Ташкентіңізде тұратын өзбектің өбек мінезді мінәйі жазушысы, сатира сардары, әзілкеш әдебиетшісі, ақжарма аудармашы Насыр Фазыл ағатайым қайбір жылы Президентіміздің Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығын алғалы Алматыға келген. Республика сарайында тапсыру салтанаты болған. Насыр аканың миығын жылы жымиыс түрткен. Сыйлық алмаққа шыққанда. Теледидардан көріп отырмыз. «Ай, айналайын ағамыз бірдеңе ойлап барады-ау», деп күбірлегеніміз сол-ақ екен, Насыр Фазылыңыз оң қалтасынан бәкісін шығарды. Елбасымызға ұсынды. Сый ретінде. Сөйтіп тұрып: «Нұреке, өзіңіз білесіз, бәкі тарту еткенде егесіне ептеп тиын-тебен береді, яғни сатып алады», – деді. Нұрсұлтан Назарбаев қапелімде қалтасын қарағанымен, тиын-сиын таппады. Қасындағы кісілерден алып берген.
Сол сәттегі сәби күлкісі көз алдымыздан кетпейді. Елбасымыздың уыз күлкісі. Қалай сақталған десеңізші. Жарықтық Әсем апамыз айтушы еді. «Ақжүрек, ақжарылқап адамның бала кездегі сәби күлкісі кетпейді. Қалып қояды. Сүт күлкі, сәби күлкі кез келген кісіде кездеспейді», деп.
Тұңғыш Президентіміздің сәби күлкісі, сүт күлкісі қатты қайран қалдырған сонда. Әсем апамыздың әңгімесі ойымызға оралған.
Насыр Фазыл көкемізді шырайлы Шымкент шаһарының темір жол вокзалынан қарсы алғанбыз. Облысымыздың әкімі Өзбекстанның кәтта қаламгері, халық жазушысы Насыр аканы шын пейілмен құттықтап, шапан жапқан. «Нұрекеңнің баладай аңқылдап күлгенін жанынан, тура қасынан көріп, қолын алып байқадым, қандай таза күлкі?! Рахатқа бөлендім!» деді өзбек пен қазақ көркем әдебиеттерінің арасындағы алтын көпір атанған аудармашы-суреткер.
Түс ауа Ташкентке қарай шығарып саларда, оңашада, қайтадан қалжыңқойлығына басып: «Бауырым, Президенттеріңізді бір састырдым, ә? Қалтасында ақшасы жоқ екен ғой», – деді Нәкең. «Насыр көке! Қожанасыр бабамыз екеуіңізге бір сөзді болған жарасады ғой», дейміз біз де қалысқымыз келмей.
Тағы бірде Түркияның тамаша басшысы, тамылжыған мейірім иесі Тұрғұт Өзал Түркістанға келетін болды. Алдымен Шымкент әуежайына ұшақпен жетіп, одан кейін тікұшақпен тартады екен. Облыс әкімі аппаратының ішкі саясат бөліміндеміз. Шымкент әуежайындағы көкорай шалғынға егізқатар киіз үйлер тігілген. Әуелі әуежайыңызға Нұрсұлтан Назарбаевтың ұшағы келіп қонған. Сәлден соң Тұрғұт Өзал жеткен. Өзалыңыз омырауын ашқан күйі арсалаңдай күліп, жанарлары жасаурап, біздің Елбасымызды ентелей келіп құшақтаған. Тұрғұт ағасына асыға ұмтылған Президентіміздің уыз күлкісіне тағы да таңырқағанбыз сонда. Тұрғұт Өзалыңыз анау-мынау ресми райдағы қатқылдау протоколдарға онша мойынсұнбайды екен. Омырауын ашқан күйі, олпы-солпылау жүргендей сезілді. Алыс ауылыңыздағы ақкөңіл ағаңыздан аумайды-ау, аумайды. Ақжарқын, кіршіксіз күлкісі, сүт күлкісі біздің Елбасымыздың сәби күлкісімен керемет келісіп, үйлесіп, екеуінің әзіл-қалжыңдары да жарасып, мәре-сәре болысқан. Сәл салқындау күн кенет жылып жөнелген. Айнала төңіректегі ағаштардың жапырақтары жалт-жұлт етіп, шуаққа оранған. Сәл дөңестеу тұстағы шырын шырыштан шық мөлдірей сырғанаған.
Былтырғы көктемнің соңына таман сіздің тілшіңіз «Егемен Қазақстанның» арнайы тапсырмасымен Алтай өңіріне сапар шеккен. Тасқынның ізімен жүрген. «Қалбатау қарғыны», «Тарбағатай тағылымы», «Алтайымнан айналдым» дегендей мақалалар жазған. Сонда ғой, 187 үйі тасқынға кеткен Жәнтікей ауылының ақжарқын қызы Айгүл Иманғалиева жанындағы қырық жігіттен құралған жасаққа қарап қойып: «Су тасқыны болды екен деп, мойнына су кеткендей көрінер жасық жасақ емеспіз біз. Бұрнағы күні теледидардан Президентіміз сөйледі. Күлімсіреп айтты. Сол сәби күлкісі сенімімізді нығайтты. Бүгін Үкімет басшылары, бір топ депутаттар келе жатыр. Мемлекетіміздің мейірімі мерейімізді тасытып тұр. Тасқынға тосқын деген осы!» – деген жігерленіп. «Алтайымнан айналдым!» деп, Қатонқарағай кентін аралап, жүрек шіркініңіз атқақтап, Бұқтырмадан да бетер бұлқынып, Шыңғыстай ауылындағы Оралхан Бөкей ағамыздың қара шаңырағына да жеткенбіз. Аққайыңдар тербеліп, қарағайлар қалқайып, ғажайып жазушының қоңыр мұңға оранған үйін қоршап тұрыпты. Президенттің күлімсірегендегі келбеті туралы Орағаң да жазып еді-ау. Ертеректе. «Қазақ әдебиеті» газетінде. Тү-у Алтайдың түкпір тұсында Шындығатай мұнартады. Беріректе Аршаты ағараңдайды. Біз Берел қорғаны қазбаларының орнын аралап жүрміз. Осыдан екі мың бес жүз жыл бұрын жерленген сақ көсемінің және бір әйелдің денелері, еті түк те бұзылмаған тұтас жылқы табылған. Келімсектер тонамағанда ғой, талай дүниелер мағлұмданар еді-ау. «Елбасымыз бұл жердің түпкі тарихы, сақ заманы туралы жиі айтады. Бұланты бұлағының бойынан қорық-мұражай салып жатырмыз ғой Президентіміздің қамқорлығымен», – дейді Мұзтауыңызға мізбақпай жете алатын сиректердің бірі Ерен Жұмағұловтай ереніңіз. Ерен батырыңыз да Елбасының ерекше күлкісіне көбірек тоқталған сонда.
Өткен жылыңыздың күзіне қарата айналайын Аралыңыздың айналасын аралап, Көкарал бөгетін көріп қайтқанбыз. Сонда ғой, екінші күннің түс әлетінде сағым арасынан сағыныштай сарғайып, Райым бекінісі көрінген. Сәл әріректен Қамбаш көлі қарауытқан. Қосжардағы балық питомнигіне айдынды көлдің бір шеті тиіп тұрыпты. «Мінекиіңіз, бес жыл бұрын анау айдын үстіне жасалған қалқымада Нұрсұлтан Әбішұлы әңгіме айтып, жанындағылардың бәрін күлдірген. Сонда ше, риясыз риза күлкісі бәрімізді таңдантқан», – деп еді Арал ауданының әкімі Нәжмәдин Мұсабаев мырза.
Жақында ғана Елбасымыз түркі дүниесінің текті төрі Түркістанда болды. Тап жанында, тура қасында отырып, сәби күлкісін, уыз жымиысын, сүт күлкісін және көріп, жылынғандай күй кештік. Түркістан тағылымы. Түркінің текті төрі. Әзірет Сұлтан. Ұлы ұғымдар ұлағаты қашаннан-ақ қасиетті. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз «Өз дініңдегіні дос тұт, өзге діндегіні де дұшпан тұтпа», деген. Көктемгі көкті аялап, бір талын да жұлмаған. Елбасы осы жылғы наурыздың 11-інде облысқа жұмыс сапары аясында Түркістандағы этнографиялық орталықта зиялы қауым өкілдерімен жүздескенде Ясауиге, Абайға көбірек тоқталды. Тәуелсіздіктің жасампаз жиырма жылындағы ғасырға татырлық жетістіктерге, алдағы жиырма жылдың бағдарларына талдау жасады.
