07 Сәуір, 2011

Сайлау сәтті өтті, енді жаңа істер өз кезегін күтіп тұр

921 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Сонымен, кезектен тыс президенттік сайлау мәресіне жетті. Шетелдерден мыңнан астам байқаушы келді. Сайлау барысын қадағалап, сайлау ере­желерінің мұқият сақталуын бақылау үшін оларға бар­лық жағдайлар жасалды. Олар сайлау өт­кізу­дің барысына, сайлау учаскелерінің жұмыс­та­ры­на елеулі сын-ескертпелер жаса­ған жоқ. Сайлау өз дәрежесінде, таза әрі әділ өтті деген қорытындыға келді. Назарбаевтан басқа сайлауға қатысқан үш кандидат өздерін насихаттауға, өз ойларын ха­лыққа жеткізуге толық мүмкіндік алды. Мем­лекеттік теледидарлар мен газеттер олар­ға өздерінің тұғырнамасын насихаттауға кеңі­нен мүмкіндік берді. Бұларды насихаттау ба­рысына мониторинг жүргізілді. Сол бойынша бұл кандидаттар радио мен телевизиядан, газет беттерінен ұдайы көрініп отырды, плакаттар мен билбордтары, үндеу-хаттары мен өмірбаяндары жиі жарияланды. Президенттікке үміткерлердің бірде-біреуі де үгіт-наси­хат жүргізуіме кедергі болды деп айта алмай­ды. Олар өздерінің идеяларын, ұстаным­дарын баяндауға толық мүмкіндік алды. Соған сай дауыс жинады. Халық таңдауы бү­гінгі Елбасы, ұлттың лидері, тәуелсіз мемле­кеттің негізін қалаушы әрі оның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа түсті. Сайлау алдында Н.Назарбаев қауырт науқан ашып, үлкен дүрбелең туғызған жоқ. Әріптестерінің мысын басқан жоқ. Солардың сайлаушылармен кездесіп, өз бағдарламала­рын еркін таныстыруына кедергі болған жоқ. Керісінше, өзінің сайлауалды бағдарламасы­ның «Қазақстан-2030» Стратегиясында, елі­міз­дің 2020 жылға дейінгі дамуының страте­гиялық жоспарында және өзінің Қазақстан халқына биылғы Жолдауында баяндалғанын жария етті. «Менің сайлауалды бағдарламам да, болашаққа деген жоспарым да, міне, осылар» деп ағынан жарылды. Сайлауалды үгіт науқаны басталды деп, Елбасы жаңаша ұран тастап, жаңа уәделер, құлаққа жағымды сөздер айтумен әуестенген жоқ. Керісінше, ол: ешқашан құрғақ қиялға берілген емеспін және қолымнан келмейтін істі тындырам деп уәде берген жоқпын... Қа­зір де біздің жоспарлағанымыздың бәрі нақты және жүзеге асырылатын мақсаттар. Менің мұратым еліміздің әрбір азаматы біздің ортақ еңбегіміздің жемісін сезінуі тиіс, деді. Міне, Елбасы елдің гүлденуін жеке адам­дардың мүддесімен ұштастырды. Халыққа жасаған жақсылығы Отанның гүлденуіне, тәуелсіздігінің нығаюына қызмет етеді. Отан мен азаматтардың тағдырын бір-бірінен ажыратып қарауға болмайды. Сондықтан да ол тәуелсіздіктің 20 жылында еткен еңбегін ел мен халық үшін жасалған тірлік деп санай­ды. Сондықтан да биылғы Жолдауында мұны ашып айтты: «Менің ғұмырым ел тағды­ры­мен еншілес. Маған Сират көпіріндей қылпыл­даған кезеңде тәуелсіздік алып, мемлекет құру ісі сеніп тапсырылды. Сондықтан, мен сенімге серт беріп, бар жауапкершілікті мойныма алдым. Күрмеуі қиын түрлі тағдыр­лы шешімдерді жүрегімнен өткізіп қабыл­дадым. Мен 20 жылдан бері бар күш-жігерім мен білік, тәжірибемді аямай, халқыма қалтқысыз қызмет етіп келемін... Мен үшін қашанда мемлекет мүддесі мен ел игілігі жолында қызмет атқарудан артық бақыт болған емес»,  деді Елбасы. Н.Назарбаевтың сайлауда жеңіске жету себептерін осы сөздерінен іздеу керек. Оның саяси өмірбаянын тәуелсіз Қазақ­стан­ның өмірге келуінен, одан әрі бұғанасы бекіп, тұғырының нығаюынан, әлемдік қауымдас­тық­тың ортақ үйіне еркін кіріп, көрнекті орын алуынан, қазақтың атын барша әлемге паш етуінен, халықаралық сахнада өз ұлты­ның мүддесін қорғап, оның жарқын бола­шаққа үмітпен қарауынан бөліп алуға бол­май­ды. Қазақстан мен Назарбаев ұғымы бұл күнде тұтасып бір символға айналып кетті. Оның бар мұраты – өз халқына қызмет ету. Сондықтан да сайлаушылар оған өз тағдырларын тағы да сеніп тапсырды. Ол 20 жылдан бері билік басында отыр. Азия мен Солтүстік Африканың бірқатар елдері мұншалық ұзақ мерзімде билікте болған басшыларын күштеп қызметтен кетіріп, сенімсіздік көрсетіп жатқан жағдайда қазақ­стан­дықтар өз Президентіне тағы да зор сенім артып, елді бұдан былай да басқаруды аманат етіп тапсырып отыр. Бұл деген сөз Елбасының стратегиялық жүйелі саясатын толық қолдау, ұлт көшбасшысының жеке өзіне деген риясыз сенім білдіру деген сөз. Көп отырып, өз басының баюынан басқа халыққа ешнәрсе жасамаған Солтүстік Африка елдерінің басшыларынан артықшылығы сол, Н.Назарбаев бүкіл өмірін, күш-жігерін елінің гүлденуіне, халқының әл-ауқатының жақсаруына арнағандығында. Өз сайлауалды бағдарламасында атап көрсеткеніндей, аза­мат­тар­дың әл-ауқатын арттыру ел саясаты­ның басым бағыты болды. Бір сөзбен айтқанда, кезектен тыс президенттік сайлау нәтижесіз болған жоқ. Елдің саяси белсенділігі артты, қоғамда тың серпілістер сезілді. Ел өздері қалаған басшысын сайлап алды. Сайлау кезінде ел ұлт көсемі ма­ңайына бұрынғыдан гөрі тығыз топтала түсті, оның саясатына қолдау көрсетті, өз ықы­ластарын ашық танытты. Жастар Елба­сын кездесулерде жылы жүзбен қарсы алып, біз сізбен біргеміз, деп үн қатты. Өз саясатына түсіністікті, қолдауды ашық сезінген Елбасының көңілі өсіп, өз саясатының халыққа жақындығына көзі тағы бір жеткендей болды, мерейі өсіп, жігерленді. Халық сенімінен артық Ел басшысы үшін қандай бақыт бар, қандай абырой, қандай мәртебе бар? Соған лайық болудан артық ұлт көсемінде не мақсат болсын. Ол халық үшін, ел үшін әлі де тер төгуге, еңбек етуге әзір. Шынын айту керек, үш үміт­кердің сай­лауалды бағдарламала­рын­да, сай­лау­шы­лар­мен кездесу ке­зіндегі сөздерінде бірқатар ойлы пікірлер, көкейге қонымды пай­да­лы ұсы­ныстар болды. Оларды да іске жаратуға әбден болатын секілді. Н.