Осы қыста Кеңсайға баруымыз жиілеп кетті. Бірқатар ардақты ағалардан айырылып қалдық қой. Сол кісілердің алдындағы соңғы парызды өтеп, көңіл онсыз да жабырқау тартып тұрған сәттерде Астанадан келген бір досымыз төмендегі Алматыға көзі түскенде шошынғандай сыңай танытты. Қала өзін тұмшалаған бұлыңғыр мұнардан тасаланып көрінбей тұр екен. Сол көріністі біздің дос қолма-қол суретке түсіріп алып жатты.
Бүгін Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан келген атмосфера тазалығын бағамдайтын мәлімет қолыма тигенде сол оқиғаны еске түсірдім. Мына сараптама деректері қаланы жапқан бұлыңғыр мұнар ішінен бір үміт сәулесін жылтыратқандай. Наурыз айында Алматыдағы атмосфераның ластану индексі 10,4 болыпты. Бұдан өткен жылдың наурызында 12,1, ал оның алдындағы жылы 13,6 болған көрсеткіштерден кему үрдісіне бет алушылық аңғарылғандай.
Айтар болсақ, шынында да қала билігі қолданып жатқан шаралардың арқасында Алматыдағы атмосфералық ауаның жағдайы жақсарып келеді. Бұған автокөліктің уыттылық нормаларын және техникалық байқаудан өтуді, сатылатын автомотор жанармайының сапасын, көлікті газға көшіру орайындағы бағдарламаның жүзеге асуын бақылауды күшейту және басқа шаралар игі әсерін тигізуде.
Сондай-ақ мегаполистегі ауаның ластану деңгейін кемітуде шығыс айналма жолы бірінші кезегінің пайдалануға берілуі, жолдардың күрделі әрі ағымдағы жөндеуден өтуі және жаңадан салынуы үлкен рөл атқаруда.
Қалалық мәшине паркі жаңалануда. Бүгін таңда пайдалану мерзімі 3-7 жыл арасындағы мәшинелер көбейе түскен. Бұл да ауаның тазаруына көмектесуде.
Дерек көздеріне сүйенсек, алдыңғы жылдармен салыстырғанда ластану 2,6 мың тоннаға кеміген. Бұған не нәрсе септесті десек, жылу-энергетикалық кәсіпорындарда осы заманғы тозаңнан тазарту жабдықтары қойылған, халықаралық әуежай және бірқатар ұсақ кәсіпорындар қазандықтары газбен жағылатын болған. Сонымен бірге жеке меншік тұрғын үй секторы газдандырылды. Өткен жылы ғана 64 шақырым газ құбыры желісі тартылып, 20 мыңға жуық үй «көгілдір отын» пайдаланатын болды. Сөйтіп, Алматы ауасының тазару үдерісі жалғасын табуда.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.