Сол 11-ші наурызыңыздың таңертеңгілігі талай жұртты таңырқатқанын айтпасқа болмас, сірә. Күн түнеріңкіреп тұрған. Сұрғылт бұлттар Түркістан аспанын торлап алыпты. Түнде ғана сіркіреп өткен жаңбырдан шаһардың шаңы басылып, кеберсіген кенезесі жібігендей көрінгенімен, ауа райы жуық арада ашылмайтындай еді. Ардагер ақсақалымыз, ақылманымыз Жарылқасын Әзіретбергенов: «Көрерсіңдер де тұрарсыңдар, Елбасы келген кезде күн шуағы шашырап шыға келеді», деді. Шынымен-ақ тап солай болды. Президенттің тікұшағы Түркістанға қонғаннан-ақ Әзірет Сұлтан күмбездерін күн сәулесі аймалай сүйіп, бұлттар ыдырай жөнелген. «Түркістанның 1500 жылдығында да дәл осылай болған» деп таңырқасады жұрт. Иә-иә, 2000 жылғы қоңырқай күз-тұғын. Әзірет Сұлтан кесенесінің қарсы бетінде сан мың адам сапқа тізіліп, Тұңғыш Президентіміз келетін жаққа көз тігеді. Ауа райы тым тымырсық тартып, аспан түнеріп, тұманытып тұратын күндер еді. Той күні де солай-тұғын. Алайда, сәлден соң Ясауи кесенесінің сол жағынан Елбасы көрінді. Жанында тәуелсіздігімізді тұңғыш таныған Түркияның Президенті бар. Кенет күреңкей бұлттар ыдырап, түнерген тұман тез сейіліп, лездің арасында, деп-демде күн күлімдеп, күзіңіз көктемге айналғандай күй кешкенбіз...
Елбасы зиялы қауым өкілдерімен сырласып отыр. Наурыздың шуақты күні күлімдейді. Президент «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша атқарылған ізгі істердің бәрі Тәуелсіздіктің 20 жылдық тойына татымды тарту болғанын тілге тиек етті. Елдегі ерен жетістіктердің мәнісіне тереңірек ой жібермектің, қарапайым адамдарға, жастарға жете ұғындырмақтың маңызына тоқталды. Күллі кең-байтақ Отанымыздағы, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы индустриялық-инновациялық бағдарламаның, әлеуметтік жобалардың жүйелену барысын бағамдады. Зиялылардың бір тобымен бірқатар мәселелер төңірегінде ойласуға келгенін мағлұм етті.
«Мәдени мұра» бағдарламасы аясындағы алуан-алуан айшықты тірліктер турасында, өзге де жағдаяттар жайында алты адам өз ойларын ортаға салды. Жетінші кезек бізге келді. Сөзден. Біз биылғы Жолдаудағы тілге қатысты қанатты қағидаларға екпін түсірдік. Жолдауда тіл туралы арнайы бөлімнің болуы ұлттың рухын көтергені, намысын нығайтқаны рас қой. Бұған дейін де талай-талай тар кезеңдерден, талайлы өткелдерден кемеңгерлікпен жол бастап өткізген Тұңғыш Президентіміз тіл туралы айтудайын айтып-ақ, жағдайды жасаудайын жасап-ақ келеді. Қазақ тілінде 1200 балабақша ашылды. 3900 мектеп тек қана қазақ тілінде білім береді. Елбасы тапсырмасына сәйкес толығымен қазақ тілінде хабар тарататын «Балапан» телеарнасы ашылды. Құдай қаласа, «Қазақстан» телеарнасы да қыркүйектен бастап толығымен қазақ тіліне көшпекші. «Мәдениет» телеарнасы қазақшаға басымырақ көңіл бөлмекші.
Бір-екі ұсыныс та білдірдік. Елбасыға. Мемлекеттік қызметке қабылданатын адамдарға мемлекеттік тілді білу жөніндегі талапты күшейте түскен жөн. «Әлеуметтік маңызды әдебиет» тізімі жасалып, көркем әдебиет кітаптарын шығару едәуір жақсара түсті. Өкінішке қарай, олардың таралымы екі мың дананың айналасында ғана. Оңтүстік Қазақстан облысының өзінде жарты мыңға жуық кітапхана бар. Әлгі тираж республикадағы кітапханалардың өзіне де жетпей қалады. Мектептер кітапханаларын қоспағанда. Шынтуайтында, тілдің құнарын арттыратын да, көркейтетін де – көркем әдебиет.
Айтпақшы, біз сөзімізді былай бастағанбыз: «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Өзіңіз өте жақсы білесіз, Сізді керемет жақсы көріп, теңдессіз тәнті болып өткен, ерліктің, елдіктің жыршысы, махаббат жыршысы атанған халық жазушысы, марқұм Әзілхан Нұршайықов ағамыз осындайда ой-пікірін қағаздан қырағаттай оқып жеткізетін. Пейіште нұры шалқысын. Әзекеңнің әдісін шәкірті ретінде жалғастырып, жазғанымды оқиын деп отырмын». Сөзіміздің соңында «Әз ағамыз шамамен осылай аяқтар еді» дегенбіз. Елбасымыз қайран қаранар қаламгеріміз Әзілхан Нұршайықовты әлсін-әлсін тебірене еске алды. Ақиқатшыл, ақжүрек азамат, тілеуқор абыз болғанын меңзеді. Сәл-пәл мұңая күлімсіреді. Тағы да сәби күлкісін, сүт күлкісін көріп қайран қалдық. Тағы да Әсем апамыздың әңгімесі ойымызға оралды.
Қорытынды сөзінде тіл мәселесіне толығырақ тоқталды. Қазақтың кең-байтақ даласы мен тауларының түкпір-түкпіріне дейін диалект жоқтығын, тіліміздің байлығын, құнар-қуатын мақтан тұта әңгімеледі. Сонымен қатар, терминдер тәржімасындағы толып жатқан олқылықтарды, орынсыз аудармаларды өткір сынап өтті. Қазақ тілі грамматикасын, орфоэпиясы мен орфографиясын қайта қарау, жетілдіру, жаңарту мен тазарту керектігіне, осы орайда, асықпай латын қарпіне көшуді де ойластыру қажеттігіне назар аударды. Ғылымда, білімде, технологияда, әдебиеттің өзінде таңғаларлықтай жаңалықтар, тың тыныстар көбірек болса, олар қазақ тілінде жазылса, қазақтың тілін өзгелер өздігінен-ақ оқыр еді деп армандайтынын айтты.
Тарихты терең ұғынбақтың, түп-тамырымызды, тегімізді танып-танытпақтың, әсіресе, жастарды тәлімдеудегі тиісті мақсат-мұраттардың жүйеге түспей келе жатқанына қынжылыс білдірді. Дін тазалығы, Ясауи мен Абай хакім ілімдері хақында толғана келе құнды-құнды пікірлер түйіндеді. Тіпті талас-тартыс тудырып жүрген хиджаб пен тұмшалана орамал тарту жағдаяттарына дейін ойын ашық білдірді. «Біздің қазақ қыздары мен әйелдері ешқашан пәренжі кимеген, жүзін жасырмаған. Мамандық алып, тұрмысқа шыққандар өздері білер, ал мектептерде, өзге де оқу орындарында жас қыздардың тұмшалана орамал тартып, хиджаб киюіне мен мүлде қарсымын», – деді. Бұрыннан-ақ жақсы танитын Жарылқасын Әзіретбергенов ағамызбен емен-жарқын әзілдескенде ше, тағы да сол сәби күлкісін көрдік.
Әңгіме-дүкен аса әсерлі болды. Түркістандай текті төрдегі тағылым қашан да қымбат қой, шіркін.
