16 Ақпан, 2017

Ауылды қолдауға кеткен қаржының өтеуі қайда?

386 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Нарық қатынасына көшкелі бері Үкімет ауылды мемлекеттік қол­дау­дың түрлі жолын қарастырды, әлі де із­деніс үстінде. Егемендік алған жыл­­да­ры барлық ауылшаруашылық кә­сіп­орындарының мемлекет ал­дын­дағы қарызы кешіріліп, сол кезден бас­­тап алынған қарыз қай­тарымды бо­­луы жоспарланды. Ол қарыздар да қайтпады, оны Парламент бірнеше рет кейінге шегерді. 95-жылдары мемлекеттік қаржылай қол­дау аудан әкімдеріне жүктелді. Ел эко­но­микасының жағдайы қиындау кез­де бө­лінген қаржы шаруа қожалықтары­ның бәрін қолдауға жетпеді, аз қаржы тамыр-таныстан, жақын-жуықтардан артылмады. Мұны байқаған Үкімет ол қаржыны облыс әкімдігі арқылы үлестіріп көрді, ондағылар жер-жердегі нақты жағдайды біле бермегендіктен және олар да сенімділерді өз таныстарынан іздегендіктен жаңағы қателіктер қайталанды. Сосын Үкімет аса зәру заттарды: егілетін дақыл тұқымын, ты­ңайтқыштар мен химикаттарды арзандатып беруді қолға алды, сатып алу мен үлестірудің арасындағы шығынды мойнына алды. Ол да толық қайтарым бермеді. Барлық жерде сана факторы алға шыға берді. 2006 жылы ша­руалардың әрбір гектарына субсидия беру заңдастырылды. Ол да баяғы социалистік теңгермешіліктің қайталануы еді. Қолымды көкірегіме қойып айтар болсам, шаруалар сол қаржының басым бөлігін жерді сақтауға, тоздырмауға, жерге еккен дақылдарын күтіп-өңдеуге жұмсаған жоқ. Қаржыны жылына бір рет емес, сатылап та берді, ол ақша тым аз болып шықты да еш­теңеге жетпеді, сөйтіп, ақша алған сәтте күнделікті тіршілікке, той мен құ­далыққа жұмсалып кетіп жатты. Ақ­шаның көзі жоқ, қанша бар болса, сонша кетеді. Осы заң Мәжілісте тал­қы­ланған кезде онда заңгер едім, бұл субсидия мақсатты жұмсалмайды деп қарсы болған едім. Мұндағы реттелуі қиын бір мәселе – субсидия барлық су­бъектілерге жетпейді. Сондықтан оны «таңдаулыларға» ғана беруге жол ашылады. Қазір Үкімет субсидияның тиімсіз пай­даланылып жатқанын байқап, бұл тәсілден бас тартып, кім құрал-жа­б­дық алар болса, соған беріледі деген шешім шықты. Бұл тәсілдің прог­рессивті жағы бар, ол – шаруаларды бірі­гуге итермелейді. Суармалы жер­де­гі қарамағында 2-3 гектар жері бар шаруаға, егер басқалармен кооперация жасамаса, бұл қолдау жәрдем бере ал­майды. Бізде кооперация жолымен бір­лескендер саны 1,33 пайыз ғана. Ал АҚШ пен Францияда – 100 пайыз, Испанияда – 120 пайыз, Нидерландыда – 140 пайыз. Ауылды дамытуға қатысты сөз қоз­ғалғанда мемлекеттік қолдау шаруаларға нақ­ты жетпейді деген әңгіме де рас. Елде 173 мыңдай ауылшаруашылық құ­рылымдары бар, оның 165 мыңы шаруа қожалықтары. Үкімет немесе жергілікті билік олардың әрбіріне жеке-жеке барып, ақша үлестіруі мүмкін емес қой. Осылай ұйымдасуын қалайтындар көп. Социализм кезіндегідей болса дейді. Бірақ ол мүмкін емес. Өйткені, алған несиенің қайтарым тәуекелі деген бар, ол барлық қожалықтарда бірдей емес. Мемлекет берген ақшаның қайтарымды болуын қадағалайды. Ол үшін кепілдік мүлік талап етеді. Оны қойып қаржы алуға көп қожалықтардың шамасы келмейді. Сосын өкпелейді. Өкпелілер, әсіресе, халық жиі орналасқан суармалы өңірде көп. Сондықтан да үкімет органдары ұсақ шаруаларға бірігуді ұсынады. Оны да ұйымдастыру оңай болып жатқан жоқ, оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, шаруалар жері өте аз болса да, өздерін меншік иесі ретінде сезініп қалды, біріксек жерден айырылып қаламыз ба деп қорқады. Екіншіден, табыс жоқ деп қанша айтса да, жыл сайын ұқыпты шаруа табыссыз қалмайды, сол табысты да ала алмай қаламыз ба деп уайымдайды. Оған негіз бар, астықты өңірлерде жерлерін ірі кәсіпорындарға беріп, бірігіп жұмыс жүргізіп жатқан шаруалардың ішінде өздеріне тиесілі дивидендін толық алып жатқандар өте аз. Үшіншіден, заңдарға сәйкес шаруа қожалықтарының бірігуі ерікті түрде ғана жасалуы тиіс, бірігу үшін жердің иелігіне, табыс бөлісіне қатысты нақты кепілдіктер берілетін және бірлескен құрылымдардың жұмысын реттейтін заңнамаларды жетілдіру қажет. Ауыл әкімдері жайында ерекше тоқ­талғымыз келеді. «Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының заңы 2001 жылы 23 қаңтарда қабылданды. Бұл заңның онда белгіленген талаптарға сай қолданылуы сатылап жүзеге асып келеді. Қазірше олар «мемлекеттік билік кәсіпкерліктің ісіне араласпасын» деген талапты өз пайдасына түсініп, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне жа­уап берудің жоғарыға есеп беріп тұратын сәттерін ғана орындап, өз тұрғындары алдындағы жауапкершілікті сезінбей отыр...

Мырзагелді КЕМЕЛ,

экономика ғылымдарының докторы