Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында «Әуелі – экономика, содан соң саясат» деп, буыны әлі қатпаған, шаңырағы әлі берік бекімеген Тәуелсіз Қазақстанды әлемдік өркениеттің жолына бастау үшін, қалыпты мемлекет құрудың басты қағидаттарын ұсынып, мықты Президенттік Республика құру мақсатын айқындады. Осылай Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде ғасырлық жолдан өттік.
Ел бірлігін нығайта отырып, Қазақстанның экономикалық әлеуетін көтеріп, әлемдік қауымдастықтың ортасынан өз орнын алу үшін қазақстандық жол айқындалды. Мұны Қазақстан халқы «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» деп бағалағаны да тегін емес. Осындай қысқа мерзімде Н.Ә.Назарбаев өзіне де, өзін қолдаған халқына да жоғары талаптар қойды. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасы жасалды. Саяси күштер мен қоғамдық ұйымдар мектебі қалыптасты. Ұлт бірлігін қамтамасыз ету үшін көппартиялық Парламент Мәжілісі жұмыс істей бастады. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.
Ширек ғасыр ішінде Қазақстан Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай сынды көршілес мемлекеттермен шекараны делимитация мен демаркация жасады, алып ядролық мемлекеттермен стратегиялық әріптестікке қол қойды. Ядролық қаруды ауыздықтау туралы Қазақстан ұсынысы әлемдік лидерлер тарапынан қолдау тапты. Семей полигонын жапқан Н.Ә.Назарбаев әлем лидерлерінің қатарына қосылды. Осылай Қазақстан жаһанның өркениетті 50 елінің қатарынан орын алып қана қоймай, енді 30 елдің санатына қосылуды мақсат етуде. Міне, осындай батыл да парасатты жолда Елбасы өз халқына арнайы Үндеу жариялады.
Елбасы Қазақстанды эволюциялық жолмен дамытудың сындарлы саясатын жүзеге асырды. Болашақты бағамдады, тарихты түгендеді. Осылай Қазақтың әлемдік руханияттағы орнын айқындау үшін «Мәдени мұра» бағдарламасын ұсынып, оған қамқорлық жасады. Бір ғана М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұжымы дайындап шығарған 100 томдық «Бабалар сөзінің» өзі не тұрады! Қаншама шетелден әдеби және тарихи жәдігерлер әкелінді. Бұл кемелденген, толысқан Қазақстанның өз алдына қойған міндеттерін жүзеге асырғанының белгісі еді. Сондай-ақ, Қазақстан ЕҚЫҰ, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ) сынды мәртебелі халықаралық ұйымдардың төрағасы болды. БҰҰ-ның мінберінен Қазақстан басшысы соғыс пен бейбітшілік мәселелері туралы әлем халқына сөз арнады. Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жариялауының өзі қандай мәртебе!
Әлемдік саяси-экономикалық даму үдерісін бағамдай отырып, Қазақстан Президенті Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын ұсынды. Енді, міне, Ұлт жоспарының аясында Елбасы жаңа конституциялық реформа туралы Қазақстан халқына Үндеу жариялады.
«Қазір заманның дидары өзгерді. Біз де өзгеруге тиіспіз», – деп Елбасы жаңа реформаның не үшін қажеттігін айқын да ашық саралап берді. Елбасы өзі қадап айтқандай, мұны Президент заман сұранысы, әлемнің даму үрдісі, ұрпақ болашағы қандай болуы керектігін жүрек елегінен өткізе отырып, мың ойланып, мың толғанып, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуды ұсынды.