Сайлаудың алдында, тиісті бір топтың құрамында Төле би, Сайрам және Түлкібас аудандарын аралағанбыз. Төле би ауданында тебіреністі сөздерді естіп толқыдық. Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі Бегайым Ибрагимова: «Нұрқанат деген ұлым Нью-Йоркте студент, Гүлнұр дейтін қызым Пенсильванияда магистрант. Екеуі де «Болашақ» бағдарламасының игілігіне бөленіп жүр. Қарапайым ауыл мұғалімдеріміз, осылай ойлап па едік?! Нұрсұлтан ағамыздың нұры демей, не дейік?!» – дейді. Зейнеткер Светлана Хоменко: «Қазақ, орыс, украин, түрік, өзбек – Леңгір қаласындағы барлық ұлттар өкілдері бір отбасы сияқтымыз. Жиырма жылдың ішінде қиындықтарды да, қуаныштарды да бірге көрдік. Енді кез келген асуларды алатынымызға сенемін, – дейді нық сеніммен. – Президентіміз айтқандай бірлік болса, бәрі жемісті болады».
Сайрамдағы өзбек апамыз Нышаной Умарова да осындай ой толғады. «Қарабұлақ қыстағында қырық мыңдай өзбек тұрады. Әр отбасымызда оншақты перзент бар. Тапқанымыз бала-шағамызға бұйырсын. Елбасымыз жүз жасасын», – дейді ардақты ана.
Сайлаудан кейін Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, ҰҒА академигі Уәлихан Бишімбаевқа жолығып қалғанбыз. «Біздің университетте Нұрсұлтан есімді 128 студент оқиды, олардың тең жартысы алғаш рет дауыс берді. Мінеки, мұның өзі де көп нәрсені аңғартады. Айтпақшы, бізде КВН ұжымы бар. Олар КВН дегенді былай түсіндірді. Бүгін. «КВН – Казахстан вечно независим», «КВН – Казахи – великий народ», «КВН – Казахстан выбрал Назарбаева!» Мінеки-мінеки, көрдіңіздер ме?!» «Мінеки!» деп сөйлегені атақты академикке жарасып-ақ тұрыпты.
Иә, сайлаудың ертеңіне сіздің тілшіңіз Сәуле Рысбаеваға да жолыққан. Құндыз деген әжесі құстың келгеніне қуанып, сырлы қасықпен су құятын Сәуле ғой. Мектепті үздік бітіргенімен, кеңестік кезеңде кәсіптік-техникалық училище тәмамдаған. Тағдыры қиындау болған қазақ қызы. Еңбектен ерінбеген. Бертінгі заманда, нарық тұсында қатты қиналып, өз ізденісімен жол тапқан Тараздың танымал кәсіпкер келіншегі. Сәуле сайлаудың ертеңіне бүй деді: «Екі мың бесінші жылы, тап осындай сәуір айы еді. Елбасымыз Таразға келді. Облыс кәсіпкерлері бірлесіп көрме ұйымдастырдық. Өзіміздің өнімдерден. Мақтанғанымыз емес, полиграфиялық дүниелердің бәрі біздің «Рысбаева және К» ЖШС-ныкі еді. Президентіміз көрмені аралап келе жатып, біздің тұсымызға тоқтады. Құттықтау және шақыру қағаздары, дипломдар мен грамоталар, куәліктер, күнпарақтар, этикеткалар – бәрі ұлттық ою-өрнектермен нақышталған. Ең бастысы, әрине, мемлекеттік рәміздер. «Осының бәрін өздерің жасайсыңдар ма, жақсы екен», – деді үлкен кісі. «Нұрсұлтан Әбішұлы, біздің бірінші тоқсандағы көрсеткіштеріміздің жоғары болуына Сіздің ерекше қосқан үлесіңіз бар», – дедім. Әзілқойлығым ұстап кетіп. Елбасының жанындағы ресми адамдар бұл сөзімді жақтырмай, түнере қарасты. Ал, Президентіміз: «Ол қандай үлес?» – деп сұрады мейірлене күлімдеп. «Сіз келетін болған соң біздің ЖШС-ға тапсырыс еселеп артты, өнімдерді еселеп шығардық», – дедім. Елбасымыз рахаттана күлді. Баладай таза күлкісімен».
Әнекиіңіз, Сәулеңіз де осылай дейді.
Біздің ойымызға Әсем апамыздың айтқаны оралады. Көз алдымызға Елбасының кәдімгі уыз күлкісі келеді.
Сәби күлкісі сақталған кісі. Менің Президентім. Сіздің Президентіңіз. Баршамыздың Елбасымыз.
Мархабат БАЙҒҰТ.