Назарбаев кәнігі саясаткер, прагматик, өзім білемінге, тіземен басуға әуес емес, көп пікіріне, пайдалы ұсыныстарға зейін қойып, олар­дың өзегін іске пайдаланудан қашпайды. Елба­сының өз тәжірибесі де, өмірден түйгені де көп. Бірақ ол білім мен білік, жаңа ізденіс пен тың жоба артықтық етеді деп ойламайды. Біздің бас­шы жүз жасасаң да, ғұмыр бойы үйренуден жалықпауды өмірлік қажеттілік деп түсінеді. Талмай іздену, өмірді терең зерделей білу, жылт еткен жаңалықты сезіне білу – Назарбаевқа тән қасиет. Тоқмейілсу, бәрін көрдім, бәрін білемін деп самарқаулық таныту оның табиғатына тіптен жат. Өті­рік мақтануға да бой алдырмайды. Құрғақ сөзге жаны қас, ол нақ­тылықты сүйеді. Фактімен, дәлел-дәйекпен сөйлегенді ұнатады. Ол ұсыныстарын нақты есепке құра­ды. Бұл жоба қаншаға түседі, шы­ғы­ны қанша, пайдасы қанша? Қан­ша жыл жұмыс істей алады, беріктігі, сақталу мерзімі қандай? Сон­дықтан да жұрт Елбасын цифрмен сөйлем құрай алатын шешен деп бағалайды. Н.Назарбаев сайлауалды кездесулерінде «сен­­дерді жарылқаймын, бәрін ертең-бүгін жақ­сартамын, бәрін шапшаң ретке келтіремін», деп оңды-солды уәде берген жоқ. Халықпен кездесу кезінде іс барысымен танысты. Сай­лау­шылар­мен әңгіме-дүкен құрды. Олардың ұсыныс-ті­лек­терін тыңдады. Соған орай, өз пікірлерін ор­таға салды. «Ижевск» шаруа қожа­лы­ғында бол­ған­да, ауыл тұрғындарымен әңгі­мелесті. Шаруа­шылық жайын, мал тұқымын асылдандырудың тиімділігін сөз етті. Түркіс­тан қаласында зиялы қауым өкілдерімен, жергілікті ақын-жазушы­лармен мәдениет жайын, тіл, тарих, ұлттық бастауға оралу жайын қозға­ды. Ақтөбеде жастармен сыр бөлісті. Жастар саясатына үлкен мән берді. Өскеменде жұмыс­шылармен, зейнеткерлермен, жаңа қоныс иелерімен әңгіме-дүкен құрды, дастарқандарынан дәм татты. Қатардағы қарапайым жұмысшы­ның отбасына кіріп, хал-жағдайымен танысуы бұлар үшін қандай ұмытылмас шақ болды десеңізші. Рас, Елбасының сайлауалды қоғамдық штабы­ның белсенділері облыстарды аралап, бір­қатар үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Сай­лау­шылармен кездесті, Н.Назарбаевтың бағдар­ламасымен таныстырды. Халықтың сұрақ­тары­на жауап берді, ұсыныстарын жинақтады. Мұ­ның бәрі пайдалы болды. Оны жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен де сөз орайы келгенде бірер ескертпе жасауға тура келеді. Орталық телевизия арқылы олардың әр облыста сөйлеген сөздерін тыңда­ғанда бір-біріне ұқсастығы байқалды. Әр аймақ түгіл, әр аудиториядағы сөз бір-бірін қайта­ламауы керек. Сонда ғана оның табиғилығы артып, әсері күшті болады. Жалпы насихатта жалаулатып, ұрандатудың ХХІ ғасырда пәрменділігі жоқтың қасы екендігін ескерген жөн. Бұл алғашқы революция кезеңдерінің қалдығындай әсер қалдырады. Бұ­қара­лық митингі әлемдік бір қолайсыз құбылыс­қа, оқиғаға халықтың наразылығын, тікелей қарсылық білдіруін көрсетуге әсерлі формат болып есептеледі. Бүгінгі үгіт-насихат негізінен кандидаттың тұғырнамасын, қазіргі қызметін нақты фактілермен қалың жұртқа жеткізу болып табылады. Мұны ұрандатудың, салтанатты мереке-тойға ұлас­тырудың қажеті жоқ. Заман өзгерген сайын үгіт-насихат, түсінік жұмыстарының да әдіс-тәсілдері, мазмұндары өзге­ріп, жаңарып, қазіргі жағдайға үн­де­сіп, жаңғырып тұрулары керек. Қысқасы, Елбасының сайлау­дағы тамаша жеңісін үгіт-насихат­тың әсерлі жүргізілуінің, әкімші­лік ресурстарды пайдаланудың нә­тижесі деп қарауға болмайды. Бұл Нұрсұлтан Назар­баевтың көп жылғы халық алдында сіңірген ора­сан зор еңбегін бағалаудың, Елбасы беделі­нің айқын көрінісі деп түсіну керек. 