Әйелдер ешқашан қиындықтан қашқан емес. Қиындығы мол, жауапкершілігі жоғары бизнестің де тізгінін бекем ұстап келеді. Әр бағыттағы бизнестің тасын өрге домалатып жүрген әйелдер Маңғыстауда "Отандық сәнгерлердің қауымдастығын" құрды.
Қауымдастықтың жас сәнгерлерге берері көп болмақ. Сән әлеміне енді аяқ басқан кәсіпкерлерге қолдау білдіріп, кәсіби тұрғыда кеңес берумен бірге, өзге аймақтардағы сәнгерлермен әріптестік байланыс орнату, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу, сән әлеміндегі жаңа технологиялармен жұмыс жасауды ұтымды пайдалану мәселелері де назардан тыс қалмайды. Қауымдастықтың құрылтайшылары түрлі дәрежедегі тәжірибе сағаттарын өткізуді, сәнгерлер арасында байқау ұйымдастыруды, ең үздік сәнгердің өнімдерін республикалық және халықаралық нарыққа шығаруды көздейді.
Маңғыстаулық сәнгерлер қолда бар үлгіні заманауи жетілдіріп, Қазақстанның түкпір-түкпіріне ерекше сән үлгісіндегі ұлттық киімдерді шығарумен танылып келеді. Өңірде отандық киімдер тігумен айналысатын 30-дан астам сәнгер жұмыс істеуде. Қызығушылық танытушылар да аз емес. Енді сәнгерлер ұлттық киімдермен бірге күнделікті киетін киім, кешкілік, балаларға және жүкті әйелдерге арналған киім үлгісін ұсынуды, сондай-ақ, қазақтың ұлттық киімдерін сыртқы нарыққа шығаруды жоспарлауда.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы