Бүгінгі таңда елімізде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жолдауда денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер туралы да айтылғаны белгілі. Әсіресе Елбасы айтқан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қалай енгізілетіндігін көпшілік күтіп отыр. Сонымен қатар, медициналық сақтандыру жүйесінің аясында денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық техникамен жабдықтау ережелеріне енетін өзгерістер барлық бас дәрігерлерді толғандырып отырғаны сөзсіз. Осы және өзге де сауалдарға жауап алу мақсатында «ҚазМедТех» АҚ басқарма төрағасы Чиникеев Талғат Орынбасарұлымен сұхбаттасқан едік.
- Талғат Орынбасарұлы, жақында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдау арнады. Оның ішінде денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер туралы айтылды. Елбасы ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілетіндігін атап өтті, сіздің ойыңызша бұл қарапайым азаматтарға не береді?
- Иә, шын мәнінде, бұл мәселе біздің мемлекеттің әрбір азаматын толғандыратыны сөзсіз. Бұл жүйенің тиімділігі әлемдік тәжірибемен дәлелденген. Медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушыларына медициналық қызметтердің кеңейтілген көлемі ұсынылатын болады. Оның аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу нәтижесінде медициналық қызметтер сапасы жақсарады және медицина елдің қарапайым азаматтары үшін қол жетімді болады деп санаймын.
-Президент халыққа Жолдауында бизнес ортаның жақсаруына және кеңеюіне үлкен көңіл бөлді. Кәсіпкерлікті жүргізу бойынша өңірлер мен қалалардың рейтингін енгізу аймақтарда бизнестің дамуына әсерін тигізеді ме? Қалай ойлайсыз?
- Бұл рейтингті енгізу аймақтарда бизнесті дамыту үшін қосымша тетік болып табылады. Елбасы атап өткендей үздіктеріне арнайы сыйақы беріледі, бұл бизнес ортаны дамыту бойынша нақты шараларды қабылдау үшін өңірлердің басшыларын ынталандырмақ. Оның үстіне Үкіметке «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп бизнес үшін шығындардың барлық түрін төмендету бойынша шара қабылдау тапсырылды.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жеке секторға бірқатар компанияларды беруді тапсырды, оның ішінде «ҚазМедТех» АҚ алғашқыларының бірі болып тұр. Осы күнге нақты инвестор бар ма және компанияны жеке секторға тапсыру үшін не қажет?
- Компанияны сенімді басқаруға тапсыру үшін бірқатар рәсімдер жасалуы тиіс. Жақын арада, жекешелендіруге жататын мекемеміздің нарықтық құнын бағалау үшін және оны сенімді басқаруға беру барысын сүйемелдейтін тәуелсіз кеңес беруші анықталатын болады. Тендер өткізу ағымдағы жылдың қыркүйек айына жоспарланып отыр.
Қайтадан құрылған Денсаулық сақтау министрлігіне отандық денсаулық сақтау көрсеткіштерін жоғарылату жөнінде үлкен үміт жүктелуде. Осыған орай, медициналық техника лизингі жүйесінде не өзгереді?
- Лизингке берілетін медициналық техника құнының сомасын арттыру туралы мәселе қарастырылып жатыр. Қазір біз лизингке мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары үшін 5 миллион теңгеден 50 миллион теңгеге дейінгі сомада, ал жеке компаниялар үшін 5 миллион теңгеден 100 миллион теңгеге дейінгі сомадағы медициналық техниканы береміз. Қазіргі таңда мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарына берілетін медициналық техника құнының ауқымын 100 миллион теңгеге дейін жоғарылату бойынша жұмыс жасалуда.
Қаржылық лизинг шарттарына сәйкес сіздер лизинг мерзіміне сервистік қызмет көрсетесіздер. Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында медициналық техникаға сервистік қызмет көрсету бүкіл пайдалану мерзімі бойынша берілсін деген тапсырма берді, бұл бағыт бойынша қандай шаралар қабылданатын болады?
- Шын мәнінде, қазіргі кезде жабдықтың істен шығып қалуына қатысты проблемалар бар, ол медициналық қызмет көрсету сапасының төмендеуіне алып келеді. Қазір аталған мәселені шешу бойынша механизм әзірленіп жатыр. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетімен бірлесіп аталған мәселені реттейтін нормативтік актілерге тиісті өзгерістерді енгізу бойынша жұмыс атқарылуда.