95,55 пайыз дауыс жинау – Назарбаевтың еңбе­гі­не берілген баға. Римді біз құт­қардық деген қаздар құсап, Елбасын біз жеңіске жеткіздік деп ешкім де айта алмас. Назарбаевты жеңіске жеткізген Қазақстан халқы, солардың сенімі, ыстық ықыласы, оған деген сый-құрметі. Сайлау өз мәресіне жетті. Нә­ти­жесі көпшілік күткендей болды. Енді оның қорытындысы бой­ын­ша билік көп ойланулары, үлкен істерді жүзеге асырулары керек. Жаңадан жасақтала­тын жаңа Үкі­мет жаңа міндеттерді орындауға қабілетті іскер әрі жас менеджерлерден іріктелуі тиіс. Бұлар үшін ойланатын жайлар жеткілікті. Назарбаев өзіне дауыс бергендердің, «Нұр Отан» партиясы мүшелері­нің ғана Президенті емес, бүкіл халықтың, бүкіл қазақстандықтар­дың Президенті. Сондықтан да көңілі толмаған­дар­дың да, биліктің бүгінгі саясатына риза емес­тердің де көңілін табуға тиіс. Себепсіз салдар жоқ. Әр құбылыстың да ішкі мәні бар. Қар­сы­лықтың да, реніштің де себебі бар. Сондық­тан да қайтадан сайланған Президент бұл себеп­тердің де мәнісін, түпкі тамырын анықтауға тиіс. Неге олар реніш білдіреді, олар­ға бүгінгі саясат несімен ұнамайды? Неге олар­дың мүдделері назардан тыс қалған? Мұны дер кезінде ескеруге болмады ма? Тұрмысы ауыр­лардың жағдайын жақсартудың барлық шарала­ры толық қамты­лып па еді? Орталық, жергілікті билік өкілдері бұл жөнінде өз құзыреттері мен ішкі мүмкін­дік­терін түгел пайдалана алды ма? Олар тарапы­нан бойкүйездік, самарқаулық орын алған жоқ па? Бұл мәселелердің бетін ашып, себебін анықтау шарт. Енді осы сайлау­дың қоры­тын­дысының ел өміріне оң ықпалын іс жүзінде көрсете білуіміз керек. Ол – ең алдымен ха­лық­тың көңіл күйінің жақсаруы. Бұл – тұрмыс дәре­­же­сінің артуы деген сөз. Әлемдік дағда­рыс­қа қарамастан, еліміздегі ілгері өрлеудің нақты жемістерін қалың көпшілік өз көзімен көрулері керек. Бұрынғы шағын топтардың одан әрі баюына қызмет етпей, билік қалың бұқараның тұр­мыс күйінің, әлеумет­тік жай-жапсарының жақсаруын қамтамасыз етуі үлкен парыз. Ол үшін экономика қарыш­тап дамуы керек. Үдеме­лі индустриялық-иннова­ция­лық үрдіс белең алуға тиіс. Өз жерімізде азық-түлік молшылы­ғын қамтамасыз ету міндеті тұр. Сырттан тасуды азайтып, өз арбамыздың тегершігін іске қосу көп пайда беретіні мәлім. Шетелдік инвестиция тарту, әрине, тәуелсіз­діктің алғашқы онжылдығында өте қажет болды. Ол аяқтан тұруымызға көп көмектесті. Енді еліміздің экономикасына ішкі инвести­цияны, өз кәсіпкерлеріміз бен алпауыттары­мыздың қаржыларын іске қосуға да бар жағ­дайды жасаудың маңызы күшті. Оларды осыған ынталандыра білген жөн. Өйткені, олардың ин­вес­тициясының сырттікіне қарағанда артықшы­лығы бар: ашылған өндіріс өз халқымызға қызмет етеді, елдің әлеуеті арта түседі, шикі­заттық бағытты біртіндеп еңсеретін боламыз. Отандық өнеркәсіп дамиды. Осындайда И.Сталин мен америкалық жазушы Г.Уэллстің 1934 жылғы әңгімесі еске оралады. Г.Уэллс Кеңес Одағына іштартқан. Сталин мен Рузвельтті өте жоғары бағалаған. Әңгіме арасында ол президент Рузвельттің өз елінде социализм принциптерін жүзеге асыра бастағанын сөз етеді. Сонда И.Сталин АҚШ президентін өте жоғары баға­лай­тынын, ол әлемдегі ең беделді тұлға екенін айта келіп, оның социализм принциптерін жү­зе­ге асыра алмайтынын айтады. Өйткені, банктер Рузвельттікі емес, өнеркәсіп те онда емес, ірі өнеркәсіп кәсіпорындары, үлкен экономика оның құзыретінде емес. Бұлардың бәрі жеке адамдардың қолында. Темір жолдар мен сауда флотының да өз қожайындары бар. Ең ақыры кәсіби еңбектің ірі мамандары, инженерлер, техниктер – бәрі де Рузвельттікі емес, олардың жеке қожайындары бар, бұлар соларға қызмет етеді. Буржуазия әлемінде мемлекеттің өз функ­циясы бар. Бұл – елдің қорғанысын қамтамасыз ету, ішкі «тәртіпті» сақтауды ұйымдастыру, са­лық жинау. Шаруашылық жағының шын мә­нін­де капиталистік мемлекетке қатысы шамалы, экономика мемлекеттің қолында емес. Керісінше, мемлекет капиталистік шаруашылықтың қо­лын­да. Сондықтан да Рузвельт өзінің бүкіл күш-жігері мен зор қабілетіне қарамастан, сіз айтқан міндетті орындай алады деп айтуға батылым жетпейді... Егер Рузвельт пролетариаттың мүд­де­л­ерін капиталистер есебінен қанағаттан­дыру­ға әрекет жасаса, оны капиталистер басқа адаммен алмастыра салады. Капиталистер: президенттер келеді, кетеді, ал біз, капиталистер, қала береміз, егер бір немесе екінші президент біздің мүддемізді қорғамаса, басқасын табамыз, дейді. Бұл капиталистердің еркіне қарсы президент не істей алады? – дейді И.Сталин («Большевик» жур­налы, №12, 1934), Г.Уэллс болса ойланып қа­лады. Әңгіме соңында ол Сталинге ризашы­лы­ғын білдіріп, оның атына жылы сөздер айтады. Бұл әңгіме өткен ғасырдың басында болға­нына қарамастан, оқушыны ойға қалдырады. Бұған қарағанда, мемлекетті экономикадан бір­жола қол үзуге үндейтін либералдық демо­крат­тар­дың жетегінде кете беруге болмайтын секілді. Күшті мемлекеттің қолында қуатты қа­руы­нан, қорғаныс күштерінен басқа мықты эконо­микасы, дамыған ғылымы мен озық тех­никасы болуға тиіс. Бұлардың бәрін жеке ал­пауыт­тардың меншігіне беріп қою мемлекеттік бас­шы­лықтың икемділігін, кез келген уақытта маневр жасау қабілетін кемітеді. Мемлекеттік би­ліктің халыққа барынша шапшаң, тезірек жағдай жасауына қолбайлау болатыны анық. Экономиканың шешуші, стратегиялық сала­ла­рын (байланыс, көлік, әуе, теңіз қатынасы, космос және т.т.) өз қолдарына шоғырландырып алған алпауыттар мемлекеттік биліктің саяса­тына керек кезінде қолдау көрсете бермеулері де ықтимал. Керісінше, И.