07 Сәуір, 2011

«Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы...»

2520 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Адам еріккеннен қолына қалам алмайды. Ой мазалап, толғанған кезде, қалам іздейсің. Айтайын дегенім, «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол – ақынның білімсіз бейшарасы», деген ұлы Абайдың осы өлең жолдары тек ақындарға ғана арналған десек, әсте қателесеміз. Бұлай деуіме себеп, жақында Парламентте талқыланған «Медиация туралы» заң жобасының мемлекеттік тілдегі мәтіні, басқа ұлтты былай қойғанда, өз тілін бір адамдай жақсы білемін дейтін қазақтардың өздерін де шатастырып жіберетіндей. Мысалы, заң жобасының 20-бабының 5-тармағы мынадай редакцияда жазылған: «Медиацияны жүргізу медиация тараптары медиация туралы шарт жасасқан күннен басталады». Тек бұл ғана емес, жобадан бастан-аяқ осындай шұбатылған шұбарала сөз тіркестерін кездестіресің. Не түсініп, не айтуға болады? Әрине, бұл жерде заң жобасын дайындаушылардың не айтайын дегенін қарапайым жандардың бірден түсіне қоюы қиын. Сондықтан, түсіндіру үшін бұл баптың қазақ­ша­сын қайтадан қазақшаға аударайық. Сонымен, қазақтың жалпақ тілінде бұл баптың айтайын дегені: «Мәмілелестіру – мәмілегерлер шарт жасасқан күннен басталады» деген кәдімгі қазақтың еңбек­теген баласынан еңкейген кәрісіне дейін түсінікті, алты-ақ сөзден тұратын ұғым. Ал бұл жерде бәрін шатастырып тұрған, Абайша айтқанда, былғап отырған «медиация» деген бөтен сөздің кіріскендігі. Осындай шатасулар қайдан шығады? Негізі, біздің қазақтың табиғатындағы бір ерекшелік – бір жерден бірдеңені көріп не ести қалса, ат басындай алтын тапқан адамша еліріп шыға келетіндігі. Мәселенің байыбына бармай, оны аспандата көте­ріп, жалпақ жұртқа жариялап, тіпті оның жолында өзіміздің құндылықтарымызды да құрбандыққа шалуға бармыз. Тек, сабыр сақтап, мәселенің байы­бына барып, кесіп-пішіп шешім қабылдауға ғана орашолақпыз. Бұған мысал осы айтып отырған «Медиация туралы» заңның жобасы. Көріп отырсыздар, бұл жерде – «медиация» деген ұғымға жерден жеті қоян тапқандай жабысатын біз үшін (әсіресе, қазақ үшін) айтар­лық­тай жаңалық жоқ. Бұл біздің ата-бабаларымыздың әлімсақтан бері ел ішінде дау-дамайды шешуде қол­данып келе жатқан мәміле, мәмілелестіру, бітістіру деген ежел­­ден елге таныс сөз­дері­нің бас­қа тілдегі (латын) баламасы. Қажет десеңіздер сөздікке жүгінейік. «Новейший словарь иностранных слов и выражений» кітабында «медиатор» сөзін бы­лай түсіндірген: «лицо, организация или государство, выступающее посредником в международном споре». Ап-айқан емес пе? Талас туғанда арааға­йындықта, мәмілеге келтіру жолында жүретін адам немесе ұйым, мемлекет. Егер заң осы қалыпта қабылданатын болса, онда біз келешекте: «Бәленше-еке, біз мына Түгенше-еке екеуміз сотқа барып едік, арызымызды қабылдамады. Айтып түсіндіргендері, «медиация туралы шарт жасауға медиаторға барың­дар, медиацияның тараптарысыз­дар» дейді (Заң­дағы 20-бап, 5-тармақ). Түк түсінсек бұйырмасын, өзіңізге келіп тұрмыз, медиатор екенсіз, қызметіңіз құтты болсын, енді бізді медиациялап жіберсеңіз, еңбегіңізді жемейміз», – деген сыңайлы әңгіме­лердің куәгері болатынымыз сөзсіз. Айта кету керек, бұл жағдай депутаттардың назарынан тыс қалған жоқ. Парламенттің қос палатасында бір топ депутат: К.