Жақында Қазақстан халқы Ассамблеясының делегациясы Өзбекстан Республикасында ресми сапармен болды, деп хабарлады осы ведомствоның баспасөз қызметі.
Делегация құрамына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасарлары Е.Л.Тоғжанов, Р.С.Халмурадов, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясы Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының басшысы А.К.Сәдуақасова, Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы И.А.Хашимжанов, Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының депутаты Б.И.Нышанқұлов, сондай-ақ «Қазақстан корейлерінің қауымдастығы» ҚБ, «ТАҢ» татар-башқұрт мәдени орталығы» ҚБ, «Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы» ҚБ өкілдері кірді.
Делегация Өзбекстан Республикасы Парламенті Заң шығару палатасы спикерінің орынбасары Б.Алихановпен, Өзбекстан Республикасы Парламент Сенаты төрағасының бірінші орынбасары С.Сафаевпен, Өзбекстан Республикалық интернационалдық мәдени орталығының директоры Н.Мұхаммадиевпен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Кездесу барысында Қазақстан мен Өзбекстанның өзара іс-қимыл жасауының өзекті мәселелері, қоғамдық келісім мен түсіністікті қамтамасыз ету, азаматтық бірегейлікті нығайту тәжірибесі қаралып, ынтымақтастықтың жаңа қырлары, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Өзбекстан Республикалық интернационалдық мәдени орталығы арасында меморандумға қол қою ниеті туралы сөз болды.
Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының басшылығымен және белсенді мүшелерімен кездесу сапардың негізгі іс-шараларының біріне айналды. Оның соңында Қазақстан халқы Ассамблеясынан сый – компьютерлік техника мен қазақстандық авторлардың қазақ мәдениетіне, қоғамдық келісім мен бірлікке арналған кітаптары табыс етілді.
Өзбекстанның этномәдени бірлестіктер өкілдері мен сарапшылары ҚХА делегациясының мүшелерімен өткізген дөңгелек үстелде оларға Н.Ә.Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі таныстырылды, сондай-ақ «Қазақстан-Өзбекстан» достық қоғамын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Ынтымақтастық бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу және ағартушылық жобаларды дамыту, шекара бойындағы ынтымақтастық, әдебиет алмасу, екі ел жастарына арналған іс-шаралар өткізу бөлігінде нақты ұсыныстар жасалды.