- Медициналық техниканың құнын негізсіз көтеруді жою мақсатында қандай шаралар жоспарлануда?
- Қазіргі таңда Қарағанды және Қызылорда облыстарынан басқа көптеген денсаулық сақтау басқармалары мен ұйымдары «ҚазМедТех» АҚ арқылы медициналық техниканың құнына сараптама жасамайды. Аталған мәселені шешу үшін жергілікті бюджет қаражаттары есебінен медициналық техниканы сатып алу кезінде оның құнына сараптама жасауды міндетті ету жоспарлануда. Сондай-ақ, отандық тауар өндірушілерді қоспағанда, медициналық жабдықтарды ұсынатын мекемелерге жабдықтың шынайы құнының растамасын ұсынуды міндеттеу бойынша нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу жоспарлануда, бұл медициналық техниканың құнын негізсіз көтеруді жою мен денсаулық сақтау ұйымдарын көбірек қамтуға және Қазақстан бойынша медициналық техникаға қатысты бірыңғай баға орнатуға мүмкіндік береді.
Мұнан бөлек, дұрыс баға орнату үшін медициналық техниканың бірыңғай номенклатурасын жасау жоспарланып отыр. Аталған мәселені талқылау үшін Медициналық бұйымдардың жаһандық халықаралық номенклатура агенттігінің (GMDN) бас атқарушы директоры Марк Васмус мырзамен кездесу өткізілді, оның нәтижесінде біз өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойдық.
GMDN номенклатурасы біздің елдегі барлық медициналық техниканы бір жүйеге келтіруге жағдай жасайды, ол келешекте құрылғыларды түрлеріне қарай жіктеуге және медициналық мекемелерді техниканың жаңаруын сапалы жоспарлауға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
-GMDN деген не екендігін түсіндіріп берсеңіз
GMDN – бұл адамның аурулары мен жарақаттарының диагнозын қою, алдын-алу, бақылау, емдеу немесе жеңілдету үшін пайдаланылатын өнімдер атауының жүйесі, бірақ олардың бәрін топтастыру (жүйелеу) қажет болды. Медициналық бұйымдардың әртүрлі жүйелерін біріктіру үшін Стандарттау жөніндегі еуропалық ұйымның бастамасы бойынша GMDN (Global Medical Device Nomenclature) Халықаралық медициналық бұйымдар номенклатурасын әзірлеу жобасы ашылды.
-Елдегі өңірлерді медициналық техникамен қамтамасыз ету бойынша жағдай қандай?
- Қазақстанның денсаулық сақтау ұйымдарындағы жағдаға қысқаша тоқталайын. 2014 жылы жүргізілген медициналық техниканы түгендеу қорытындысы бойынша медициналық техникамен жабдықтау орташа есеппен 70% құрайтындығы анықталды. Мемлекет бойынша медициналық техниканың тозуы 35 %.
-Денсаулық сақтау ұйымының 2017 жылға техникаға деген қажеттілігі қаншалықты? Құрылғыларды орнату бойынша қандай жоспарларыңыз бар?
- 199 денсаулық сақтау ұйымдары бойынша техника түрлеріне байанысты қажетті техника саны анықталды. 2017 жылға 5 басым бағыт бойынша құны 5-100 миллион теңгені құрайтын медициналық техникаға қажеттілік – 916 бірлік екені белгілі болды және олардың ішінен 406 сараптамадан өтіп, акционерлік қоғам тарапынан мақұлданды.
Жабдықтың үлгісі мен құнын және медициналық техниканы сатып алу шарттарын алдын-ала анықтау мақсатында 75 шетелдік және отандық өндірушілермен, сондай-ақ жабдықтарды сатушылармен келіссөздер жүргізілді. Бұл ретте, барлық 75 компания да медициналық техника лизингі бағдарламасына қатысуға мүдделі екендігін білдірді.
-Медициналық техника тиімді пайдаланылып жатыр ма? Құрылғылардың мақсатына сай қолданылып жатқанын қалай бақылайсыздар?
- Өте жақсы сұрақ. Біз тұрақты негізде аппараттарға мониторинг жасап отырамыз, яғни біздің қызметкерлер денсаулық сақтау ұйымдарына барып, халық үшін қанша қызмет көрсетілгендігін анықтайды. Сондай-ақ, бізде құрылғылар арқылы қанша медициналық қызмет көрсетілгені туралы мәлімет алуға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйеге кіру мүмкіндігі бар. Осылайша, медициналық техниканы пайдалану тиімділігін талдай аламыз және құрлғыларды қолдану тиімділігі артып жатқанын атап өтуге болады. Алайда, біз осы жылы лизингке сатып алынған медициналық техниканың істеп тұрғандығын алшақтан бақылайтын электрондық жүйені енгізгіміз келеді, ол бірыңғай жүйеде медициналық техникаға бақылау жүргізуге, оның сапасын анықтауға мүмкіндік береді.
-Осы жылы лизингке қанша медициналық техниканы орнату жоспарланып отыр?
- Егер өткен жылы акционерлік қоғаммен лизинг шарттарына сай 88 аппарат орнатылса, осы жылы медициналық техниканың 142 бірлігін жеткізу жоспарлануда. Бірақ бұл санның өзгеруі мүмкін екенін айтып қеткен жөн. Мүмкін біз бұдан да көбірек жабдықтарды орнатып үлгерерміз. Олардың көпшілігі Қарағанды және Қызылорда облыстарының денсаулық сақтау ұйымдарында жеткізілетін болады. Өткен жылы лизинг жүйесі арқылы 24 медициналық мекеме жабдықталса, осы жылы 50 аурухананы қамту жоспарлануда.
- Акционерлік қоғам отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетуді қалай жүзеге асыруда?
- Акционерлік қоғам, конкурстық рәсімдерді өткізбей-ақ қаржылық лизингтің үш жақты шартын жасасу арқылы отандық тауар өндірушілерді қолдап келеді, бұл лизинг алушыларға медициналық техниканы алу уақытын әлдеқайда қысқартуға мүмкіндік беретінін айта кеткен жөн.
-Сұхбат соңында денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық техникамен жабдықтау аясында қандай проблемаларды атап өтер едіңіз?
- Медициналық техникамен жабдықтау аясындағы проблемалардың бірі – ол мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің нашар дамығандығы. Оның алдағы уақытта одан әрі дамуы мемлекет бюджетіне түсетін салмақты біршама төмендетпек.
Медициналық техникамен жабдықтау барысында белгіленген төлемге медициналық техниканы пайдаланып, кейін оны сатып алуға мүмкіндік берілетін жүйе ұсынылып отыр. Сондай-ақ, проблемалар қатарына ғимаратты жалға алуға жасалатын шарт мерзімінің қысқа болуы, сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде мемлекеттік тапсырманы орналастырудың мерзімінің жеткіліксіз екенін атап өтуге болады. Мемлекеттік мүлікті жалға алу шартының мерзімі қазіргі таңда 3 жыл ғана. Мемлекеттік тапсырманы орналастыру мерзімі 1 жылды құрайды.
Осыған байланысты, мемлекеттік мүлікті жалға алу шартының мерзімін 5-7 жылға дейін және мемлекеттік тапсырманы орналастыру мерзімін 3 жылға дейін арттыруға қатысты тиісті құжаттарға өзгерістер енгізу бойынша Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жұмыс атқырылып жатыр, бұл жаңашылдықтар ойдағыдай жүзеге асырылса инвесторларды ынталандырар еді.
Денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық техникамен жабдықтауды оңтайландыру мақсатында медициналық мекемелер жабдықтарды тікелей сатушылардан қаржыны бөліп төлеу арқылы алу мүмкіндігін жүзеге асыру мен мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту шеңберінде басқа да механизмдер ұсынылып отыр.
Өз кезегінде, медициналық техника өндірушілері бізді қолдап отыр және мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде байланыс орнатудың әртүрлі жолдарын қарастыруға дайын. Бірқатар медициналық құралдарды өндіруші компаниялармен келіссөздер жүргізілді және нақты уағдаластық бар.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Әлихан Қалиас