16 Ақпан, 2017

Ынтымақтастыққа ынталы

451 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының басшылығы елімізге арнайы сапармен келген ұлыбританиялықтар Лестер университетінің ректоры Пол Бойлмен, Заң мектебінің директоры Франсуа Де Буамен және Стратегиялық әріптестік жөніндегі директор Майкл Гринмен кездесті. Жиынға «Астана» халықаралық қаржы орталығының өкілдері де қатысты. Бұл сапардың мақсаты – британ құқығы негізінде жұмыс ат­қа­ра­тын «Астана» халықаралық қаржы орта­лы­ғының кадрлық резервін даярлау жөніндегі әріптестік мүмкіндіктерін қарастыру, британдық мамандардың көмегімен академия базасында ағыл­шын тілі мектебін және Лестер уни­верситетінің құқық мектебі филиал­ын ашу сынды маңызды жобаларды талқылау. Бір атап өтерлігі, Лестер университетіне, сонымен қ­а­тар, басқа да британдық ЖОО-лар­ға оқуға тү­суге ынта-ниет танытып отыр­­ған қазақстандық талапкерлердің дайын­ды­­ғын күшейтуге Лестер уни­верситеті үл­кен қызығушылық танытып отыр екен. Жиында сөз алған Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Фатима Жақыпова құрылымның ерек­ше­лігі мен артықшылығына тоқ­тал­ды. «Мемлекеттік басқару академия­сы Қазақстан Президенті жанындағы жал­­ғыз оқу-білім және идеологиялық орталық іспетті. Академия Қазақстан­ның және өңіріміздегі ел­дер­дің мем­­лекеттік қызметшілерін оқы­та­ды. Қазіргі таңда бізде Қазақстан, Ауғанстан, Қырғызстан, Моңғолия жә­­не Тәжікстан секілді елдер­дің 300-ге жуық мемлекеттік қызметшісі дә­­ріс алып, біліктіліктерін же­тіл­діруде. Түлектердің арасында Үкі­мет мүшелері, облыстар мен ірі қалалардың әкімдері, ұлттық ком­паниялардың жетекшілері бар. Қазіргі таңда Мемлекеттік басқару академиясы ел Президентінің бірін­ші және бесінші институттық ре­фор­маларының, сондай-ақ, «100 нақты қа­дам» Ұлт жоспарының жүзеге асы­ры­луына белсенді атсалысуда, – деді ректор. Сонымен қатар, Фатима Жақыпова академия магистратураның 5 және докторантураның 4 бағдарламасы бой­ынша оқу-білім жұмыстарын жүр­гі­зетінін, жыл сайын Қазақстанның 2 мыңнан астам мемлекеттік қыз­мет­шісі қайта даярлау және кәсіби бі­лік­тілікті арттыру бойынша қысқа мер­зімді курстардан өтетінін жеткізді. Оның айтуынша, өткен жылы академия Ресейдің 105 мемлекеттік қызметшісін оқыт­са, биыл да оқыту бағдарламасы бойынша тапсырыс алыпты. Ал Лестер университетінің ректоры Пол Бойл өз сөзінде университеттің тарихына, қазіргі тыныс-тіршілігіне, оқыту жүйесіне жан-жақты тоқталып өтті. «Лестер университетінің негізі 1921 жылы қаланған. Times and The Sunday Times Good University Guide-2017 рейтингісіне сәйкес, Ұлыбританиядағы 120 университеттің ішін­де бұл жоғары оқу орны 25-орында тұр. Қазіргі таңда онда 20 мыңға жуық студент білім алады. Олардың 23 пайызы әлемнің 117 елінен келген шетел студенттері», – деді П. Бойл. Кездесудің қорытындысы ретінде Мемлекеттік басқару академиясы мен Лестер университетінің арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»