Сағадиев, И.Елекеев, А.Смайыл, Б.Тілеухан, Ж.Сүлейменов, сенатор Ө.Байгелди және тағы басқалар «мәмілелестіру» қазақта ежелден бар сөз екенін, сондықтан халқы­мызбен біте қайнасқан ұғымдар төл тілімізде аталуы керек екенін айтып, «медиация» сөзінің «мәмілелестіру» сөзіне өзгертілуін талап етті. Заң жобасын дайындаушылар депутаттардың бұл орын­ды пікірлеріне құлақ аспады. Енді осы заң жобасын дайындаған жұмыс тобының пікірін тыңдап көрейік. Жалпы, заң жо­ба­сын дайындаған Қазақстан Республикасының Жо­ғарғы Соты екенін атап көрсетуіміз керек. Со­нымен, жұ­мыс то­бы­ның же­тек­­шісі депутат Свет­лана Бычк­ова ха­нымның және оны қолдаған басқа­лар­дың «мәміле, мәмі­легер» сөздерін қол­дануға қарсы айтқан басты уәждері: – біріншіден, «ме­­диацияның» латын сө­зі екені, ха­лық­ара­лық заңнамаларда оның аудар­ма­сыз сол күйінде берілетіні, ал ұсынылып отырған «мәміле» деген оның қазақша баламасы мүлде басқа аспектіде (басқа заң­дар­дың баптарында деп түсінуге болады) қолданылатыны; – екіншіден, егер бұл терминді аударса, бұрын қабылданып кеткен бірқатар заңнамалар бойынша түсініспеушілік туындайтындығы (меніңше, бар мәселе кезінде аудармада кеткен қателікті түзеуге байланысты); – үшіншіден, және бұл «медиацияны» жақ­таушылардың ең басты көзірі – Елбасының Жарлығында бұл терминнің мемлекеттік тілге аударылмағандығы. Ал енді заң жобасын дайындаушылардың келтірген осы уәждері қаншалықты дұрыс, сенімді, нақ­тылы заңмен негізделген? Осы тұрғыдан қара­ғанда, жоғарыда келтірілген уәждердің олқы тұстары да, сенімсіз жерлері де жеткілікті. Сол туралы өз пікірімді айтып көрейін. Біріншіден, «медиацияның» латын сөзі екені, халықаралық заңнамаларда оның аудармасыз сол күйінде берілетіні. Шынында да көптеген латын сөз­дері халқаралық құжаттарда аудармасыз қол­данылатыны белгілі, бірақ одан ол терминдерді ешбір ел ешқашанда өз тіліне аудармасын деген түсінік тумаса керек. Мәселен, аударылмай қолданыл­сын деген терминдер тізімі бекітілген халықаралық шартты мен өзім көрген де, естіген де емеспін. Ал енді ондай шарт болғанның өзінде, ол шарттың талаптарына қосылу, қосылмау әр елдің өз еркі. Қосылған жағдайда, ондай шарт сол елдің парламентінде ратификацияланып, бекітілу керек екенін айтып, түсіндіріп жатудың бұл жерде қажеті жоқ қой деп ойлаймын. Білетінім, дәл бүгін біздің Парламентте ондай шарт бекітілген жоқ. Мысалы, «терроризм», «коррупция», «аэро­порт», т.с.с. іздей берсең көп терминдер халықара­лық құжаттарда аудармасыз қолданылады. Алайда, бұл терминдер қазіргі кезде біздің заңдарымызда «лаңкестік», «жемқорлық» «әуежай» болып төл тілімізге аударылып, қолданылып жүр, одан ешқандай қолайсыздық туындап жатқан жоқ. Және бұл пікірдің дұрыстығына көрші Ресей мемлекетінің жа­қын­да қабылдаған осы бітімгерлік туралы заңының атауы дәлел. Ол былайша аталады: Федеральный закон «Об альтернативной процедуре урегулирования споров с участием посредника (процедура медиации). Көріп отырсыздар, ресейліктер «посредник» сөзін «медиацияға» аудармаған. Ал енді, Ресейдегілер мұны халықаралық қағидаларды білмегеннен істеп отыр деуге еш негіз жоқ екені түсінікті шығар. Демек, бізге де ата-бабаларымыздан жеткен көненің көзіндей «мәмілегер» сөзін сөздік қорымыздан өшірудің еш қисыны жоқ! Заң жобасын әзірлеушілердің келесі уәжі – «мә­міле» сөзінің мүлде басқа аспектіде (басқа заңдардың баптарында деп түсінуге болады) қолда­нылатыны және егер бұл терминді аударса, бұрын қабылданып кеткен бірқатар заңнамалар бойынша түсініс­пеу­шілік туын­дайтындығы. Жоғарыда айтып кеттім, заң жобасын да­йындаған жұмыс то­бының «медиация» терминін «мә­міле­ге» ауыс­­тыруға қар­сы­лы­ғы­ның басты себебі осы жерде жат­қан секілді. Баршаға белгілі, бізде барлық заң­дар­дың жобасы негізінен орыс тілінде даяр­ланып, содан кейін мемлекеттік тілге аударылады. Сон­дықтан қазіргі қолда­ныста жүрген кейбір заңдарды мемлекеттік тілге ау­дар­ғанда көптеген қателіктер кеткені ешкімге құпия емес. Сондай қателік Азаматтық кодексті аударған кезде кеткен. Нақтылап айтсам, осы кодекстің 7-ба­бының 1) тармақшасын орысшадан қазақшаға аудар­ғанда «сделка» сөзі «келісім» деген баламасы бола тұра «мәміле» деп аударылған. Ал енді заңдар­дың иррархиялық сатысында кодекстің дәрежесі жоғары болғандықтан, басқа заңдарды қабылдаған кезде де «сделка» сөзі «мәміле» болып, кодекске сәйкес ауда­рыла берген. Мінекей, «мәмілге» қарсы пікір айту­шылардың «бұл сөз басқа аспектіде қолданы­лады» деп меңзеп отырғаны кезінде аудармада кеткен осы қателік және сол қателікті мойындамау. Аудармада кеткен қателік дегенді мен неге сүйеніп айтып отырмын? Біріншіден, кезінде Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл білімі институты­ның, филология ғылымдарының докторлары, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Ғ.Ғ.Мұсабаев пен Қазақ КСР Ғылым академия­сы­ның академигі Н.Т.Сауранбаевтың редакциялауымен 1981 жылы шығарылған «Орысша-қазақша сөздік­те» «сделка» сөзі «келісім, ымыраласу», «выгодная сделка» «пайдалы келісім», «заключить сделку» «келісім жасау», деп аударылған. Шынында да, біз ешқашан да «выгодная сделка» дегенді «пайдалы мәміле» деп айтпаймыз», «пай­да­лы келісім» дейміз. Осы орайда, Мәжіліс депу­таты Жарасбай Сүлейменовтің: «Осыдан он, жиырма жыл бұрын кейбір сөздердің баламаларын таба алмаған уақыт болған шығар. Бірақ, солай екен деп осы жолмен жүре беру тілдің бағын ашпайды. Сондықтан, біз осы қателікті бірте-бірте түзеп, заң­дар­дың сапасын жақсартуымыз керек», – деген сөзі дұрыс ай­тылған сөз. Енді дау туғызып отырған «медиация» сөзінің ма­ғынасына келетін болсақ, ол – латынның «mediare» сөзі, орысшалағанда «посредничество» ұғымын білдіреді. Ал қазақша мағынасы «делдал­дық, татулас­тырушылық, бітістірушілік, мәміле­гер­лік, араағайын­дық» дегенге сәйкес келеді. Өкініштісі, депутаттар­дың орынды ескертулерін осы заң жобасын дайын­дап, заң шығару органында баяндаған өкілетті орган өкілдері де түсінбестік танытты. Қорыта келгенде айтарым, асықпай, сабыр сақтап, мәселенің байыбына барып шешім қабылдау керек еді. Асығыстық танытылды. Осындайда қа­зақтың «Асығыста туған баланың атын Абыр-Сабыр қояды» деген сөзі еріксіз еске түседі. Әзіл-қалжың ретінде айта салған қазекемнің осы бір сөзінің астарында атан түйеге жүк боларлықтай салмақты мағына жатқандай. Олай деуіме жоғарыда айтылған «Медиация туралы» заң жобасы айқын дәлел. Ғаният НАСЫРОВ, заң ғылымдарының кандидаты.