17 Ақпан, 2017

"Хат қоржын" (17.02.2017)

302 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Оқырман жаңалығын жеткізеді

Бенкс бармағын жалап отыр

Алматы облысының Ақсу ауданындағы Суықсай ауылындағы «Эдуард» шаруа қожалығының басшысы Николай Бенкстің ата-анасы да бал араларын өсірумен айналысқан болатын. Былтыр өз кәсібінің нәтижесін көрген кәсіпкер бал арасын өсіруді конвейерлік жолға қоя отырып, өз бизнесін кеңейтуді ұйғарды. Бұған дейін оның 20 ара ұясы болса, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 3 млн теңге несие алған кәсіпкер қосымша 50 ара ұясын омартасымен сатып алады. Сонымен бірге бал құятын ыдыстар және басқа да құрал-жабдықтар алып, өндіріс пен өткізу көлемін ұлғайта отырып 3500 келі өнім өткізді. Жаз айларындағы қарбалас кезең мамырдан тамыз айына дейін жалғасады, одан кейін бал арасын қосымша қоректендіре отырып омарталарды қымтап, қысқы кезеңге әзірлеу қамына кіріседі. Екі жыл ішінде ол жеке адамдар мен кәсіпкерлер арасынан тұрақты тұтынушылармен жұмыс істеуге машықтанып алды. Заманбек МҰХАМЕТХАНОВ Алматы облысы ...қуанышын бөліседі

Жұртшылық тілегі орындалды

Бірлік ауылының мектебіне батыр жерлесіміз Жылбек Ағаділовтың атын беру жөнінде ономастикалық комиссияға ұсыныс түсірген болатынбыз. 2013 жылдың сәуір айында мектепте өткен жиында ауыл ақсақалдары, аудандық білім бөлімі қызметкерлерімен болған кездесуде мұғалім Мансұр Базаров осындай ой білдіріп, оны ауыл ақсақалдары мен ұстаздары қолдады. Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде Сая Молдайып Жылбек Ағаділов жайлы мақала жазып, батырдың зираты тозыңқырап тұрғаны айтылып, оған Аллаберген қажы бастаған ауыл ақсақалдары қаражат жинастырып, арнайы тас белгі орнатты. Ал аудандық тілдерді дамыту бөлімінің қызметкері Бауыржан Адамбеков батыр есімін мектепке беру жөнінде республикалық ономастикалық комиссияға құжаттарды жинақтап, бірнеше рет Астана қаласына іс-сапармен барып келді. Ауыл аудан әкімі Оразгелді Қайыргелдиновпен кездесуінде бұл мәселені тағы да көтерді. Сөйтіп, 2016 жылдың қараша айында Үкімет қаулысы шығып, біздің ауылдың мектебі Жылбек Ағаділов атындағы жалпы орта білім беру мектебі деп аталды. Бұл біздің ауыл үшін үлгі-өнегелі, көп көкейіндегі игілікті шараның іске асқандығы деп білеміз. Мейрам ҚОЖАНОВ, мектеп директоры Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Бірлік ауылы

...қауіп етеді

«...Маған полкым емес, халқым керек»

Ру – қазақтың шыққан тегiн танытатын тетiк. «Тегiн бiлмеген түгiн бiлмейдi» дейтiнiмiз сондықтан. Осы рудың арқасында қазақ әлемдегi ең қаны таза халықтың бiрi болып сақталып келедi. Бiр рудың адамдары жетi атаға толмаса қыз алысып, қыз берiспейдi. Қазақтың тектi, талантты болуының сыры осыдан бастау алады. Қазақ өз руын бiлгенмен, руға бөлiнушiлiктi құптамаған. «Бiрiңдi қазақ, бiрiң дос, көрмесең iстiң бәрi бос» деп ұлы Абай осыны меңзеген. Бұрынғының шалдары «қай баласың» дегенде әке-шешемiздiң аты-жөнiн айтып құтылатынбыз. Қазiргiлер «қай рудан болдың?» деп сұрақты қабырғадан бiр-ақ қояды. Жауабыңды жақтырмай қалатыны да жоқ емес. Қазiргi таңда, несiн жасырайық, ұлттық намыстан гөрi рулық намыс әлдеқайда жоғары тұр. Оның үстiне күншiлдiк пен көреалмаушылықты қоссаңыз, рушылдықтың оты лаулай түседi. Әттең, осы дерттен арыла алмай-ақ қойдық. Топырақты өлiмде, торқалы тойда тоқайласқан әр рудың адамдарын көрiп, Құдайға шүкiр дейсiң. Бiрақ солардың iшiнде “бiздiң қазақтың баласы” деп емес, “бiздiң рудың баласы” деп мақтанатындарды көрiп iшiң ашиды. Ақын Жұматай Жақыпбаевтың осы тақырыпқа қатысты өлеңі бар. Өлеңінің соңы төмендегіше түйінделеді. «Рулар – көшпелді елдің полктары, Ал маған полкым емес, халқым керек». Олай болса, бүгінгі өз «полкын» асқақтатқысы келгендеге айтарымыз, руға бөлiнушiлiк – елдi рухсыздандыратынын естен шығармайық. Ал бізге халқымыздың бірлігі қымбат. Махамбет САПАРМҰРАТОВ Оңтүстiк Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы ...сенім артады

Украин, орыс сөйлейді қазақ тілінде...

«Туған тілім – тірлігімінің айғағы» деген тақырыпта Маңғыстау аудандық жастар орталығы мен «Жас Отан» жастар қанаты аудандық филиалы және аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен жастар орталығында шығармашылық жастар кеші өтті. Кештің мақсаты – ауданымызда тұрып жатқан әртүрлі ұлт өкілдерінің ана тілімізді меңгеруін жастарға паш ету және ана тілімізді асқақтатып жастар арасында кеңінен насихаттау. Шараға еріктілер мен жас отандық жастар қатынасып, Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мұқағали Мақатаев секілді ақын-жазушылардың шығармаларын нақышына келтіре оқыды. Басқосуда украин қыз Елена Лоставецкая, қарақалпақ ұлтының өкілі Гүлайым Нұротова, аудандық кітапхана меңгерушісі Гүлжамила Қасымова, аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Эльмира Айтыманова, «Жас отан» жастар қанатының аудандық филиал төрағасы Аллаберген Қонарбаев сөз алып, пікір білдірді. Шара соңында шараға белсенді атсалысқан ерікті жастар марапатталды. Әлина НҰРБЕРГЕНҚЫЗЫ, Жастар орталығының бас маманы Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы ...алғыс айтады

Ажалды арашалағандарға ықыласым бөлек

«Өмір деген бір жарқ еткен найзағай, Өмір деген көк аспанның күркірі», – деп Мұқағали жырлағандай, өмір – тағатсыз қозғалыс іспетті. Өмір – дария. Дарияда ескек есу оңай ма? Дарияның тұңғиғынан шығарып, өлім мен өмір белдескен шақта дем беріп, мына жарық дүниені сыйлаған абзал жандар – Астана қаласындағы №7 емхана дәрігерлері. 2011 жылы Семей қаласында аса қауіпті ұлғайған асқазан жарасына ота жасалған. Профессор Серікжан Ботбаев, хирург Мұратхан Күдербаевтың біліктілігімен ота сәтті өтті. Ота жасалғаннан бері Астанадағы №7 емхананың №31 бөлімшесінің бақылауындамын. «Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің» дегендей, сырқат сыр бергенде қол ұшын созған гастроэнторология бөлімінің дәрігерлері Сара Темірбекқызы, Алмагүл Базарова, азаматтық денсаулық сақтау ісінің үздігі, ревматолог Бақыт Әубәкірова, Гүлсім Болатбекова, Фариза Құлбекова, медбике Шолпан Есенқызы, офтальмолог Гүлназ Жақсыбаева, медбике Гүлшат Тапаеваға алғысымды білдіремін. Мәрия БЕКТҰРТЕГІ, зейнеткер, ұстаз Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданы