05 Сәуір, 2011

Мәлімдеме мақсаты – мәміле

625 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Кеше ОСК шығарған алдын ала қорытынды бойынша сайлауда 1,4 % пайыз дауыс жинаған Халықтық Коммунистер партиясынан президенттікке үміткер Жамбыл Ахметбеков Ұлттық баспасөз клубында сайлаудан кейінгі қорытынды баспасөз мәслихатын өткізді. Онда ол өз партиясы атынан Елбасыны құттықтап, үндеуін жариялады. Бұл сайлау өткен сайлауларға ұқсамайтын өзіндік сипатымен ерекшеленеді, делінген мәлім­демеде. Маңыздылығы жағынан жай ғана сайлау болып қойған жоқ. Бұл мемлекеттік билік жү­йесінің өміршеңдігіне, оның қа­зіргі заманға және өз халқының мүддесіне сәйкес келетіндігіне берілген баға болды. Осындай сая­си жағдайда Нұрсұлтан Назар­баевтың жеңісі бір ғана элек­торалды мерзімде дайын болуы мүмкін емес еді. Бұл жағдайда халық сенімінің негізі тереңнен бас­талды және оған біз куә болдық. Орталық сайлау комиссиясы жариялаған дауыс беру нәти­же­лері нақты шындықты объективті түрде көрсетіп отыр. Мұны мо­йындауымыз қажет. Жалпы ал­ған­да электоралды іс-шара еліміздің заңнамаларына сәйкес өткізілді дей аламын. ҚХКП атынан түскен маған бұқаралық ақпарат құрал­дарына, соның ішінде электронды БАҚ-тарға шығуыма және сай­лау­шылармен кездесуіме ешқан­дай бөгеттер болған жоқ. Менің халықпен болған сай­лауалды кездесулерден түйген басты нәрсем – елдің биліктен түбегейлі әлеуметтік өзгерістерді күтуінде. Азаматтар өз тағдыр­ла­рын жасауға мемлекеттің арала­суын талап етуде. Менің сайлау алды бағдарламам осы мәсе­ле­лерді шешуге арналды. Сондық­тан мен мемлекеттік саясатта қарапайым халық үшін әлеумет­тік күрт өзгерістердің болаты­нына сенімдімін, деді ол. Жас саясаткерге президенттік сайлау үлкен сынақ, әрі кәсіби тұрғыда қалыптасу жолында тәжі­рибе жинақтау екені рас. Сайлау науқаны маған халықпен тікелей сұхбаттасуға, олардың көңіл-күйін, бүгінгі мәселелерін өз кө­зіммен көруге, сеніміне үміт отын оятуыма мүмкіндік берді. Елі­міздің барлық аймақтарында бо­лып, мыңдаған адамдармен жүз­дескеннен кейін мүлдем басқа адам боп шыққанымды сезінемін. Саясаткерлік жауапкершілік сезімнен басталады. Яғни, өз сөзіңе, іс-әрекеттеріңе, сенім артқан адам­дарға жауап беру. Сайлау кампаниясы кезінде мені қолдап, маған дауыс берген халыққа, тұрақтылықты теріске шығар­ма­ғандарға алғысымды білдіремін. Болашақта сайлаушылар сенімін бір ғана тәсілмен, өз принциптерімді нақты ұстанып, үнемі қара­пайым халықтың мүдделерін қорғау арқылы ақтай аламын, деді ол өз сөзінде. *** Кеше елордадағы Ұлттық баспасөз орталығында «Ауыл» социал-демократиялық партиясының төрағасы Ғани Қалиев сөз сөйлеп, бұл ұйым іс үстіндегі Президенттің канди­дату­расын қолдап дауыс бергендігін мәлімдеді. «Қазақстан социал-демо­кра­тия­­лық «Ауыл» партиясы осы сай­лау­дың қорытындысын толық қолдай­тындығын білдіре отырып, Нұр­сұлтан Назарбаевты жоғарғы билікке қайта сайлануымен құт­тық­тайды, деп бастады сөзін Ғ.