Президенттік басқару жүйесінің негізгі қалыбын сақтай отырып, Президент өз өкілеттігінің біршама бөлігін Үкімет пен Парламентке ұсынып отыр. Бұл Қазақстандағы демократиялық өзгерістердің жаңа қадамы, жаңа бағыты. Сондықтан да Елбасы арнайы жұмыс штабын құрды. Оны әуелі ғылыми, экономикалық, саяси-әлеуметтік сараптамадан өткізді. Содан кейін барып өз халқына Үндеу жариялап, ашық халық талқысына салып отыр. Бұл Н.Назарбаевтың өмірлік ұстанымы және мызғымас бағыты. Сондықтан да халықтың жүрегіне жол тауып отырған Конституциялық өзгерістер билік теңгермешілігін сақтайды әрі Үкімет пен Парламенттің алдына үлкен жауапкершілік жүктейді. Жеңген партия Үкіметті жасақтайды. Үкімет жаңа Парламент алдында тарайды. Мемлекеттік бағдарламаларды ұсынады, Парламент ол бағдарламалардың орындалуын қадағалайтын болады. Сондай-ақ, Парламент жекелеген министрлердің есебін тыңдауға құқылы әрі оған сенімсіздік көрсете алады. Міне, осындай өзгерістердің өзінен-ақ Үкімет пен Парламенттің халық алдындағы жауапкершілігі көтеріледі.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бірнеше шақырылымының депутаты болып жүргенде, Үкімет мүшелері қойылған мәселелерге байланысты жауаптан қашып, оны Президентке қарай ығыстыра беретін. Әрі «мені тағайындаған сіздер емессіздер, Президент қойған, Елбасы ғана орнымнан босата алады» деген министрлерді де көргенбіз. Бұл жоғары шенді шенеуніктердің әркез Президент атымен жауапкершіліктен қашатындарының көрінісі еді. Енді Парламент депутаттары кез келген Үкімет мүшесіне сенімсіздік көрсеткен жағдайда Президент оны орнынан босатады.
Қырыққа жуық өз өкілеттігін Үкімет пен Парламентке ұсынуы Президенттің толғамды шешімі. Өйткені, әр билік тармағы өз өкілеттігі шеңберінде халық алдында, сайлаушы алдында жауапты. Бұл Қазақстанда ашық қоғам құру процесі басталды деген сөз.
Президенттік реформаның тағы бір үлкен саяси мәні бар. Ол Үкімет пен Парламенттің үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Мынандай да сәт болған. Кезінде 1995 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі ХІІІ шақырылымының депутаты болған едім. Ұмытпасам, 370 депутат. Ол кезде қоғамдық ұйымдар да өз өкілдерін депутаттыққа ұсына алатын. Бір жылда бір ғана заң қабылданды. Министрлер беку үшін әр депутаттың алдынан өтетін. Түрлі комиссиялар құрумен әуестенушілік көбейді. Заң шығарудың орнына әртүрлі қоғамдық ұйымдар өкілдері бір-бірімен айтысумен күн өткізетін. Сол Жоғарғы Кеңес тарағаннан кейін Президент Қазақстан егемендігіне қажетті заң күші бар жарлықтарға қол қойды. Осылай Тәуелсіздікті сақтап қалды десем де артық айтқандық болмас. Енді, Президент өзінің заң шығарушылық құқығынан бас тартып отыр. Өйткені, бізде көппартиялы, қос палаталы Парламент бар. Ол кәсіби деңгейге көтерілді.
Бірақ бұл Президенттік басқару жүйесі әлсірейді деген сөз емес. «Президент дербес тағайындайтын және босататын Сыртқы істер және Қорғаныс министрлерін қоспағанда, Үкімет мүшелерінің антын қабылдайды; ерекше маңызды мәселелер бойынша қажеттігіне қарай Үкімет отырысына төрағалық етеді; облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жояды не қолданылуын ішінара тоқтата тұрады».
Конституцияға өзгерістер ішінде Конституциялық Кеңес, Жоғарғы сот, прокуратура қызметіне қатысты өзгерістер де бар. Мұның бәрі билік тармақтарының үйлесімді әрі жауапкершілікпен жұмыс істеуінің кепілі болады. Міне, жаңа заманның жаңа талаптарына сәйкес Президент ұсынған реформа халық қолдауына ие болатыны сөзсіз.
Қазірдің өзінде саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың, демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының үндеулері жарияланып та үлгерді. Өмірдің өзінен туындап отырған, Елбасының жүрек елегінен өткен мұндай өзгерістерді кешеуілдетудің қажеті жоқ деп санаймын. Сондықтан да референдум өткізіп, бюджеттік қаржыларды шығындамай, Мәжіліс пен Сенатта жеке-жеке талқылап, Парламент палаталарының бірлескен отырысында Конституцияға ұсынылған өзгерістерді қабылдауды жөн деп есептеймін.
Біз үлкен қоғамдық-саяси, рухани-әлеуметтік реформалар алдында тұрмыз. Одан сүрінбей өтетінімізге кәміл сенемін. Өйткені, біздің болашақты болжай алатын ұлттық Көшбасшымыз бар. Н.Ә.Назарбаев – ешқашан илеуі қанбаған саяси реформаларға бармайтын сарабдал саясаткер, әлем мойындаған ірі қайраткер. Сондықтан да Қазақстан дамуының жаңа бағыты айқындалды.
Осы ұлы жолда бір болайық, ағайын!
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері