15 Ақпан, 2017

Мал қазақты асырай ма?

1012 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Немесе ауылшаруашылық кооперативтеріне қатысты бірер сөз Мал шаруашылығының ел экономикасындағы маңыздылығы туралы Әлихан Бөкейханұлы сонау 1915 жылы нақты деректермен дәлелдеп айтыпты. Алаш қайраткері қазақтың кең даласы малды асырайды, мал қазақты асырайды, әлемдік нарықта мал өнімдеріне еш уақытта сұраныс толастамайтынын сол кездің өзінде болжап, байтақ жерде шалқып жатып мал басын қосып еңбек ете алмай отырсыңдар деп қандастарымызға қынжылыс білдірген екен. «Игілік іс» атты еңбегінде қазақтың бұрынғы игі істерінің тоза бастағанын, соған орай заманына қарай өз амалы, өмір салтына қарай өз игілік ісі болады деп, кооператив сөзі атауына «бірігіп әдіс қылу , бір одақтас, бір қостас, бір оттас, құрдас болу» деп анықтама берген. Сондай-ақ, мал шаруашылығы ғылыми жұмыстарының маңыздылығын айта келе, ғылымның міндеті өндірістің бір саласының өзіне тән заңдылықтарын зерттеу, шаруашылық жүргізудің, еңбек өнімділігін арттырудың мейлінше тиімді әдістері мен тәсілдерін анықтау деп атаған. Былайша айтқанда, дана бабамыздың айтқандарының бәрі бүгін­де де елімізде мал шаруашылығы сала­сын өркендетуде негізгі ұстанымға лайық­ты бағдарлама сияқты... Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап елімізде маңыздылығы күмән кел­тір­мейтін нақты да әлеуетті меншік иелерін қалыптастыру мақсатында мемлекет­тік ауылшаруашылық құры­лым­дарын жекешелендіру шаралары атқарылды. Нәтижесінде, ірілі-ұсақ­ты жеке меншік ауылшаруашылық құр­лым­дарынан тұратын, көп тарапты ауыл шаруа­шылығының экономикалық жүйе­сі қалыптасты. Сонымен қатар, өтпелі кезең қиындықтары мен зардаптарын мейлінше жеңілдету мақсатында ауқымды іс-шаралар да атқарылды. Атап айтқанда, ауылдық округтер көлемінде шаруа қожалықтары ассоциациясы, түр­лі ауылшаруашылық кооперативтері құрылды, жекелеген ауылдық елді ме­кен­­дерге мемлекеттің, бірқатар ірі өн­ді­ріс орындарының қаржылай қолдау­­лары­мен ауылшаруашылық өнімдерін қабыл­дап, сақтайтын, жартылай өңдей­тін шағын отандық, шетелдік қондыр­ғы­лар, шаруашылық құрылымдары өздігінен бірлесіп пайдаланады деген сеніммен орнатылды. Дегенмен де, бұл іс-шаралар бәлендей нәтижелі болған жоқ деп айтуға болады. Өкінішке қарай, бүгінде бұл бағыт­та жаңадан қабылданған «Ауыл­шаруа­шылық кооперативтері туралы» заң­ның аясында ауылшаруашылық коопе­ративтерін құруда барлық іс-шараларды ауылдағы орта, шағын шаруашылық құрылымдары өздігінен ымыра, бірлік, түсіністік негізінде атқа­ра­ды деген сенім­­мен қатар, өткен қате­лік­терді қай­та­лау болмай ма деген қауіп те жоқ емес. Бұған нақты уәжім де бар. Біріншіден, біз ауыл тұрғындарының мемлекеттік ұйымдастыру, реттеу тетік­теріне дағдыланған менталитеттерін әлі де болса ескеруіміз керек. Кешегі жеке­ше­лендіру кезінде бірлесіп шаруа­шылық жүргізеді деген болжаммен үлеске беріл­ген ауылшаруашылық техни­калары­­­ның қалай пайдаланылғаны әлі ұмыт бола қойған жоқ деп ойлаймын. Екіншіден, бүгінде қай өнім түрі болма­сын оларды өндіруден гөрі, пұл­дап өткізу қиын болып тұрған заман­да ауыл­дық елді мекендерді мал өнім­дерін қабылдап, сақтайтын қондыр­ғы­­­лар­­мен жабдықтау жеткіліксіз, яғни құрыл­­ғалы жатқан ауылшаруашылық коо­пера­­­тивтері ауыл тұрғындарын мал өнім­­­дерін өндірумен айналысуға ынта­лан­­дыратын кешенді жағдайды, атап айтқанда, өндірістік инфрақұрылымды қамтамасыз ететін болуы керек. Бір сөз­бен айтқанда, бәсекелестікке лайықты өнім­дер өндіруге тікелей қатысы бар, жеке­леген шаруашылық үшін шығынды, жайы­лым­дық жерлердің құнарлылы­ғын арттыру, құнарлы мал азығын дайын­дау, мал басы өнімділігін арттыру және мате­риалдық-техникалық жабдықтау іс-шара­ларын шағын ауылшаруашылық құры­лымдарымен ұжымдаса атқару керек. Ауылшаруашылық кооператив­терін құру, біріншіден, ауылдық елді мекен тұрғындарының басым бөлі­гін жаңа жұмыс орындарымен қамти­ды, екін­шіден, экологиялық таза ауыл­шаруа­шы­лық өнімдерінің