Қалиев. Осы сайлаудың жауапкершілігі мен маңыздылығын тү­сіне отырып, «Ауыл» партиясы мүшелері демо­кратиялық күштер қауымдас­ты­ғына қосылды. Нұр­сұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың кандидатурасын қолдай отырып, біз ауылда тұратын көпшілік қа­уымның ойын білдірдік деп ойлаймыз. Біз еліміздің тұрақты да­муы­на, дүниежүзілік бәсеке­лес­тік­ке шығуына, халқымыздың өсіп-өркендеуіне шынайы сенімдеміз. Бұл кезектен тыс президенттік сай­лау еліміздің заңдарына сәй­кес өтті және сайлауалды үгіт-на­сихат жұмыстарын жүргізуде бар­лық кандидаттарға бірдей жағдай жасалды деп есептейміз. Ауылдық жердегі сайлаушы­лар­дың жоғарғы белсенділігі, өз­де­рінің келешегінің, әл-ауқат­та­ры­ның жақсаруын Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевпен бай­ла­ныс­тыратындығын дәлелдейді. Ел көшбасшысының бас­шы­лы­ғымен еліміз одан әрі өркен­деп, саяси-экономикалық ахуалды жақ­сарту, демократиялық үрдіс­терді дамыту, елдегі саяси рефор­ма­ларды жаңғырту бағытындағы жұ­мыстарды одан әрі жал­ғас­ты­рады деп сенеміз, делінген партия төрағасы оқыған мәлім­демеде. *** Сайлау өткен күннің ертесінде елордада «Әділет» демо­кратиялық партиясының тең төрағасы Мақсұт Нәрікбаев мәлімдеме жасады. «Әділет» партиясы «Қазақстан -2020» коалициясының мүшесі ретінде еліміздің миллиондаған азаматтарымен бірге қазіргі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін созу туралы рефе­рен­думды қолдаған болатын деді. Бірақ, өзінің демо­кра­тиялық құндылықтарға адал екендігін білдірген Елбасы, мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл шешім де біздің партия тара­пынан қолдау тапты. Президенттің кандидатурасын белсене қолдау үшін сайлауалды науқанына тікелей қатысқан әді­лет­тіктер жұршылықты әлеумет­тік тұрақтылыққа, қоғамдық келісімге, ұлттық бірлікке, халықтың тұрмыс жағдайын көтеруге, елі­міздің одан әрі де осы қалыппен тұрақты дами беруіне және Қа­зақ­стан Республикасының Тұң­ғыш Президенті, Елбасы жүр­гіз­ген 20 жылдық сындарлы сая­саттың арқасында Қазақстанның жеткен жетістіктері үшін дауыс беруге шақырды. Кешегі президенттік сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың айқын басымдылықпен жеңіске жетуі – бүкіл халықтың Елбасы саясатын толық қолдайтынын дәлелдеп қана қоймай, референдум өткізу туралы бастаманың қаншалықты өміршең болғандығына да көз жеткізді. Біз осы сайлау арқылы референдум туралы бастаманың негізгі мақсатының іс жүзіне асқандығына куә болдық. Сайлау нәтижесінен Қазақстан халқының Нұрсұлтан Назарбаевтың ел ал­дындағы тарихи рөлін шынайы бағалайтындығын және оған деген құрмет пен сенімнің одан әрі арта түскендігін ешбір күмәнсіз байқауға болады. Осы сайлауда бір кісідей жұмыла дауыс берген қазақ­стан­дықтар алда тұрған аса ірі эко­номикалық және әлеуметтік даму жолымен қатар, қазіргі кезеңдегі замана талабына сай түбегейлі сая­си реформаларға да бар күші мен жігерін аямайтындықтарын паш етті. Алдымызда ауыртпалығы зор, маңыздылығы мол қыруар істер мен асқар асулар асатын ұлы көш күтіп тұр. Көш көмбесіне өз таңдауымыздың иесі – Елбасы біреу, басқаларымыз оған тіреу болып жетейік! Венера ТҮГЕЛБАЙ.