негізгі басымдықтарының іргетасы болып табылады. Ол – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыруы, адами капиталдың сапасын жақсарту және институционалдық өзгерістер. Дамудың бұл бағыттары қазақстандық экономика қарқынының өсуін орташа әлемдік деңгейден жоғарылатып, Қазақстанның жетекші 30 елдің қатарына қарай тұрақты ілгерілеуін қамтамасыз етуі тиіс.
«Президент жария еткен Үшінші жаңғыру – еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін, Қазақстанның экономикалық өсімінің жаңа үлгісін құрудағы сындарлы парадигмасы», – деген Мұхтар Құл-Мұхаммед, Елбасының халыққа Жолдауындағы қойылған барлық міндеттердің сапалы, уақытында және табысты орындалуының бүкіл еліміз, әр отбасы, барлық қазақстандықтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Атап айтсақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы осы айтылған сөздеріміздің айқын дәлелі бола алады. Алдағы 15 жылдың ішінде ол 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуі тиіс. Яғни, келешекте кем дегенде 5-6 миллион адам баспаналы болады.
«Бүгінгі күндегі «Нұр Отан» партиясының және әрбір нұротандықтың бірінші және басты міндеті – Мемлекет басшысы Жол-
дауының сындарлы, жасампаз және біріктіруші мәнін қазақстандықтарға жеткізу», деп түйіндеді сөзін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.
Кеңейтілген отырыстың қорытындысы бойынша Мұхтар Құл-Мұхаммед партияның құрылымдық бөлімшелері мен аймақтық филиалдарының басшыларына ел Көшбасшысы белгілеп берген экономикалық өзгерістердің жаңа бағытының халықтық талқылауын қамтамасыз етуге тапсырма берді.
Қазіргі кезде Қазақстан бойынша «Нұр Отан» партиясы белсенділерінің халықпен Президент Жолдауына арналған бұқаралық кездесулерінің басталып кеткенін атап өткен ләзім.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»