Сталин айтқандай, өзде­ріне ыңғайлы, аттөбеліндей шағын топтың мақсат-мүдделерін қорғайтын билікті саясат сахнасына әкелуі ғажап емес. Сондықтан да экономиканың маңызды салалары, қаржы және ақпарат органдары мемлекет қарамағынан сытылып шығып кетпеуі керек. Қазір бұған талпыныс бар. Сайлау өтті. Президент халық қолынан үл­кен карт-бланш алды. Енді батыл да шұғыл шаралар жүргізуге әбден құқылы. Конституция бойынша сайлаудан кейін Президент ескі үкіметті отставкаға жіберіп, жаңа үкімет құрамын жасақтайды. Осыған орай кадр мәселе­сіне көпшіліктің селсоқ қарай алмайтыны анық. Бұл сала қоғамда көбірек сынға ұшырап жүр. Кадрлардың рокировкасы, бір орыннан екін­шіге ауысып отыруы және өзімен бірге ко­мандасын шұбатып жүруі тыйылмай келеді. Жаңа есімдерге ел зәру. Керісінше, кез келген жиын­ды жарамазанға айналдырып жіберетін, жүргі­зілген шараның ішкі мәніне, келтірер пайдасына емес, сыртқы пішініне, көзге ұрып тұруына көбірек көңіл бөлетін сырдаң басшылар бізде бар­шылық. Ұзақ-сонар сөзге үйір, нақты іске, оның ақырғы нәтижесіне емес, өзін, өзінің ұнамды имиджін қалыптастыруға себін тигізеді-ау деген шараларға әуес, сәл нәрседен көрініп, көз­ге түсіп қалуға ты­ры­сатын «іскер» басшы­лардың қатары азаймай келеді. Сонда да болса, соңғы уақытта қуанар­лық жәйт, бұларға ұқса­май­тын, сырт­қы әсерге, құр мақтанға малдан­байтын жас басшылардың жаңа генерациясы өсіп жетіліп келеді. Мәселен, Жамбыл облы­сының жас әкімі Қ.Бозымбаев, Қарағанды облы­сының әкімі С.Ахметов, Оң­түстік Қазақстан облы­сының әкімі А.Мыр­захметов, Индустрия және жаңа технология министрі Ә.Исекешов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіқа­лы­қовалар сабырлы да салиқалы мінезімен, нақты іспен айналысуға икемділігімен, бұл жолда жасандылыққа ұрынбай, бар ынта-жігерімен өз ісімен айналысып жүргенін халық ұната бастады. Елбасы төңі­регінде осындай жаңа әрі іскер жас басшылар көбейе түскенін қалар едік. Тамағы қарлыққанша мінбеден түспей, жалаң-жадағай, өнімсіз бастамашылдыққа бауыр басқан, нақты ұйымдастыру ісін осы әдіспен алмастыруға үйір басшылардан біртіндеп арылу керек. Әрбір басшы осы ісім, бастамам маған қандай абырой әпереді деп емес, халыққа, қоғамға нендей пайда келтіреді деген оймен толғатуы керек. Біздің Елбасымыз сайлау науқаны сәтті аяқталды, енді аяқ-қолға дамыл беріп, белді босатып, біраз тыныстап алайын дейтін адам­ның санатынан емес екені көпке аян. Сай­лаудағы жеңіс оған жаңа міндет, жаңа жауапкершілікті қоса ала келді. Ол – бұрынғыдан да тиімдірек, бұрынғыдан да пәрменді жұмыс істеуге машықтанған саясаткер. Ол – өзін еш­қашан жайбарақат сезіне алмайды. Әрдайым өзін жауынгерлік сапта тұрғандай сезінеді. Бұл – оның ежелгі қасиеті. Жаңа ойлар оны үнемі мазалайтыны сөзсіз. Ол жаңаруды, алға басу­ды бір сәт те естен шығарған емес. Ұзақ жыл­­дарғы өмір тәжірибесі оны осыған үй­рет­кен. Халық сенген сайын ол өзін қам­шылай түседі, жаңа іске құлшына беріледі. «Нұр Отан» партиясының соңғы съезінде Президент ел сенім артып, халықтың еркі осыны талап етсе, мен елім үшін жұмыс істеуге дайынмын, деді. Сайлау алдында Елбасы осындай сөз берді. Ол әрдайым өз сөзіне берік басшы. Әр сөзіне үлкен мән береді, келді-кетті уәде бере салмайды. Сөз берсе, орындап шығуға ұмты­лады. Сондықтан да халық өз көсеміне, ұлт басшысына, тұңғыш Президентіне сенеді. Елбасы болса, ел сенімінен шығуға әрдайым бар күшін салады. Өйткені, алда атқарылар істер көп, шешілмеген мәселелер, алынбаған асулар жеткілікті. Бізде адамдардың әлеуметтік ахуалын анықтайтын бірқатар көрсеткіштер бар: ішкі жалпы өнімнің өсімі 7 пайыз, орташа айлық жалақы – 80 мың теңге, жан басына шаққан­дағы ішкі жалпы өнім 9 мың доллар және т.т. Осы көрсеткіштер жалпы халықтың, тұтас ұлттың хал-ахуалын дәл сипаттай ала ма? Әрине, жоқ. Орташа көрсеткіш деген сөз дерексіз цифр. Жекелеген адамның немесе шағын топтың уайым-қайғысыз мамыражай өмірі бүкіл қоғамның, тұтас социумның жалпы ахуалының, көңіл күйінің көрсеткіші бола алмайды. Сондықтан да күнделікті өмірде жалпы дерексіз көрсеткіштерге малданбай, экономикадағы өрлеуді халық өз тұрмысынан аңғаруға тиіс. Сонда ғана ол елдегі реформаның тиімділігіне сенетін болады. Жұмыссыздық пен кедейшіліктен халық әлі құтылған жоқ. Коррупция ауыздықтатпай келеді, жемқорлардың бірі жазаланса, алты басты айдаһардай екіншісі шыға келеді. Демек, бұл бағытта күрес одан әрі күшейе түсуге тиіс. Өндірісте еңбек өнімділігі әлі төмен. Өнімнің өзіндік құны жоғары. Дайын өнім шығаруға жұмсалатын шикізаттың көлемі мен шығынның мөлшері көп. Ғылым баяу дамып келеді. Оның жетістігі мен оны өндіріске енгізу арасындағы алшақтық үлкен. Бұл істің тиімді жолдары әлі қалыптасып үлгерген жоқ. Ғылымды дамытуға және оны өндіріске енгізуге жеке кәсіпкерлердің ынта-ықыласы төмен, қызығушылығы аз. Құрылыс ісі және оған пайдаланылатын материалдардың бағасы тым жоғары. Ауылшаруашылық өнім­дерін ұқсату мен өңдеудің терең техноло­гиясы әлі іске қосылған жоқ. Мал өнімдері мен оның қалдықтары (жүн, теріден басқа малдың мүйіз, сүйектері және т.б.) кәдеге толық жаратылмай жатыр. Қалдықсыз технология өмірге әлі енген жоқ. Ауыл азаматтарына дәрігерлік көмек өз дәрежесінде емес. Медициналық қызметтің тегін және ақылы түрлерінің ара-жігі толық ашылмай, коррупцияға жол берілуде. Мектептерді компьютерлендірудің жайы қағазда жақсы, ал іс жүзінде көп жерлерде көрменің экспонаттарының рөлін атқарып отыр. Маман жетіспейді. Мектеп оқу бағдар­ламалары жетілдірілмеген, шұбалаңқы, са­бақ­тастық аз. Оқулықтардың тілі ауыр, оқу­шының түсінуіне қиындық келтіреді. Оқу сапасы көп мектептерде әлі төмен. Елімізде кітап шығару мәде­ниет құралы емес, қосалқы та­быс табудың, өзін-өзі дәріп­теу­дің қосымша көзіне айналып отыр. Сайлау барысында, пре­зиденттікке үміт­кер­лермен кездесу кезінде бұдан басқа да сын-ескертпелер көп жайдың басын ашты. Ендігі міндет – соларды түзету жолында тиісті шаралар қолдану болып табылады. Сонда сайлау­шылар елімізде өткен саяси науқанның маңыз­ды­лығына анық көзі жетеді. Өз Отанын, тәуел­сіз Қа­зақ­ста­­нын әр азамат мақ­та­ныш тұ­та­ды. Әбдеш ҚАЛМЫРЗАЕВ, философия ғылымдарының докторы, профессор.