Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғарғы палатаның бюро отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруға байланысты бірқатар міндеттерді алға қойды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Қ.Тоқаев Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы өзінің мазмұны жағынан ерекше құжат екенін атап өтті. Төраға Жолдауды «Экономиканы құрылымдық жаңартудың негізгі бағыттары дәл, әрі жан-жақты көрініс тапқан, Үкімет, Парламент және жалпы қоғамға арналған жол картасы», деп атап өтті.
Сенат Төрағасы депутаттардың алдына Жолдауды іске асыру жөнінде маңызды міндеттер қойды. Бірінші міндет – депутаттардың 2-10 ақпандағы аймақтарға сапары барысында, жұртшылыққа құжаттың негізгі ережелерін түсіндіру болып табылады. Төрағаның пікірінше, Жолдауды заңнамалық қамтамасыз ету тұрғысынан сенаторлармен әңгімелесу жұртшылық үшін өте пайдалы болады.
Төраға Жолдауда белгіленген басымдықтар бойынша палата жұмысының жоспарын үйлестіруді екінші міндет ретінде атап өтті. Бизнес құқықтары мен мүдделерін заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуге және осы саладағы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен мемлекеттік өзара іс-қимылына арналған, 24 ақпанға жоспарланған парламенттік тыңдауға ерекше назар аударылады. «Бұл тыңдаудың тақырыбының өзінде Президенттің Жолдауында айтылған міндеттер толық көлемде көрініс тауып отыр. Шара кезіндегі ұсынымдар мен сөйленетін сөздер Жолдаудың негізгі мәселелерін іске асыру тұрғысынан егжей-тегжейлі пысықтау қажет болады», – деді Қ.Тоқаев.
Үшінші міндет – құжатты іске асыруды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету. «Бұл Жолдауда кәсіпкерлікті қолдау, бизнес-қоғамдастықтарды одан әрі дамыту үшін қажетті жағдай жасау туралы көп айтылады. Қазіргі заңнаманы талдауға және Үкіметпен байланысқа дәл осы тұрғыдан қарау керек», – деді Сенат Төрағасы.
Қ.Тоқаев депутаттар жұмысының негізгі бағыттарын белгіледі. Президент жылдың соңына дейін Жер қойнауы туралы жаңа кодекс қабылдауды және салық заңнамасына түзетулер енгізуді тапсырды. Сондай-ақ, банк секторын сауықтыру мен корпоративтік басқаруды жақсарту жөніндегі шаралар заңнамалық түрде бекемдеуді талап етеді. Одан басқа, әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендіру қажет.
Жолдаудың маңызды тұжырымдары қатарында Төраға Мемлекет басшысының «Біз жекеменшікті қорғауға, құқық үстемдігіне және баршаның заң алдында теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған реформалар жүргізудеміз», деген сөзін ерекше атап өтті.
«Президент Жолдауында алға қойылған міндеттерді ұтымды іске асыру үшін бізге, депутаттарға бұл жұмысқа шығармашылықпен әрі іскерлікпен кірісу керек», – деп атап өтті Қ.Тоқаев.