15 Ақпан, 2017

Мәңгілік Ел мұраты жаңғыру жолында

1637 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әр халықтың аңсар-арманы, мақсат-мұраты болады. Ұлы мис­сияға ұмтылған ұлттардың бағын­дырар белестері мен алар асулары да биік болмақ. Бұл ретте, Елбасы айтқандай, ержүрек, қаһарман қазақ халқының алға қойған ізгі мұраты – Ұлы Дала төсінде өзі құрған мемлекетті Мәңгілік Ел жасау! Мәңгілік Ел мұраты – бағ­зыны бүгінге жалғайтын терең тамыр, бүгінді болашаққа бастай­тын алтын арқау, ұлы аңсар!

Мәңгілік Ел мұраты жаңғыру жолында

Мемлекет басшысы Қазақ хан­ды­ғының 550 жылдық торқалы тойын­да қазақ елінің Ұлы далада сал­танат құрған Ғұн империясы, Түрік қағандығы мен Алтын Орда мем­лекетінің заңды мұрагері екенін атап айтқан еді.

Осы ойды тарқатып айтсақ, Мәң­гілік Ел мұратының алғашқы кезе­ңін­де ғұндардың тәңірқұты Мөде қаған ұлтарақтай жерін жауға бермей, жауын­гер халықтың басын қосып, жора­лы жұртқа айналды. Бұл кезеңде ел бір­лігі мен жер тұтастығы басты ұстаным еді.

Еуразияның кең-байтақ жазирасын ат тұяғымен дүбірлеткен Түрік қаған­дығы тұсында бабалардың ұлы мұра­ты қайта дәуірледі. Жерұйық мекен Өтүкен­ге ел қондырған баһадүр Білге қаған «Тәңір жарылқап, кедей халықт­ы бай қылды, азды көп қылды, төрт тарап­ты бейбіт етті». Бұл кезең­де тар­паң мінген түрік баласы ас­тана салып, байлыққа кенелді, қуа­ты кемелденіп, халқының саны арт­ты, төңірегін тыныштандырып, көрші­лері­мен бейбіт қатынас орнатты. Осылайша мығым мемлекет, еңселі ел болды.

Мәңгілік Ел мұраты Қарахан дәуірінде тағы бір түлеп, артынша айбар­лы Алтын Ордамен бірге қайта жаң­ғыр­ды. Әсіресе, халық әспеттеп «әзиз» деп атаған Әз-Жәнібек тұсын­да «қой үстіне бозторғай жұмырт­қала­ған» заман орнады. Тарихы қилы, тағдыры ортақ, тілі өзгеше, діні бір этностардың басын біріктірген ұлыс алып держава деңгейіне көтерілді.

Айбатты империя «ағайынның дауласқанынан, бекті халықтың жауласқанынан» береке-бірлігінен айырылып, ыдырағаннан кейін ұлы аңсар да бұлдыраған сағымға айналды. Тек түгел түркінің қарашаңырағы қазақ жұрты тәуелсіздік алып, туыс­тарын түгендеген тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастама­сы­мен бұлтты жарған күндей боп Мәңгілік Ел мұраты тарих сахнасына шықты. Тұңғиық тарихты терең білетін Мемлекет басшысы халқының пассионарлық қуатын бағамдап, оны «Ұлы Даланың мұрагері» деп баға­лады.

Болашаққа бастар жолда Мәң­гілік Ел мұратын темірқазық етіп ұстанды.

Биылғы халыққа дәстүрлі Жолдау­дың тақырыбынан да бұны айқын аңғаруға болады.

«Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын Жолдауында Елбасы еліміздің даму кезеңдерін сатылап көрсетеді.

Бірінші жаңғыру, бұдан ширек ғасыр бұрын еліміздің азаттыққа қол жеткізіп, тәуелсіз мемлекет болып қалыптасу кезеңінен басталады. Бұл алғашқы кезеңде елдің бірлігі, жердің тұтастығы қамтамасыз етілді.

Екінші жаңғыру – Арқа төріне Астана орнап, экономикамыз бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енген, халқымыздың қуаты артып, төрткүл дүниенің төрт тарапына бейбітшіл бастамаларымен танылған кезең.

Осы Жолдаумен бірге бастау алатын үшінші жаңғыру да «Қазақ­стан-2050» Стратегиясын жүзеге асы­ра­тын, жаһандық бәсекеге қабі­лет­тілікті қамтамасыз ететін, аймақ­тық көшбасшыға айналған абат елді баян­ды болашаққа, ұлы өркениетке бас­тай­тын құтты қадам болып саналады.

Бұл тұрғыдан алғанда, Жолдауда айтылған Қазақстанның жаңғыру кезең­д­ері Мәңгілік Ел мұратын ұстан­ған Ғұн мемлекеті, Түрік қаған­дығы, Алтын Орда ұлысындағы даму кезең­дерімен де сәйкес келетін сияқты.

Біз сондықтан Мемлекет басшы­сы­ның Үндеуінде ұсынылған конс­ти­туциялық өзгерістер мен Қазақ­стан халқына арнаған биылғы Жол­дауында жүктелген міндеттерді қазақ қоғамының болашағына бағыт-бағдар сілтеп, алысқа самғататын қос қанат деп қабылдадық. Асқақ елдің асыл аңсары – Мәңгілік Ел мұраты осылайша жаңа белеске көтерілді.

Осы орайда, еліміздің Ата Заңы алдағы дамуымыздың негізгі тірегі екенін ескерсек, Елбасы бастамасы­мен орныққан Мәңгілік Ел мұратын Конституциямыздың мәтініне ен­гізу туралы Парламент Сенаты­ның Төрағасы Қ.Тоқаевтың ұсынысын қолдай отырып, бұл қадам кемел келешегіміздің кепіліне айналар еді деп пайымдаймыз.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, 

"Егемен Қазақстан"