«Бақыт құсы – бір адамның немесе бағын бағалаған бүтін бір елдің басына қонады» дейді Республикалық ұйғыр музыкалық комедия театрында бір мезетте бірнеше тілде қойылған жазушы-драматург Дулат Исабековтің «Бақыт құсы» атты шығармасы бойынша қойылған спектаклінің кейіпкері. Бұл лирикалық драманы «Самұрық» Қазақстан халықтары театры сахналап отыр.
Бір айта кететін жәйт, бұл спектакльде еліміздің белді театрларының актерлері – қазақ, орыс, ұйғыр, корей театрларының өнер майталмандары бір жерде тоғысады, бір сахнада ойнайды.
«Бақыт құсы» – бұл терең философияға толы, заманауи мәселелерді көрерменге түсінікті тілмен баяндайтын лирикалық драма. Оның әрбір кейіпкері ұлтына қарамай, өзінің кіндік қаны тамған туған жерін жақсы көреді. Көрші болып, дос болып, қыз алысып, қыз берісіп отырған жандар қиналғанда бір-біріне көмекке келеді. Қысқасы, спектакльдің негізгі лейтмотиві «Бір ел – бір тағдыр».
Ал аталмыш спектакльді сахналап отырған «Самұрық» Қазақстан халықтары театры бір мезетте бірнеше тілде жұмыс істейтін антрепризді театр және оның ағартушылық бастауы да репертуарлық саясатқа негізделген. Театралдық институт немесе мектеп түріндегі осынау мәдени жоба өз қойылымдары үшін кез-келген театрдың таланттарын, шығармашылық тұлғаларды жұмыс істеуге шақыра отырып, сол арқылы қоғамның қазіргі дамуын айшықтауға ұмтылады.
Театрдың көркемдік жетекшісі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арыстанбек Мұхамедиұлы болса, «Самұрық» театрына он жылдан бері Республикалық корей музыкалық комедия театрын басқарып келе жатқан Любовь Ни жетекшілік етеді. Жобаның кураторы ретінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Афанасий Ким жұмыс істеп жүр.
Енді спектакльдің Алматыдағы алғашқы қойылымына оралсақ, ол көрермендеріне әбден ұнады десек, артық айтқандық емес. Оның айғағы, қойылым аяқталған соң да көпшілік тарап кетпей, өнер иелеріне тік тұрып қошемет көрсетті. Және көрермендердің өзі де Қазақстанда тату-тәтті күн кешіп отырған әртүрлі ұлттардан, әсіресе, жастардан құралғанын айта кету керек.
Бір жағы «Бақыт құсы» басты кейіпкері жоқ драма сияқты да көрінеді. Бұл қойылымның кемшілігі емес. Спектакльдің кейіпкерлерін еліміздегі барлық белді танымал өнерпаздар сахналады. Сондықтан жұлдызды шоғырды атамай кетуге болмайды.
Ондағы Бәтима – Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының белді актрисасы Лидия Кәденова, Бектұр – Қазақтың мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актері Жандарбек Садырбаев, Василий Макарыч – М.Лермонтов атындағы академиялық орыс театрының актері Сергей Попов, Анна Нейман мен Карл Нейман – осы театрдың майталман актерлері Татьяна Банченко мен Михаил Токаревтар көрермендерді актерлік шеберліктерімен тәнті етті.
Григорий Емельяновты ойнаған Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актері Евгений Жұманов пен оның жары Полинаны сомдаған Лермонтов атындағы театрдың актрисасы Ирина Лебсактардың кейіпкерлерінен айналып өту мүмкін емес.
Сұрқылтай саясат салдарынан қазақ даласының суын ішіп, нанын жеу бұйырған корей халқының өкілдері Инна мен Олег Кимнің отбасылық жұбын – Республикалық корей музыкалық театрының танымал әртістері – Олег Ли мен Галина Ким тамаша ойнап шықты. Кореядан келген бизнесменді бейнелеген Сергей Ким де болашағынан үміт күткен жас дарындар санатында.
Ең бастысы, «Бақыт құсы» көрермендердің көңілінен шықты.
Айнаш ЕСАЛИ, Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.