көлемін арттыра­ды, үшіншіден, ауылдан қалаға бет түзе­ген көші-қон легіне де тосқауыл болады. Бірақ, біздің жобалық есебімізге сай орта деңгейдегі ауылдық округте бұл іс-шараны игеруге 250-300 млн тең­ге қаржы керек екен. Менің ойым­ша, ауылдық елді мекен аумағын­да тұр­ғын­дарының басым бөлігінің әлеуметтік жағдайларының жақсаруы­на әсер ететін мұндай іс-шара үшін атал­ған қар­­жы көп деп айтуға болмайтын сияқ­ты. Де­ген­­­мен де, бүгінде ауыл шаруа­шы­­­лы­ғы саласында мақсатты, жеңіл­детіл­ген несиелеу бағдарлама­лары бар бол­ғаны­мен, оларда кепілдік, несие көлемі және қайтарым мерзім­дері сияқ­ты сәйкеспеушіліктер бар, сондық­тан жоғарыда аталған ауылшаруашы­лық кооперативтерін құру үшін қажетті қаржыны иелену мүмкін емес. Мыса­лы, ауылшаруашылық кооперативтері жоғары деңгейде дамыған Батыс ел­дерінің қайсысында болса да бұл шаруашылық құрылымының бастапқы қалыптасу кезеңі нақты мемлекеттік қолдау мен реттеу тетіктерінсіз атқарыл­маған екен. Осыған орай, ауыл­шаруа­шы­лық кооперативтерін мемлекет-жеке­мен­шіктік әріптестігі негізінде құру тиімді болатын сияқты. Атап айтқан­да, мем­лекет екі жақты тиімді несиелеу, суб­си­диялау тетіктері негізінде қаржы­лан­­дыру­ды, шағын шаруашылық құр­лым­дары өнімдер өндіруді, коопера­тив жарғысына сай іс-шараларды атқаруды міндеттенсе және мемлекет несие толық­тай қайтарылғанда өкілеттілігін тоқ­тататын болса, бұл шараның тиімділігіне әу бастан ауыл тұрғындары тарапынан сенім­ділік арта түсер еді. Елімізде ауылдық елді мекендер тұр­­ғын­­дары үшін ортақ жайылымдық жер­­лер көлемі 21,5 млн гектар екен. Бұл бүгін­де нақты ауылдық елді мекен­дер­­де тұ­ратын халықтың отбасы шаруа­шы­­лық­тары үшін аз жер емес, бірақ ма­ла­зық­­тық өнімділік көрсет­кіш­тері­­нің ай­тар­лықтай төмен­дігі (2-3 ц/га) күр­делі қиындықтарды тудырып отыр. Бұл жер­лердің жайылым­дық құн­­ды­лығын орта есеппен екі-үш есеге арт­тырғанның өзінде, жеке қосал­қы шаруа­шы­лық­тардың бүгінгі қолда бар мал басы санының өнімділігін кем дегенде 10-15 пайызға көтеруге болар еді. Сонымен қатар, ауылдық елді мекендер жайылымдық жерлерінің пайда­­лану тиімділігін арттыруда жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтары мәртебесі мен ерек­шеліктері туралы ғылыми-тәжіри­­белік тұрғыда негізделген құжат жоба­сын дайындап өкілетті органдар қарауына ұсынудың да маңызы зор. Қай елде болмасын, ауылшаруашы­лық өндірісі мемлекеттік бюджет есебі­нен субсидияланады. Мысалы, ауыл шаруа­шылығы дамыған елдерде мал басы өнімділігі жоғары болған сайын, субсидия сомасы да арта береді екен, яғни шығындар көлемінің де артатындығы ескеріледі деген сөз. Демек, мемлекеттік бюджет есебінен ауылшаруашылық өндірісін субсидиялау сыйақы емес, атауына сай ауылшаруашылық өнім­дерін өндірушілерге байланысты емес өндірістік шығындарды жабу мен олардың ішкі нарықта бәсекелес­тікке лайықты өнімдер көлемін арттыруға ынта­ландыратын экономикалық тетік деп түсінген жөн. Дегенмен де, біз­дің елімізде ауыл шаруашылығы сала­сы­на шет елдердегідей қомақты суб­си­дия бөлінбейді дегенімізбен, соң­ғы жыл­дардағы оның сомасы өн­діріп жат­қан өнімдер көлемі мен сапа­лық көрсет­кіш­терін ескергенде шетел­дік­тер­ден аз деп айтуға да болмайды. Мәсе­ле, мем­ле­кеттік қолдау жүйесінің тиім­ді тетік­терін қалыптастыруда. Мыса­лы, әзірге елдің ішкі нарығында отан­дық өнім­дер көлемінің айтарлықтай өсімі мен сату бағасының тұрақтануы байқалмайды. «Ерте барсам жерімді жеп қоям деп, ықтырмамен күзеуде отырар бай» деп Абай атамыз айтқандай, ата-бабаларымыз сонау көшпелі кезеңнің өзінде мал өнімдерін негізгі күнкөріс көзіне айналдыру арқылы осыншама кең-байтақ жерімізді қорғап қалғанда, бүгінде осы ата кәсіпті ел экономикасының негізгі тірегіне айналдыру біздің де міндетіміз болуы керек. Кәкімжан Сарханов, Қазақ ауыл шаруашылығы экономикасы және ауылдық аймақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты Астана филиалының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы