14 Ақпан, 2017

"Бәйтерек" әкімдіктердің қарызын сатып алады

338 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі биылғы жұмыс жоспарын бірнеше бағытта өрбітпек. Біріншіден, отандық автокөлік өндірісіне қолдау көрсетеді. Екіншіден, экспортқа дейінгі және экспорт кезінде кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді. Үшіншіжен, тұрғын үй инфрақұрылымын дамытпақ. Бұл туралы холдинг басшысы Ерболат Досаев мәлімдеді. «Транспорттық машина құрылысының дамуына келер болсақ, отандық автокөлік өндірісіне 35 млрд теңге бөлінді. Олар екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдетілген несие беруге арналды. Соның ішінде 26 млрд теңге көлік құралдарының лизингтік қаржыландырылуы болса, одан бөлек жолаушылар вагоны өндірісі де осы жоба аясында қолға алынды», — деді Ерболат Досаев. Сонымен қатар отандық бизнестің экспорттық әлеуетін арттыру үшін 2015 жылы 50 млрд теңге, 2016 жылы 45 млрд теңге бөлінгенін айтты. Оның айтуынша, холдинг енді тұрғын үй инфрақұрылымына қаржы салмақ. "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында құрылыс компанияларын тікелей қаржыландыруды қойып, енді әкімдіктердің облигацияларын сатып алу арқылы және белгілі бір шартпен екінші деңгейлі банктерге салу арқылы тұрғын үй секторына қолдау бермек. «Әкімдіктер облигациясының бірінші сатып алуы 2016 жылы болған еді. Ол кезде 38,2 млрд теңгенің қарызын сатып алдық. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұрғын үй құрылысының барлық бағыттары бойынша облигация немесе ЕБД арқылы атқарушы билікке берілетін болады", - деді Ерболат Досаев.